Сыр имамдары арасында дәстүрлі «Теңбіл доп – 2026» турнирі өтті

5

0

Фото: Ақмешіт Сырдария мешіті

Қызылорда қаласында кіші футболдан облыстық турнир өтті. Наман ата атындағы спорт кешенінде ұйымдастырылған «Теңбіл доп – 2026» атты Сыр имамдарының жолдастық кездесуі жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.

Турнирдің басты мақсаты – дін қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын насихаттау, өзара ауызбіршілік пен бауырмалдықты нығайту, спорт арқылы достық қарым-қатынасты арттыру.

Дәстүрлі додаға барлығы 8 команда қатысты. Атап айтқанда, облыстық «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешіті, қала мешіттерінен құралған команда, сондай-ақ Арал, Қазалы, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандары мен Қармақшы және Жалағаш аудандарының біріккен командалары өзара бақ сынады.

Сыр имамдары арасында дәстүрлі «Теңбіл доп – 2026» турнирі өтті

Тартысты өткен жарыс қорытындысында І орынды Жаңақорған ауданының командасы жеңіп алса, ІІ орынды қала мешіттерінен құралған команда иеленді. Ал ІІІ орын облыстық «Ақмешіт-Сырдария» командасына бұйырды.

Сондай-ақ турнир барысында бірқатар ойыншылар арнайы номинациялармен марапатталды. Қызылорда қалалық мешіттерінің аяқдоп шебері Айдос Шәкібек «Үздік шабуылшы» атанса, жаңақорғандық Қайсар Болатов «Үздік қақпашы» номинациясын иеленді. Ал «Ақмешіт-Сырдария» командасының мүшесі Айсұлтан Әбдікемал «Үздік қорғаушы» деп танылды.

Жеңімпаз командалар мен қатысушыларды облыстың бас имамы Дастан Құрманбаев арнайы марапаттап, дипломдар мен қаржылай сыйлықтарды табыс етті.

Айта кетейік, биылғы турнирді Қызылорда қаласындағы мешіттер бірлесе ұйымдастырды.

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі