20 ақпан күні таңғы уақытта 2013 жылы дүниеге келген Нұрәли Оразбаев пен Ерхан Анас Байқоңыр қаласындағы «Маяк» спорт кешенінен белгісіз бағытқа қарай кетіп, үйлеріне қайта оралмаған.
Жоғалған балаларды іздеуге Ресейдің Ішкі істер басқармасы, Қазақстан Ішкі істер министрлігінің Байқоңыр қаласындағы өкілдері, еріктілер шықты. Оларға Қызылорда қаласынан сүңгуірлер көмекке барды. 21 ақпанда Сырдария өзенінің арнасын тікұшақпен қосымша тексеру жұмыстары жүзеге асырылды. Облыс орталығынан құрамында кинолог маманы бар 8 адамнан тұратын іздестіру тобы оқиға орнына қосымша аттанды.
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова аталған жұмыстарға бақылау жүргізу мақсатында Байқоңырға келіп, оқиға барысын тікелей өз назарында ұстады. Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгинмен кездесті және құқық қорғау, төтенше жағдайлар саласы мамандары, мектеп директорларының қатысуымен басқосу өткізіп, онда балалардың қауіпсіздігін сақтау мәселесі жан-жақты таразыланды. Ата-аналар арасында түсіндіру шараларын кеңінен жүргізуді міндеттеді.
Сырдария өзенін тікұшақпен бақылау барысында Ерхан Анастың денесі табылып, сүңгуірлер өзен жағасына шығарған. Облыс әкімі оның ата-анасымен арнайы кездесіп, қайғысына ортақтасып, көңіл айтты.
Аймақ басшысы Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында оқиға барысын баяндап, тиісті сала мамандарымен бірге оған 400-ге тарта волонтер тартылғанын айтып ата-аналарды балалары үшін ерекше мұқият болуға шақырды.
– Жоғалған екінші баланы өзеннен және қала ішінен іздеп жатырмыз. Кинология саласының мамандары өзен жағалауымен іздеу жүргізуде. Алайда, нәтиже бермей тұр. Жұмыс жалғаса береді, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Саид Молдақараев кешегі өткен брифингте.
Іздеу шараларына 267 адам, 29 бірлік техника, 1 тікұшақ жұмылдырылған.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<