Бүгін аудан әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен кезекті мәжіліс өтті. Күн тәртібінде көктемгі егіс жұмыстарының барысы қаралды.
Жиында аудан бойынша 2026 жылғы егіс көлемін орналастыру, су жеткізу, жүгері егу жоспарының орындалуы, су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары қаралды.
Аудан басшысы: «Біздің аудан үшін егін егу жұмыстарының маңыздылығы өте жоғары», – деп көктемгі дала жұмыстарының сапалы әрі уақытылы орындалуы басты міндет екенін атап өтті.
Биыл аудан бойынша 24 057 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланып отыр. Оның ішінде күріш көлемі 10 700 гектарды құрайды. Мәжілісте су тапшылығына байланысты күріш көлемін азайтып, суды аз қажет ететін дақылдар, әсіресе жүгері көлемін ұлғайту қажеттігі айтылды. Осы бағытта Жандос Еркінбек аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөліміне бұл жұмыстың кемшіліксіз орындалуын тапсырды.
Сонымен қатар тұрғындардың бақша өнімдерін егу жұмыстары қаралды. Осыған байланысты тұрғындарға жер дайындау, техника және су жеткізу жұмыстарын үйлестіру міндеттелді.
Сондай-ақ егін шаруашылығындағы ең өзекті мәселенің бірі – аяқ су жеткізу. Жиында су арналарының жағдайы және биылғы су көлемі талқыланып, жауапты сала басшыларына тапсырмалар берілді.
Мәжіліс қорытындысында тиісті бөлімдер мен кент және ауылдық округтерге белгіленген жоспарға сәйкес жүгері егу жұмысының толық орындалуын қамтамасыз етуді, суды аз қажет ететін жаңа технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстарды жандандыру және басқа да қажетті жұмыстарды сапалы атқару жүктелді.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі






