Көкшетауда тұрғын үй ауласында 52 жастағы әйелді қағып өлтірген жүргізушінің көлік басқаруға ешқандай құқығы болмағаны белгілі болды. Ақмола облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, күдікті бұған дейін жүргізушілерді даярлау курсынан өтпеген және куәлік алмаған, деп хабарлайды Qaz365.kz
Аталған факті бойынша бірден екі қылмыстық іс қозғалды. Тікелей апатқа себепші болған әйелге қатысты «Жол қозғалысы ережелерін бұзу, абайсызда адам өліміне әкеп соғу» бабы бойынша тергеу жүріп жатыр. Сондай-ақ көлік иесі – оның жұбайына қатысты да қылмыстық іс ашылды. Ол көлікті басқару құқығы жоқ адамға тізгінді бергені үшін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
11 мамырда Көкшетау қаласының мамандандырылған тергеу соты күдіктіге қатысты «үйқамақ» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда, іс барысы облыстық ПД басшылығының жеке бақылауына алынды.
Еске сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде жол талғамайтын көліктің бұрылыста әйел адамды қағып, басып өткен видеосы тараған болатын. Қайғылы оқиға салдарынан 12 жасар бала жетім қалды.






