Әбіш Кекілбайұлының лирикалық поэзиясы

2395

0

Қазақ әдебиетінің тарихында қазақ поэзиясының  ерекше дәуірлеген кезеңі өткен ғасырдың 60-жылдарына тура келеді. Бұл жағдайдың басты себебі 1956 жылғы СОКП ХХ съезінде жасаған Н.Хрущевтің баяндамасынан кейін «жылымық» аталған жылдардағы КСРО құрамындағы ұлттар мен ұлыстардың әдебиеті, өнеріне шығармашылық еркіндік берілуі еді. Қазақ әдебиеті мен өнерінде де ерекше өрлеу, даму үрдістері болды. Заман, қоғам шындықтарын тереңнен толғап, ашып суреттеген кемел тарихи романдардың, сондай-ақ күрделі күрмеуге, шытырман шиеленіске толы драмалардың алғашқы легінің жарияланып, қоғамда үлкен дүмпу туғызған уақыттары осы кезеңге тура келді.
Қазақ поэзиясында да жаңарулар мен жаңғырулар, мазмұндық, түрлік жаңалықты сипаттар осы уақыттарда ерекше байқалды. Әсіресе, қазақ ли­рикалық поэзиясындағы соны серпін, өзгеше өрлеу жауыннан кейінгі көк­тей дүр ете қалып, көзге ерекше көрінді. Осы жылдардан бастап қазақ өлеңінің филосо­фиялық тереңдігі арта бастады. Поэзияның уақытпен үндестігі – публицистикалық сипаты молайды, ақындарымыз мазмұн, түр жаңалықтарына жиі барды, әде­биетіміз, өлеңіміз ұлттық дәстүрге бірыңғай бет бұрды. Өздерінің шы­ғармаларымен қазақ әдебиетінің та­рихынан мәңгілікке орын алып қана қоймай, оның ілгерілеуіне, дамуына айрықша үлес қосқан бір топ талант­тар шоғыры – Қ.Мырза-Әлі, Т.Мол­дағалиев, С.Жиенбаев, Ж.Нә­­жі­ме­денов, Ф.Оңғарсынова және тағы бас­қалар әдебиетке осы уақытта келді. Осылардың бел ор­та­сында Әбіш Кекіл­байұлының есімін атасақ, ар­тық болмас еді. Өйткені оның да әде­­биетке өлеңмен, поэзиямен кел­ген уақыты осы жылдарға тура келді. Ә.Кекілбайұлының алғашқы өлең­дерінен бастап, бүкіл поэзиясына дендеп қарағанымызда оның саңлақ су­реткерлігі, асқан ақындық қа­білет-қарымы сол кездің өзін­де-ақ ерекше байқалғаны. Бұл бі­рін­шіден, екіншіден егер кейіннен Ә.Ке­кілбайұлы проза мен драмаға ден қойып кетпей, бі­рыңғай поэзиямен айналысқанда оның ұлы ақын боларына ешқандай кү­мән жоқ еді. Айтқандарымыздың шын­дығын оның өлеңдерімен дә­лелдеуге болады.
Жалпы лирикалық поэзияның күші суреттілігінде яғни ақынның сөзбен сурет сала алуына байланысты дер болсақ, Ә.Кекілбайұлының алғашқы өлеңдерінің өзі бұл қалыпты айрықша танытады. Ақынның «Туған жер» (1959) деп аталатын өлеңінде:
«Өстім, қырда, қиырда,
Естімей орман шуылын.
Жүзімді қақтап құйынға
Селеудің тыңдап суылын.
Теңізден шетпін бұрқақты,
Тәнімді толқын көмбеді.
Сусай қалсам, су тарттым
Шыңыраудан шөлдегі.
Тақырға асық иірдім,
Құмақта қудым қозыны.
Күн жеп қойған киімнің
Иықта кеткен тозығы»
Өлеңнің лирикалық кейіпкері өзі туралы айтып отыр. Өлеңде өмір­баян­дық дерек бар. Бірақ бұл жай сөз емес, табиғат суретіне, пейзажға сүйенген сөз және бір ғажабы қолмен қойғандай, анық, дәл, әсерлі және әдемі сөздер. Осы жерде суреткерлік қабілет, ақындық талант, оның өзіндік ерекшелігі мен даралығы төңірегінде бір көш әңгіме айтуға болар еді. Өлең шумақтары субъектіленген, сезімге суарылған, табиғат суреті, бөлшегі, құбылысы бұл жерде екінші орында, фон ретінде ғана алынған.
Өлеңді бастанаяқ оқып болға­нымызда алған бірінші әсер ақынның көңіл-күйіне, айтпағына табиғат су­реті-пейзаждың әсем үйлесіп, өле­ңнің  құрғақ сөзге емес, сезімге суарылған табиғат суретіне малынып тұруы арқылы оқырманды жіпсіз байлауы мен баурауы. Екінші әсер бұл өлең кім-кімнің болса да туған жерін еске түсіреді, сағыныш сезіміне бөлейді. Осылайша өлең мақсатына жетті, бітті. Нағыз өлең, ұлы суреткерлер ғана дүниеге әкелетін көркем шығармалар осылай болса керек-ті
Әдебиеттанушылар өлеңдегі ли­ри­­калық кейіпкердің автобиогра­фия­лық және автопсихологиялық си­пат­ты болып келетінін айтады. «Туған жердегі» автобиографиялық сипат бай­қағанымыздай, жалаң өмірбаян емес, өмірдің барша сұлу­лығын кере­мет­тей табиғат суреті арқылы тама­шалата алатын жанды, суретті өмір­баян болғандықтан кез келген оқыр­манды толқытады, тебірентеді. Ә.Ке­кілбайұлының, бір ғажабы, ұлы суреткерлік қыры осы табиғат та­қырыбына жазылған ал­ғашқы өлең­дерінен-ақ тайға таңба басқандай анық танылды дейтініміз сондықтан. «Алматыда, күздікүні, бульварда» (1959) деп аталатын өлеңінен үзінді:
Теректер де жұлдырыпты кекілді,
Тауда тұман тастан тасқа секірді.
Күз жауыны тарсылдайды
жер шұқып,
Жем іздеген жетім шөже секілді.
Сабапты жел қайыңды
көк жоса қып,
Жайратыпты қызыл гүлді
қоса атып.
Сар жапырақ тұра бермей бұтақта
Жатыр орнын жаңа бүрге босатып.
Өлеңнен байқағанымыз – көзбен көр­­генді суретке, өлеңге айнал­ды­­ру­дағы дәлдік, шеберлік. Осы дәл­дік арқылы өлеңнің шынайылығы бай­қалып қана қоймайды, сұлу суреттен туған сұлу сезім терең ойға жетелейді. Өлеңде табиғат суреті, оның детальдары бәрі де жанды, тірі адам­ға айналып кеткен. Өмірде бәрі өт­кін­ші, мәңгілік еш нәрсе жоқ екен. Күздің келуі арқылы ақын осы өмір заңдылығын тағы бір еске түсіреді. Суреткерлік қарым-қабілеттің күш­тілігі сондай, сөзбен сурет салу мен табиғат суретіне ынтықтыру арқылы жан-жүрегімізді сұлу сезімге бауратады. Нәтижесінде күзбен бірге ордалы ойға келеміз. Аса дарынды суреткердің алғашқы туындыларының өзінде осындай қымбат қасиеттер бар еді. Өлең өнеріміздің философиялық терең­ді­­гінің артуы дегеніміз, осылайша, Ә.Кекілбайұлы сияқты сирек талант­тарымыздың алғашқы өлеңде­рінде-ақ жүзеге асқан болатын.
Ұлы Абай «Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар» деді-ау. Ә.Кекілбайұлы болса, жас кезінің өзінде-ақ:
«Махаббат деген – ақырет,
Тыңдата ма, бірақ, қыз.
Бәйгеден жүрек аты кеп,
Қызығын көрдік бір-ақ күз.
Мен өкінбей қайтейін.
Жүректі қайғы даты жеп,
Қапаста қалдым шырақсыз.
Қас пен көздей жақын ек,
Жер мен көктей жырақпыз».
Мен өкінбей қайтейін (1960), – деп жазды.
Әдебиеттанушылар әлемдік әде­биеттануда «медитативті» лирика деп атап жүрген өлеңдердің үздік үлгісі – бұл. Қазақ әдебиетінде Ұлы Абай, Мағжан мен Қ.Аманжоловтан кейін «медитативті» лирикалық үлгілер жаңа бір сатыға, сапаға көтеріліп, әлемдік әдебиет деңгейінде 1960 жылдардан бастап көріне бастаса, осы сипат, үрдіс Ә.Кекілбайұлының алғашқы өлеңдерінен байқалды. Жо­ғарыдағы өлеңді махаббат лирикасы деп өте шығуға бола ма?! Жоқ, әрине! Бұл – ақынның ішкі жан дүниесінің толғанысы, тебіренісі, сезім-сырлары, өз-өзіне сараптама жасай отырып, толғануы. Бұндай жай-күйдің әрқай­сысымыздың ба­сы­мызда болып қалуы әбден мүм­кін ғой. Ұлы ақын өзі туралы айтса, бәріміз, халық туралы айтқаны (В.Белинский). Лирикалық кейіп­кер­дің сезімі неғұрлым терең жырланса, одан туатын ой да соғұрлым биік, әсерлі, ықпалды болатынына жоғарыдағы өлеңдерді мысалға келтіруге болады.
Философиялық тереңдік дегенде астарлы сезімнің терең тағылымды ойға құрылуын және ойдың қарама-қарсы ұғымдардың салыстырылып, салғастырылып берілуі арқылы ай­тылмақ сыр мен сезімді ұштай, өт­кірлей түсуін айтамыз. Бұндай өлеңдердегі ой мен сезім кейде ұғымдардың  салыстырылуы арқылы берілсе, кейде бір-біріне қарсы қойы­лып та бейнеленеді. Мысалы, «қас пен көздей жақын ек, жер мен көктей жырақпыз» деген сияқтылар. Әдетте өлеңді жіктеп-жіліктегенде философиялық өлең деп топтастырып жатамыз. Шын мәнісінде тек ойдан ғана тұратын өлең болуы мүмкін емес қой. Егер өлең бірыңғай ойдан тұрса, ол өлең емес, трактат болған болар еді. Өлеңде ой мен сезім бір-бірімен астасып, астарласып қос­өрім беріліп отырады. Сезімнің  сирек сарабдалдығы мен терең ойшыл­дық­тың қабысуы арқылы дүниеге келетін өлеңдердің қазақ поэзиясында 60-жылдардан бергі уақытта кең етек алғанын айтсақ, осы үрдістің басында Ә.Кекілбайұлы, Қ.Мырза-Әлі шығармаларының тұрғанын жасыра алмас едік.
«Медитативті» лирикалық поэ­зияның үлгілерінде лирикалық кейіп­кер үнінің басым болатыны түсінікті, бірақ лирикалық кейіпкердің өлең өміріндегі өрісі, айталық, толыққанды әдеби бейнеге айналуы не айналмауы, сондай-ақ, тұлға деңгейіне көтерілуі не көтерілмеуі дегендердің әр ақын шығармашылығында әртүрлі болатынын айтсақ, шындықтың ауылынан алыс кетпейтініміз ақиқат. Мәселен, Ә.Кекілбайұлы жарыққа шығарған соңғы өлеңдерде лирикалық кейіпкер үнінің күрделеніп, жан-жақтылық таныта бастағаны, толысқан, сом­далған лирикалық бейненің тұлғаға айналғаны танылады. Бұл да, әри­не, ақындық қуатқа, таланттың қа­ым-қабілетіне тікелей байланыс­ты. Ә.Кекілбайұлының «Далиған, қай­ран, далам-ай» деп басталатын өлеңі – осы айтқандарымыздың дәлелі. Жалпы даланың қазақ поэзиясында символдық бейнеге айналғаны қашан, ақындарымыз даланы жырласа, қазақ деп қабылдайтынымызға көп болған. Ә.Кекілбайұлының даласы да көзге ыстық, көңілге жақын, жылы.
«Далиған, қайран, далам-ай,
Жиылмайды-ау етек-жең,
Аңғал өскен баладай
Құқай көрмей бөтеннен», –
деп басталатын өлеңде қазақ халқы­ның мінезі, әдет-ғұрпы, салт-сана­сы кеңінен жырланады. Кеңдік, кең­пейілділік, қонақжайлылық, мей­ман­­­достық, аңқаулық, аңғал­дық, сен­гіштік, ақындық пен ақынжан­ды­лық т.б. қасиеттеріміз өлеңде әдемі өрнек­телген. Осы өлеңнің соңы:
«Аңырайған сол аузың,
Аңқаюмен өте ме,
Нұқығаны заманның
Аз болды ма шекеңе» делініп аяқталса, Қ.Мырза-Әлінің бір өлеңі де:
«Аңқау халық екенбіз ғой
біз деген,
Астындағы атын алты ай іздеген,
Әттең бабам маңдайынан
аққан сор
Ақырғысы басымырақ жатқан соң» делініп аяқталады. Бұл екі ойшыл ақынның қазақ болмы­сын жырлаудағы ұқсастығы ғана емес, ой түйіндеулері мен тұжы­рым­дау­ларының бірлігі де. Ә.Кекіл­бай­ұлының лирикалық кейіп­ке­рінің ұлт болмысы, халық тари­хы мен тағ­­дыры, жаратылыс, дүниета­ным мә­се­лелері туралы толғануы – заң­дылық. Өйткені ол – тегеу­рін­ділігі терең те­ңіздей талант иесі. Оның лирикалық кейіпкерінің интел­лек­туалдық дә­ре­жесі өте биік, жан-жақты­лығымен ерекшеленеді. Бұл айтқан­дарымызбен Ә.Кекілбайұлы қазақ поэзиясына терең ойлылық, дидактика-философиялық сарындар әкелген ақын болды деп қорытын­дылаймыз.
Дана адамдар өмірдің ақырынан түңілген. «Моласындай бақсының, жалғыз қалдым тап шыным». Бұл Абайдың зары болса, дана Әбіш Кекілбайұлы:
«Сырласарға қара жоқ,
Мұңдасарға дара жоқ,
Жыртылар ма екен бұл жүрек
Бір күні пара-пара боп.
Қастың ғайбат сөзі өтті,
Дос бопсасы мезі етті.
Өңмеңдеген өкініш,
Өртеп барады өзекті.
Елеуредім ел деп мен,
Желеңдедім жер деп мен.
Тіл үшін тартпай тілімді,
Сайыстым сансыз жендетпен.
Елең қылмай ел мені,
Жерге тықпақ жер мені.
Тілдеп жатыр тіл шіркін,
Сонда неге сенгенмін».
Бұл түңілуде, біздіңше, басқа­лардың ойын қозғайтын өміршеңдік сипат бар. Лирикалық кейіпкердің таусыла айтқан сыры мен ернеуінен асып-төгілгендей сұлу сезімі, кім-кімді де бейжай қалдырмасы анық. Ә.Кекілбайұлының кейіндеу жарық көрген өлеңдеріндегі қазыналы құ­пия­ның беті әлі де ашыла түсер деген ойдамыз. Өйткені олар әде­биеттануда әлі де болса толық зерттеліп, зерделене қойған жоқ.
Ә.Кекілбайұлының қазақ поэзиясында, өлеңінде бұрыннан бар дәстүрді ілгерілетуші, дамытушы болғанына дәлелдер көп.
«Жазғы күн шапағын,
Өшірді. Түн келді.
 Қап-қара жамылып,
Дүние бүркенді.
Алыстан жарқырап,
Көк айдын көлбейді,
Қорқақ ши қалтырап,
Қоға бас тербейді»
Кезектес ұйқаспен беріліп, 6 буыннан құралған, 40 жолдан тұратын осы табиғат лирикасында қазақ поэ­зиясы үшін дәстүрлі жыр үлгісінің элементтері, ұлы Абай дәстүрі бірге қауышып, жаңа бір үндестік тапқан. Бұл өлең де – табиғат суреті-пейзажға жан бітіре суреттеудің ерекше үлгісі.
«Қаратауды қапталдаған
қара жолдың бойында,
Жаңбыр жауса, су қалқыған
ақ тақырдың ойында.
Қақырайған қара нардай қайқы
өркеш биік тұр,
Жаңа түріп жібергендей
бас бұйдасын мойынға».
Бұл қазақ поэзиясы үшін дәстүрлі қара өлең үлгісінде жазылған өлең, бірақ өлеңнің әр жолы 11 буыннан емес, 15 буыннан тұрады. Бұндай сипаттың саналы түрде істелген әрекет болуы өз алдына, ол екінші жағынан ақынның даралығын, стилін де айғақтайды.
«Әлділер де туыпты,
Әлсіздер де туыпты.
Әлін білмес әлектер,
Әр дауды бір қуыпты» (1999). Осылай басталатын өлең 6 шумақтан тұрады. Ұйқасы қара өлеңге келге­німен, бұның буын саны 11 емес, 7.
Соңғы жылдары жазған өлең­де­рінде эпикалық қуат, айрықша ақын­дық темпера­мент байқалды. Бұл си­паттың кез­дейсоқ құбылыс емесі түсінікті әри­не. Біріншіден осы уақыт­тарда Ә.Ке­кілбайұлы қаламынан не бір ғажайып эпикалық дүниелер, әң­гімелер, повестер, романдар дүниеге келді, яғни ол аса дарынды прозаик жазушы екенін дәлелдеп үлгірген еді.
Ә.Кекілбайұлы қаламынан туған күрделі драмалық дүниелер де – осы жылдардың туындылары. Сондықтан өткен ғасырдың 90-жылдарындағы өлеңдерінде эпи­ка­лық, драмалық си­паттардың болуы заң­дылық. Бұндай да­му үдерістері, яғни, әдебиет тектерінің бір-бірімен жымдасуы, жақындасуы, бір-бірінің заңдылықтарын өз бойларына қа­былдай бастауы ХХ ғасырдың соңғы ширегіндегі әлем әдебиетіне тән жағдай болатын. Әдебиет пен өнер­дің өз заңдылықтарына сәйкес стихиялы түрде осылайша дамуы – күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан құбылыс.
Ә.Кекілбайұлының «Түс пен жору» (1999) деп аталатын өлеңі:
«Алпы­сыншы жылдар.
Жазушылар Одағы.
Үшінші қабат үйдегі
Сол жақ қанат.
«Қазақ әдебиеті».
Қоңыржай бөлме түптегі.
Алпамса ақын.
Талдырмаш сыншы.
Тамақ үсті. Түс кезі.
Екеуара әңгіме.
Сөйлеген бала.
Тыңдаған жігіт.
Көлгірсіген ешкім жоқ» делініп, 75 жолға созылған. Өлеңнің әр жолы 19-20, кейде 21-23 буыннан құралады. Мазмұны лирикалық кейіпкердің, яки ақынның қазақ поэзиясының дарынды өкілі М.Мақатаевқа түсін айтуына, жорытуына құрылған. Өлеңде әңгіме элементі яғни эпикалық сипат басым. Көлемді, ұзақ, әр жолы 19 буыннан кем емес бұндай өлеңдердің де қазақ әдебиетіндегі бастауы сол 60-жылдардан тамыр тартады. Т.Ай­бергеновтің «Аруана бауыр дүние», «Сағыныш» деп аталатын өлеңдері тым ұзақтығына, әр жолының кемі 19 буыннан тұратынына қара­мастан, оқырмандардың ыстық ықы­ласына бөленгені белгілі. Кейін­нен бұл дәстүр М.Шаханов шы­ғар­машылығында жал­ғасты. Ә.Ке­кіл­байұлының 90-жылдар­дың аяғында жазылған «Түс пен жору» сияқты бірнеше өлеңдері осы дәстүрді жалғастырып ғана қойған жоқ, дамытты, тереңдетті. Өлең-жырдағы эпи­калық қуаттылық  әде­биетіміздің ұлттық дәстүріне сыйымды құбылыс болғандықтан, түптеп келгенде бұндай жағдай қазақ өлеңінің ұлттық дәстүрге бет бұрып, дамудың даңғыл жолында келе жатқанын да дәлелдейді.
Ә.Кекілбайұлының осы жылдар­дағы жазған өлеңдеріндегі тағы бір ерекшелік – қанасына сыймай, ағылып-төгілген, асып-тасқан сөз нөпіріне, нөсеріне толы болуы.
Мысалы:
«Қалайсың» дейді қиылып,
«Отырмын» деймін бұйығып.
Барады жүрек жиі ұрып,
барады сабыр сұйылып.
«Бері кел» дейді қысылып,
«Жарайды» деймін түңіліп.
Түндігін үйдің түсіріп,
зәремді түн ұшырып,
Есігін зорға тапқаным,
ентігіп зорға аттадым.
Босағадан аспадым,
төрге қарай баспадым,
Түрінің көріп аппағын,
сұсының көріп қашқанын.
Немене болып қалды деп,
қаралай әбден сасқаным.
Жалма-жан оған ұмтылдым,
«жолама» деп жұлқынды,
Тежеп-тентек құлқынды,
кеуде тұсым бұлқынды.
Томпайтып алып ұртымды,
бере алмай қызға сыртымды
Томсырайып мен тұрдым,
тымсырайып ол тұрды.
Осындай экспрессивті түрде баяндалатын ұзақ-ұзақ шумақтардың не бір асыл сөздерге, бейнелерге, бейнелілікке толы болып келіп оты­руы Ә.Кекілбайұлының ақын­дық, су­­реткерлік қырының ерекше си­паты күйінде қазақ поэзиясы­ның соқталы мазмұны болып әр уақыт қала бермек. Көріп отырға­нымыз­дай, жоғарыдағыдай өлең­дер­де дра­малық сипат – сұхбат, әң­гіме эле­мент­тері де бар. Бұның бар­лығы ақынның шығар­машы­лы­ғының сан қырлылығын, күр­де­лілігін көрсетеді және аса  талантты ақынымыздың жазғандары арқылы жалпы қазақ поэзиясының үнемі даму үстінде келе жатқанын дәлелдейді. Төгіліп тұрған сезім мен ортаймайтын ой ағынын құйылып тұрған асыл сөздер арқылы бере отырып, өлең нысанындағы адам, зат, құбылыстың бәрін де үздіксіз қозғалысқа түсіру, сөйте отырып қоршаған орта, әлем барлығына жан бітіре суреттеу – бұл енді ақын Ә.Кекілбайұлына тән стиль болатын.
Көріп отырғанымыздай, Ә.Кекіл­байұлының ақындығы туралы айт­қандағы есімізде болуы тиіс бір нәрсе – оның жоғарыда мысалға алын­ған өлеңдеріндегі жаңа леп, үн, қарқын. Өлеңдегі ұлы Абай дәс­түрін, лирикалық поэзияның әлем­дік тәжірибесін толық әрі терең мең­герген ақын тыңнан түрен салғандай қазақ өлеңіне жаңа бір эксперимент жасап көргісі келген сыңайлы. Жоғарыдағыдай өлең­дер лирикалық поэзияның клас­си­калық анықтамасына тура келе бер­ме­генімен, бізге өте таныс, жат емес, жақын. Бұл жерде ақын қазақ поэзиясындағы дәстүрлі жыр үлгісін жаңғыртып, жаңартып бұ­ларға лирикалық сарын қосып, өзіндік жол салғысы келгендей кө­рінеді. Қалай болғанда да бұл стиль әдебиетіміздің, өлеңіміздің ұлт­тық дәстүріне бөтен емес. Соны сер­пін, аса қуатты ақындық темпе­ра­мент, эпикалық құлаш, Құрман­ғазының күй­леріндегідей дауылды, асқақ қалып, төгіліп-құйылып тұратын нөсер жаң­бырдай сұлу сөздердің тасқыны – бұлар ақын Ә.Кекілбайұлының бітім-болмы­сын­дағы ерекше қырлар. Жалпы өнерпаздың стилі туралы айтқанда оның табиғи бітім-болмысын  бірінші кезекте есте ұстауымыз керек-ақ. Сон­дықтан ақын Ә.Кекілбайұлы, жа­зушы Ә.Кекілбайұлы, драматург Ә.Ке­кілбайұлы дегендердің алдында адам Ә.Кекілбайұлы тұрғанына ден қойсақ, Алла тағаланың Ә.Кекілбайұлын бас­қалардан артық жаратқанына ешкім таласа қоймас.
Бағдат КӘРІБОЗҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы,
профессор.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<