«Шөмішкөлдің» шамшырағы

511

0

– Сізде, Тарғын Әбілдаев туралы дерек бар ма?
– Әбілдаев  дейсіз бе? «Шөмішкөлдік» звено жетекшісі ме?
– Иә, иә… Кезінде балықшылардың  звеносын басқарған, әрі депутат, әрі аупарткомның мүшесі болған, аса белсенді азамат еді…
– Тұра қал, архивімді ақтарайын…
Үйдегі архивімнен мына плакат шыға келді. Еске түсе кетті. «Ее, 1986 жылдың тамыз айында Қасқақұлан ауылдық кеңесі атқару комитетінің тапсырысымен Тарғын Әбілдаевтың депутаттық іс-тәжірибесіне арнап № 2-Арал аудандық баспаханасынан арнайы плакат жарық көріпті. Енді сол  плакат сөзіне құлақ түрейік.

***

Жергілікті Советтердің өткен сайлауында ауылдық Советтің қатарынан төрт рет депутат болған Тарғын Әбілдаевқа сайлаушылар көптен бері шешілмей жүрген мәселені аманат етіп тапсырды.
– Ауыл болған соң тұрмыстық қызмет көрсететін цех қажет.

Бұрынғы көне монша ескірді, құлау алдында тұр. Соны күрделі жондеуден өткізу керек.  Жаңадан салынса тіпті де дұрыс болар еді, – деді сайлаушылыр өз қалаулысы Тарғынға.

Тарғын Әбілдаевтың өзі «Шөмішкөл» учаскесіндегі бес балық аулау звеносының бірін басқарады. Және социалистік жарыстың жеңімпазы атанып, жарыс көшін бастап, алғы сапта келеді. Қыста «Қамбаш» көлінен балық аулаған олар жаз шығысымен ауылдан жырақ «Балқаш» көліне, «Ырғыз» бассейініне су маржандарын сүзуге аттанады. Жалпы, ауылда болулары аз. Міне, соған қарамай ол сайлаушылар аманатын орындауды әсте ұмытпайды. Әуелі тұрмыстық қызмет көрсететін цех пен моншаның қалай салынатыны жөнінде учаске басшыларымен, қоғамдық ұйымдармен және ауылдық Советі атқару комитетімен ақылдасты. Сонан соң құрылыс материалдары «Аралрыбпром» өндірістік бірлестігі арқылы жеткізілді. Құрылысшылар ауылдан-ақ табылды. Жартылай құрылыс материалдары, атап айтқанда, қамыс, балшық ауылдан іздестірілді. Сөйтіп екі айдан астам уақытта Тарғынның сайлаушылардан алған аманаты орындалды. Мұның өзі оның ауылдағы және әріптестері арасындағы беделін өсірді.
Жақында ол өзінің округіндегі сайлаушылар алдында есеп берді. Ауылдан жүз адамдық спорт алаңын және жеке үй салушыларға құрылыс материалдарына көмектесу қажеттігі айтылды. Бұл мәселе де тиісті орындар арқылы шешімін тапты. Қазірдің өзінде «Шөмішкөл» учаскесінен үш жеке қожалық үй тұрғызды. Бұған  Қамбаш жұмысшылар кооперациясы арқылы алған құрылыс материалдарын пайдаланылды.
Тарғын Әбілдаев 1949 жылы осы ауылда дүниеге келді. Оның әкесі Әбілда Әлімов, шешесі Айша Әлімова алғашқы колхоздардың ұйымдастырушысы болды. Көп жылдар бойы ауданның балық шаруашылығын дамытуға үлес қосып, тер төкті.

«Әке көрген оқ жонар» демекші, Тарғын орта мектепті бітірген соң 1968 жылдан бастап ата кәсібін жалғастырып, балықшы қайығына отырды. Кішкентайынан балықшы ауылында өскен Тарғынды аға балықшылар да, теңіз айдыны да жатырқаған жоқ. Алғашқы айлардан бастап-ақ теңіз айдынынан мол олжамен оралып жүрді. Аға балықшылардың тәжірибесін үйрене жүріп, өзі де балық аулауда мол тәжірибе жинақтай бастады. Коллективтің қоғамдық өміріне белсене араласу, үнемі ізденіп, білімін көтеру оның күнделікті ісіне айналды.

Осындай еңбекке қызу құштарлықпен араласқан жас жігіт партия ұйымының назарына ілікті. Кезекті бір партия жиналысыда оның КПСС қатарына өтуге берген арызы талқыланғанда партия мүшелері бір ауыздан мақұлдады. Бұл 1972 жыл болатын. Партия мүшелігіне өту Тарғынға үлкен жауапкершілік жүктеп, еңбекте озат атанумен бірге коллективтің қоғамдық өміріне бұрынғыдан да белсене араласуды міндеттеді. Әсіресе, партия мен үкіметтің қаулы-қарарларын көпшілікке жеткізу, халықтың әл-ауқатын жақсарту саясатын түсіндіру, міне, Тарғынның басты назарында осылар болды.
Балықты көшіп аулаудың өзіндік қиындығы бар. Онда да уақытша қоғамдық ұйымдар құрылуы керек. Мұны Тарғын жете сезініп, депутаттар тобын құрды. Депутат тобы шалғайда еңбек еткен балышқыларға мәдени-тұрмыстық қызмет көрсетуге ықпал жасаумен бірге, олардан ұйымшылдықпен жұмыс істеуді, іскерлікті талап етеді. Ал, бұл түптеп келгенде звеноның ғана емес, бүкіл бригадалық міндеттерді шешуді қамтамасыз етеді. Өйткені, Тарғын Әбілдаев басқарған жылым звеносы басқалардың да өнімді еңбек етуіне, табыстан-табысқа жетуіне белгілі дәрежеде көмектеседі.
Оны мына цифрлардан айқын аңғаруға болады. «Шөмішкөл» учаскесінің балықшылары онбірінші бесжылдықта 19 975 центнер орнына 21 319 центнер балық аулады. Сөйтіп, «Қаратерең» балық заводы бойынша социалистік жарыстың жеңімпазы атанып, бірнеше жыл қатарынан заводтың ауыспалы Қызыл туын қолдарынан шығарған жоқ.
Ал Тарғынның өзі басқаратын жылымшылар бригадасы бесжылдық ішінде 4994 центнер орнына 5335 центнер балық аулап, жарыстасы Сағындық Жұбанышовтан көп ілгері озды. Бұл қол жеткен табыстары жоғары бағаланып 10 рет социалистік жарыстың жеңімпазы, Бесжылдықтың жас гвардиясы значоктарын омырауына тақты. 1985 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Грамотасымен, Қазақ ССР кәсіподақтар Советінің Құрмет грамотасымен наградталды.
1978 жылдан бері аудандық партия комитетінің мүшесі болып сайанған ол ауданның қоғамдық өміріне де белсене қатысты. Арал ауданының экономикасын әлеуметтік жағдайын көтеру жайлы пікір айтып, бірнеше рет шығып сөйледі. Әрине, мұның басым көпшілігі балық шаруашылығын жайында еді. Әсіресе, тоғанды балық шаруашылығы дамыту, құрғап қалған көлдерді суландыру, оған құнды балықтарды жерсіндіру және қосалқы шаруашылық мәселелері болатын-ды.
«Шөмішкөл» елді мекені аудан орталығынан жырақ жатқан шағын ауыл. Бірақ халықтың тіршілік етуіне толық мүмкіндік бар. Ірі елді мекендерден қашық емес. Есіктің алдында «Шөмішкөл» және Сырдария өзені жатыр. Балық аулауға және оны қолдан өсіруге, қосалқы шаруаны да тындыруға толық негізі бар. Тек ауыл басшыларының, ауылдық Совет пен оның депутаттарының іскерлігі, икемділігі  қажет-ақ. Жасыратыны жоқ, ауыл басшыларымен сөзге келген де кезіміз болды. Міне, сондай сын, өзара-сын нәтежесінде клуб, кітапхана, монша, тұрмыстық қызмет көрсету үйі, сегіз жылдық мектепке қосымша төрт класс бөлмесі, аулау құралын сақтайтын қойма, ауылдық Советтің кеңсесі, бірнеше еңселі де көрікті тұрғын үйлер салынды. Фельшерлік пункт, байланыс үйі де мінсіз қызмет көрсетуде. Өнеркәсіп және азық-түлік товарларын сақтайтын магазиннің қызыметі де ілгеріллей түсті, – деді ол бізбен әңгімесінде.
Ол  елді мекенді көркейту мен көгалдандыруға да көңіл бөледі. Соңғы үш жылдан бері жыл сайын жүз түп әртүрлі саялы ағаштар егілді.  Оның өсуі қадағаланып, «Саялы  баққа» ауыл атануымызға  ұйтқы болды.

   Онекінші бесжылдықты да олар табысты бастады. Бесжылдықтың беташар жылында учаске 19990 центнер балық аулады. 500 тонна қауын-қарбыз өсірді. 100 мың бау қамыс дайындалды. Міне, мұнда Т.Әбілдаев звеносының да үлесі мол. Звено мүшелерінен Қ.Қошуақов, О.Сафуанов, Т.Райымбердиев, Б.Сатыбаев және Т.Ысмайловтардың есімі айрықша аталады.

***

Міне, осыдан отыз төрт жыл бұрын, яғни 1986 жылы мың данамен тараған плакат сыры қысқа қайырғанда осы.

Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,
дербес зейнеткер.
Арал қаласы.
Суретте: Т.Әбілдаев және плакат көшірмесі.
(Қарт журналистің  архивінен).

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<