Тоғжан тағдыры (баллада)

3152

0

Кертаудың ат байладым аршасына,


Сәлем де Тобықтының баршасына…

Тоғжан сұлудың өлеңі.


Махаббат ол – ну орман, жыныс қалың,


Құдды жолы илеуі құмырсқаның.


Кірсең оған күмәнсіз адасасың,


Бір сәт дауа таппайды тыныш жаның.

Махаббат – жыр.


Мақамын үйретті әр жан,


Құшағында өртеніп, күйрепті арман.


Бірін-бірі шын сүйген қос ғашықтың,


Қосылуы тіпті де сирек болған.

Махаббатты аз ба адам еткен мұрат,


Өте алмайсың оп-оңай өткел сұрап.


Бұл сапарда адаспай мұратына,


Бейне ертегі сияқты жеткен бірақ.

Мұңын, зарын біле ме, мына текті ел?!


Ғашық жайы ертегі сірә, көпке ол.

Сүйгендерді әрдайым сүріндіріп,


Алдарында тайғанақ тұрады өткел…


Көңіл шіркін соны ойлап ортаяды,


Жастық өтіп жан біткен қартаяды.


Баяғыда сүрді өмір Тоғжан кемпір,


Сәмбі талдан қолында бар таяғы.

Хан қызындай өсірген пүлішке орап,


Құс болыпты кезінде күміс қанат.


Тоқсан жасқа таяпты Тоғжан ана,


Қуғын-сүргін жылдары қырыс қабақ.

Тосқан өмір арқасын азабына,


Тоғжан аты танымал қазағыма.


Қыз кезінде көз сүзген Абай түгіл,


Қызыққандай Ай мен Күн ажарына.

Өткен күннің баршасы бұл күні елес,


Өшірмепті жадынан жұртын ол еш.


Тоқсандағы сол әжей Абай сүйген,


Тоғжан еді дейді жұрт.


Мүмкін емес?!

Құлақ түрмей қалайша жұрт тұра алар,


Көкейіне емес бұл тіпті қонар.


«Абай сүйген сол Тоғжан осы…» деген,


Газетке де кезінде шықты хабар.

Бәрі мүмкін болатын бұл өмірде,


Әжім ізі әдемі тұр өңінде.

Абай атын сақтапты сары майдай,


Тоқсан асқан сол Тоғжан жүрегінде.

…Өмір қақты ілгері өр қанатын,


Абай аты бұл шақта жер жаратын.


Осы кезде жар болған өзге жанға,


Тоғжан сұлу кәдімгі сол болатын.

Дүние сонан қанша рет дүркіреді,


Ұмыттырды уақыт мүмкін оны.


Жүз жасаған кейуана жүрегінің,


Түкпірінде өйткені Абай жазған,


Оттай маздап сонау бір жыр тұр еді…

Тағдыры да болыпты талайлы оның,


Талдырыпты сұм өмір талай белін.


Өксіп-өксіп жылапты Әуезовтің,


Баласы оқып бергенде «Абай жолын».

Сонан біраз келген соң өзді-өзіне,


Бір сәт ұшқын ұялап көздеріне,


Отырыпты оңаша ой жіберіп,


Жас Абаймен танысқан кездеріне…

…Жұпар шашқан Жидебай жидесі гүл,


Екеуіне жұмақтай бейне осы бір.


Толқып тұрды Тоғжан қыз құшағында,


Бозбала Абай.


Танғанша сүйді есі бұл…

Абай, Тоғжан татқандай балдан шырын,


Ағытыпты армансыз алуан сырын.


…Сайрап жатыр алдымда


Абай ақын,

Сара жолы әнекей, салған бүгін.

Келмейді енді уақыт көшіп кері,


Атастырып кезінен бесіктегі,


Қыз әкесі Сүйіндік құда түскен,

Баласына бір байдың қосыпты оны…

Өле-өлгенше көзіне қоныпты мұң,


Тағдырына талайлы жолықты күн.


Әлгі өлеңді торыққан Тоғжан кемпір,


Ел-жұртына жолдапты Тобықтының.

Қалың еді қазақтың соры неткен,


Ғашықтарын жылатқан… еңіреткен…


Қыз Жібектей…


Баяндай…

Еңліктей…

Тоғжан қыз да ішқұса болып өткен.

Тоғжан сұлу несі айып еңіресе,

Абай ақын болатын теңі кеше.

Сүйгеніне мүлдем аз қосылғандар,

Ойлағаның болмайды көбінесе.

Ғашықтар аз далада тапқан теңін,

Дала заңы айырған әттең, көбін.

Бесігінен қоспаса, беу махаббат,

Абай, Тоғжан сезімін сақтар ма едің?!

Тағдырына тұрғанмен қасқая тым,

Махаббатың өшірген жастай отын.

Бұған мысал болады Қозы-Баян,

Қосылмаған Қорланға Естай ақын.

Ойға түсе ол жайлы береді енді,

Ақан сері жылатқан өлеңі елді.

Ақтоты мен Қыз Жібек тағдыры ше,

Қодар неге өлтірді Төлегенді?!

Ой жібердім осылай тым әріге,

Махаббатың жетеді мұңы әлі де.

Зар жылатқан Кебек пен Еңлікті,


Замананың заңы сол кінәлі ме?!

«Махаббат жоқ» дегенге досым алаң,


Мұратына жетеді жасымаған.


Ұлы Абай да ішқұса болған болса,


Сүйгеніме мен қайтіп қосыла алам?!

Махаббатсыз дүние бөтен маған,

Өткелінен ендеше өтем бе аман?!

Арманда өткен ғашықтар аз емес қой,

Арманына Абай да жете алмаған…

…Өткен өмір.

Бүгінде ол да бөтен.

Өлең атты түсті Абай жолға бекем.

…Абай сүйген бірақ та Тоғжан қыздың,

Міне, осылай тағдыры болған екен.

Толыбай АБЫЛАЕВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<