Мен сендермен қоштасамын…

2569

0

Бұл жайлы көптен бері ойлап жүргенмін. Өмірімнің соңында бүкіл адамзатқа назымды хат арқылы жеткізгім келді. Енді міне, сол сәттің орайы келіп тұр.

Осы өмірге келгелі ешкімнен мейірім-шапағат көрмедім. Бір адам маңдайымнан сипап, еркелетпепті. Құдайым-ау, мен де біреудің махаббатына лайықпын ғой. Ешкім мені жақсы көрмесе, мені не үшін жараттың Құдай? Адамдардың жасаған жақсылығымды бағаламайтынын біле тұра, мені не үшін жер бетіне жібердің? Олар менен тұра қашатындай қандай күнә жасап қойдым?

«Көзге көрінбесем де» әркімге бір көзге шыққан сүйелдеймін. Жұрттың бәріне жексұрын болдым. Әйтеуір, бәрі менің өлгенімді күтіп жүр. Бәрі мені «барсакелмеске» апарып тастағысы келеді. Былтыр бір композитор мені мазақтап, «кет, кет» деген ән шығарды. Онысы тағы хит боп кетті. Қайда барсам да адамдардың бәрі мені қарғап, өлгенімді тілейді. «Құдай мынаның бәлесінен аулақ», «Атың өшкір, көбеймегір!», Тұқымың жайылмасын!» деп қарғайды. Мені күні-түні қарғағанша, қайта оларға көп нәрсені ұғындырғаныма рақмет айтпай ма? Тым құрығанда біреуі менің жер бетіне келгеніме қуанбай ма?

Тіпті, бар ғой осы кезге дейін адамдарға жасаған жақсылығымды санасам, саусағым жетпей қала ма деп қорқамын.

Біріншіден, пенделерге әке-анасының, бауырының, жақынының, туысының қадірін ұқтырдым.

Екіншіден, денсаулықтың қадірін түсіндірдім.

Үшіншіден, денсаулық сақтау, білім беру саласындағы былықтардың бетін ашып бердім. Қоғамның «сыздауығын жардым».

Төртіншіден, жүйедегілерге дұрыс жұмыс жасау керектігін түсіндірдім.

Бесіншіден, мәйітханалардан марқұмдарды шығарарда олардың жақындарына «өмірге келгенің де, кеткенің де» ақша екенін ұқтырдым.

Алтыншыдан, қызметке алданып, өздерін мәңгі өлместей сезінетін пасықтарды сабасына түсірдім.

Жетіншіден, Аллаға шүкір етуді білмейтіндердің нәпсісін сындырдым.

Сегізіншіден, қиындықтың артында жеңіс те, жеңіліс те болуы мүмкін екеніне пенделердің көзін жеткіздім.

«Ақша, ақша» деп «өзін ұмытып кеткендерді» төрт қабырғаға қамап қойдым. Отбасы берекесін сезіндірдім. Не істесем де, бұларға жақпай қойдым. Ақыры жақсылықты түсінбейді екенсіңдер! Мен сендермен қоштасамын! Енді мені көрмейсіңдер! «Байғұстың өмірі қысқа болды, жастай кетті. Өзі кәрі-жас, бай-кедей деп адам алаламайтын. Бәріне бірдей жұғатын» деп мені әлі-ақ естеріңе аларсыңдар…

Басқа «ауруларды спокойны» қабылдағанда мені тоқалдан туған ауру қылдыңдар! Ренжідім сендерге!

Қарғау мен мысқылдауды «ғылыми дәрежеде» меңгерген екенсіңдер!

Монолог авторы: коронавирус.

Шапағат СЕРДӘЛІ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<