«Ол – жаңаша ойлау дүниесінің өрені. Менің пайымдауымша, мұндай өзгеше мән-мазмұнға ие ақын бүгінге дейін күллі Азия әдебиетінде болған жоқ»
Шыңғыс Айтматов
Мұхтар деген киелі есімге адалдық
Мұхтар Шахановтың «Мені неге Мұхтар қойған?» атты өлеңінде шілдеханаға жиналғандардан төрде отырған бір кісінің жаңа туған нәрестеге Мұхтар деген киелі есімді қимағандай әжуалы күлкімен «Жаман иттің атын Бөрібасар қояды» деген сыңайдағы қылжағына, әкесінің:
– Ұлым, сенен сұранам,
Тірлігіңде бой көрсетпе жырадан.
Ұлым, мені таба қылма мынаған,
Қыран болсаң кеңістік көп қайда да, – деген тілеуі Мұхтардың құлағына ат қою рәсімінде айтылған азан сөздерімен бірге сүйегіне имандай сіңісті болған. Бала Мұхтар азамат боп жетілді. Мұхтар Шаханов деген есім оқшау ойлы ақындығымен елді елең еткізді. Бабалар дәуірінен мұра боп қалған ғибратты тәмсілдерді жырларына арқау етті. Ғасырларды безбендеп ұлттық санамызды жаңғыртты. Өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап бүгінге дейінгі бірнеше буын ұрпақты қайсарлыққа, өрлікке, ерлікке, еркіндікке, азаттыққа ұйыстыратын рухты жырларымен поэзия көгінде қырандай самғады. Буырқанып-бұрсанып үлкен шабытпен өз жырларын жатқа айтып тыңдармандарға ғажайып сәттер сыйлады, түркі жұртының асыл перзентіне айналды.
– Менің тұңғыш кітабым басылғанда,
Үміт оты алдымнан шашылғанда.
Анам байғұс шаттықтан жарылардай,
Жыртық ескі кебісін сүйрелектеп,
Көршілерге жүгірді күйбелектеп.
Сосын үнсіз тұрды да ойға қалып,
Үйренбеген әлі де тойға барып.
Менің титтей елеусіз кітабымды,
Ұлы томның қасына қойды апарып.
Сол титтей кітаптан басталған шығармашылық дарын туған жерге деген махаббаттан, ұлтына деген сүйіспеншіліктен ғибратқа, батырлыққа толы аңыз-әпсаналардың жауһарларын санасына сіңіріп толысқан, кемелдіктен кемеңгерлікке ұласқан құйма талант Мұхтар Шаханов деген болмысы бөлек, дүлей ақын дәрежесіне көтерілді. Оның «Төрт ана», «Махаббатты қорғау», «Өркениеттің адасуы», «Жазагер жады космоформуласы», «Құз басындағы аңшының зары», «Отырардың қаһармандығы немесе жеңілген жеңімпаз туралы дастан» атты ұлтымыздың рухын көтерген, өрлікке, ерлікке тәрбиелеген алдаспан жырлары ұлы томдардың қатарынан орын алды. Мұхтарлар әлемінің алыбына айналды.
«Абай ақын бір басқа, Мұхтар басқа, Мен де досым, ендеше басқа болам» деуі Мұхтардың ата-бабаларының аманатын мойнына алуы, ұлттық болмыстан ажырап бара жатқан өскелең ұрпақтың санасы биік рухты болып жетілуін мақсат еткен ұлты алдындағы серті еді. Иә, Мұхтар басқаша болды. Күллі түркі жұртын әнмен тербеді. Күллі Түркі жұртын қуатты жырмен тербеді.
Ақын досы Төлеген Айбергеновше таңды сағынышпен қарсы алып, күнді сағынышпен батырды.
– Сағынумен күн кешем мен ертеңді,
Сүйіп өтем өлгенше кең өлкемді.
Заманымнан алғанша үлесімді,
Тоқтатпаймын тағдырмен күресімді.
Мұхтар деген – киелі ат, марқұм әкем
Маған тегін қоймаған бұл есімді.
Мені осынау сенімнен айырма, Отан! – деп халқын жанындай, таза арындай һәм тарынбай сүйді. Мұхтар деген есімге барынша адал болды, кірлетпеді, дақ түсірмеді, шаң жуытпады. Қазақ даласын кең құшағына сыйғызды. Отанына, халқына арқа сүйеді. «Қастарыма күшімді пайымдатам» деп қайраттанды. «Өзім қанша мықтыны мойындадым. Енді өзімді соларға мойындатам!» деп аузынан жалын атты. Мұхтардың асқақ, биік пафоспен айтылған сөздері өзімшілдік емес немесе жастық балғын шақтың албырт сезімге құрылған үндеуі де, көп арманның бірі – ұраны да емес. Нық азаматтық сеніммен өзіне міндет артуы, «Мені неге Мұхтар қойған?» атты жырымен болашақ өмірінің бағдарын жасағандай көрем.
Отырар қаһармандығына ескерткіш
«Отырардың қаһармандығы немесе жеңілген жеңімпаз туралы дастанда» Шыңғыс хан 200 мың әскерімен Отырар қамалын алты ай бойы соққылағанымен қамалды бұза алмады, халқын бағындыра алмады. Шыңғыс хан қанасына сыймай буырқанды:
– Даңқың қайда төске өрлеген?
Екi жүз мың әскерменен
Алты ай бойы кiп-кiшкентай
Отырарды ала алмау,
Алты ай бойы Отырардың осал тұсын
таба алмау –
Ойы – дауыл, сезiмi – аспан,
Тек жеңiспен көзiн ашқан
Менiң алғыр ұрпағымның сүйегiне
зор таңба,
Намысыма сызат түстi мына сенiң арқаңда, – деп Шыңғыс хан Шағатайға оқты көзін қадады.
Шағатай:
– Бiрақ, әке, жүргенiм жоқ аянып,
…Қанша үмiтiм желге ұшты,
Қанша әскерiм жер құшты.
Дала жатыр қызыл қанға боялып,
Егep бүкпей, баяндасам шындықты,
Рухы – өр,
Тәнi – бекем,
Бұл бip қайсар халық екен,
Tipлiктен де артық қойған бiрлiктi.
Әкесі ұлына бала кезінде айтқан: мыңмен жалғыз шайқасқанда қылыш кеспейтін, найзаның ұшы өтпейтін, садақ оғы дарымайтын, шаршап-шалдығып арымайтын алып батырдың оқ өтетін бармақтай осал жерін қасындағы бұғып жүрген досының сатқындығы арқылы біліп, сан мыңдаған әскер жеңе алмаған әлгі батырдың опат болатыны жайлы аңызды есіне салды.
Шағатай айлаға көшті. Туған топырақтан нәр алмаған, ауасымен дем алмаған бір міскіннің сатқындығынан қамал қақпасы ашылды.
– Алты ай бойы ерлiк салтқа төрiн
берген Отырар,
Алты ай бойғы алапатта жeңiлмeгeн
Отырар
Алты-ақ күнде жермен-жексен
қирады.
Ақыл-ойын жалындатқан,
Өнер, ғылым шамын жаққан
Ұлы қала Азияның маңдайына
сыймады.
Безбүйрек жау сәбилердi,
шал-шауқанды, кемпiрдi,
Tiптi жүктi әйелдiң де iшiн жарып
өлтiрдi.
Шыңғыс хан «еркек кіндіктіден тірі жан қалдырмаймын» дегенде Қайыр хан:
– Қателестiң, қалады!
Жұма бұрын шеткi Елшi қақпадан
Жүзiн жалын қақтаған
Мен құтқарып жiбердiм бip баланы…
Қашып шыққан сол баладан тараған ұрпақтан ақын боп, батыр боп:
– Оян, Қайыр бабатайым, қасиеттім,
қымбаттым!
Сан алапат тасырдан соң,
Тасыр дауыл басылған соң,
Жеті жарым ғасырдан соң,
…Сол ұрпақтан шыққан ақын мен болам – деп, ұсақталмайтын, ұсақтауға көнбейтін, жаратылысынан ірі, жаны солдаттың керзі етігіндей сірі, ақиқатты айтып арқыраған, тау суындай тасқындап сарқыраған, жани түссе жайнай түскен асылдай, жарық дүниенің есігін айқара ашып Отырар топырағында найзағайдай жасын Мұхтар келді! Рухты шығармаларымен бірге оның асқақ үні әлемнің елу шақты еліне тарады.
«Топырағыңды басқаным – тау асқаным» деген қағидатты ұстанған Мұхтар 150 мыңдай опат болған Отырар жауынгерлерінің ашу-кегі мен ызасы сіңген топыраққа табан тіреп, жерден қуат алған Гераклге дес бермеген Антейдей алыпқа айналып, жер бетіндегі зұлымдыққа өшпенділіктен, өжеттікпен, намысқа суарылған жігермен Махамбет сынды күрескер боп қалыптасты. Аты аңызға айналды. Тау асып Эверест шыңын бағындырды. Қайыр хан бабасының: – «Отырардың жанқиярық ерлігін жыр ететін, әттең ақын қалмады-ау» деген өкінішінің орнын толтырды. Дастанда Шыңғыс хан мен Шағатай боп, Қайыр хан бабасы боп сегіз ғасыр бұрынғы дәуір тілімен қаһарман қала Отырар халқының рухани тынысын, қайсар болмысын көз алдымызға келтіріп, «Отырар қаһармандығы» атты жырмен жазылған ескерткіш орнатты. Мұхтар өзі қаһарман болмаса қаһармандық жыр тумас еді.
Өз сөзімен айтсам:
– Есі кіргенше,
Жер қадірін,
Ел қадірін білгенше,
Ең бастысы тіл қадірін білгенше,
Алғашқы әнтек қылығына
Өзі ұялып күлгенше,
Өзін туған өлкенің ауасын көкірек кере жұтып, жұпарымен дем алып, Ақсу мен Қасқасудың тұма бұлағынан қанып ішті. Туған жерге тамырын байлап тылсым сырын ұқты, теңіз кешіп, тау басына шықты. (Қадыр Мырза Әли) Таудан биіктік, теңізден тереңдік, даладан кеңдік тапты. Мұхтар осы үш ұлы қасиетті бойына жинады, ой түйді, көкжиегін кеңейтті.
Расул Ғамзатовтың «Ақын Мұхтар Шаханов – өзінің сергелдең заманының сергек ар-ожданы», дегеніне сай алтынға, атаққа сатылмайтын, жанды жаратылыс иесіне тән сескену деген сезімнен ада, отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын ертегілердегі батырлардай көз алдымызда биіктей берді, биіктей берді. Руханият кеңістігінде құрыштан құйғандай сом тұлғасы қалыптасты. Өзі айтқандай дұшпанның да мықтысын таңдап алды.
«Мұхтар Шахановты мен ХХ ғасырдың соңғы белесінде қазақ халқы дүниеге келтірген айрықша құбылыс деп танимын».
Сафуан Шаймерденов
Желтоқсан көтерілісі
немесе Мұхтардың
қаһармандығы
1989 жылы Мәскеуде, Кремльдің Съездер сарайында өткен КСРО Халық депутаттарының бірінші съезінде бүкіл елді елең еткізген оқиға болды. Ол депутат Мұхтар Шахановтың Желтоқсан мәселесін көтеруі еді. Михаил Горбачевті «Арал тағдыры, экология туралы сөйлеймін» деп сендіріп, мінберге шығуға үш минутқа рұқсат алып, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің шындығын жайып салғанда, залдағылардың есі шығып кетті.
Сонда Мұхтар Шахановтың сөйлеген сөзі (ықшамдалып алынды) дүр сілкіндірді.
«Мен республикада қалыптасқан өткір жағдайды ескере отырып, әлеуметтік алауыздықтың тағы да өршуіне жол бермеу үшін, Қазақстаннан сайланған 19 халық депутатының атынан келесі мәлімдемені жасағым келеді.
…Демонстранттар арасында құрбан болғандардың саны әлі де көпшіліктен жасырылып отыр. Толық емес мәліметтер бойынша, 2 мыңға жуық адам қамауға алынды. Олардың көпшілігі ұзақ мерзімге сотталды. Мыңдаған адам оқу орындарынан шығарылып, жұмыстан қуылды. Саяси дайындығы жоқ жүздеген жас жігіттер мен қыздардың өмірінің мәңгілікке күл-паршасы шықты.
Осыған байланысты біз Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы туралы шындықты анықтау үшін түрлі өңірлер мен ұлттардың атынан өкілдік ететін халық депутаттарынан комиссия құруды сұраймыз.
…Орталық комитеттің қаулысында «Желтоқсан оқиғасы қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деп көрсетілген. 5 мың адамды, 10 мың адамды, 100 мың адамды ұлтшыл деуге болар, бірақ бүкіл қазақ халқын ұлтшыл деп кінәлауға болмайды ғой. Қазақ ұлтшылдығы деген сөз – бүкіл қазақ халқына тағылған айып. Біз халыққа жабылған ауыр әрі лайықсыз айыпты алып тастап, әділеттілікті қалпына келтіруді сұраймыз.
Төралқаға сайлаушылардың, оның ішінде республиканың белгілі жазушылары, ғалымдары мен жастары қол қойған хатты тапсыруға рұқсат етіңіздер»
Съезд сессияларын теледидардан тікелей эфирде Кеңес Одағының миллиондаған азаматтары көріп отырды.
Енді көз алдыңызға елестете беріңіз. Мұхтар Шаханов осы қаһармандығымен КСРО басшылығының ғана емес, күллі Кеңес жүйесінің озбырлығын әлем елдері алдында жайып салып масқара етті. Оның бұл әрекеті неміс-фашист басқыншыларының оқ боратып тұрған дотын кеудесімен жапқанмен бірдей қаһармандық болатын. Оны өлтіріп жіберуі де мүмкін еді. Бір сұхбатында Мұхаң: «Түнде, мезгілсіз уақытта бөлмеме телефон соғып, «ертеңге қалмаңыз, сізге қастандық жасалады» деп ескертті. КСРО Халық депутатының кез келген уақытта, көліктің кез келген түріне мініп жүре беру құқын пайдаланып, жедел жиналдым, Түркияға билет алдым да ұшып кеттім» деген.
Иә, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін қазаққа ұлтшыл деген айып тағылып жаппай қудалау, оқудан, жұмыстан шығару, еркін ойлы азаматтарды тұншықтыру белең алды. Екі жарым жыл дауыстап сөйлеуден де қалып, жасық мінезбен, жалтақ күн кешіп жүргенде Мұхтар Шахановқа күллі қазақ арқа сүйеді. Сондықтан да Қасым Қайсенов «Ел ерге, ер жерге қараған сын сағаттарда, басын бәйгеге тігіп, ұлтымызды әділетсіздіктен қорғап қалды» деп отыр.
Біртуар тұлға, азаматтығы мықты академик Рымғали Нұрғалиев: «Мұхтар Шахановтың осы ерлігінен кейін, оның қойының кезегіне баруға дайынмын» деген.
Біз Мұхтар Шахановтың қойының кезегіне бармақ түгілі өршіл, рухты, жасампаз, қазақ ұлтын әділетсіздіктен арашалаған, өзінің жырларындағы аңыз кейіпкерлерінен бір пәске де төмендемеген қаһарман, қайталанбас ақынның шығармашылық кездесулеріне баруға жасқанып жүрдік. Неге?! Өйткені, ақын жағында, батыр жағында болғаннан.
1989 жылы жоғарыда айтқан жайттан кейін Мұхтардың аты аспандады, даңқы жер жарды. КСРО Президенті М.Горбачевке айтып Желтоқсан оқиғасын тергейтін және баға беретін комиссия құрғызды, өзі оның тең төрағасы болды. Мықтылардан жасақталған комиссия Желтоқсан көтерілісінің қанды сипат алуына кінәлі 44 адамды тізіп көрсетті. Комиссия құпия құжаттарды ашып, 8 мыңнан астам адамның ұсталғанын, 90-нан астамының сотталғанын дәлелдеді. Бұл Желтоқсан құрбандарының ақталуына негіз болды.
Қазақ тілі үшін күрес
Туған жер, тіл, салт-дәстүр, туған тарихын жырға қосты. Төрт ананы санаға сіңіру арқылы мұңсыздарға ой салу, ұлттық уызға жарыған, төл тарихын таныған санасы биік азаматтық қоғам қалыптастыру мақсатында дарынын қарыны жеңген мәңгүрттермен ашық майдандасты. «Төрт ана үшін болған күрес – күрестердің ұлысы» деп, кескілескен ұрыс алаңының қолбасшысы болды. «Төрт ана» жырын миымызға құйып, санамызды серпілтті. Оқыңыз:
– Тағдырыңды тамырсыздық
індетінен қалқала,
Мазмұн жоқта мазмұнсыздық шыға
келер ортаға.
Әр адамда өз анасынан басқа да,
Ғұмырына етер мәңгі астана,
Демеп жүрер, жебеп жүрер арқада,
Болу керек құдіретті төрт ана:
ТУҒАН ЖЕРІ – түп қазығы, айбыны,
ТУҒАН ТІЛI – мәңгі өнеге айдыны,
ЖАН БАЙЛЫҒЬІ, САЛТ-ДӘСТҮРІ
– тірегі,
Қадамына шуақ шашар үнемі.
Және ТУҒАН ТАРИХЫ.
Төрт анадан сенім таба алмаған
Тамырсыздың басы қайда қалмаған?!
Төрт анасын сыйламаған халықтың
Ешқашан да бақ жұлдызы жанбаған.
Қасиетті бұл төрт ана – тағдырыңның
тынысы,
Төрт ана үшін болған күрес –
күрестердің ұлысы!
Бұл – ұлы, қайсар, қайраткер ақынның сөзі. Адамға ой салады. Өмірдің мәні мен мазмұнын ұғасың. Адам бола бастайсың.
М.Горбачевтің 1985 жылғы демократияландыру бағдарламасын басшылыққа алған КСРО құрамындағы мемлекеттер сияқты Қазақстанда да егемендікке, тәуелсіздікке ұмтылыс басталды. Еркін ойлы азаматтар белсенділік танытып сөз бостандығы, ұлттық тіл мен діл, салт-дәстүрді қастерлеу бағытындағы ой-сана жаңаша көрініс бере бастаған, зауыт пен фабрикалар ұжымдары баламалы негізде өз басшыларын сайлап алып жатқан дүрбелең жылдар болатын.
Қазақ тілі мәртебесінен айырылып, күнделікті өмірде қолданылу аясы тарылып, орыс тілінің басымдығы орнаған кезде Тіл туралы заң қабылдау қажеттігі туды. «Қазақтың тілі – өлген тіл. Енді оны тек архивке қою керек» деп космополит Нұрболат Масанов дабыл қаққан, ұлтына, тіліне тас атқан, қазақ тілінің беделін менсінбейтіндер миллиондап саналатын қоғамда қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін айқындау, оның қоғамдағы орнын нығайтуға қол жеткізу алынбайтын қамал сияқты еді.
Орыс тілінде сөйлегенді артықшылыққа балап, ана тілінде сөйлемеу анасын мойындамау, яғни рухани мүгедектік екенін сезінбейтін қазақтар жетерлік болды. «Орысшада орыстарды таң қылып, ана тілін білмеу қандай заңдылық?!» деп Шынболат Ділдебаев жырлағандай ахуал болатын.
1989 жылғы 22 қыркүйекте «Қазақ КСР-дегі тілдер туралы» тарихи маңызы зор заң Жоғарғы Кеңестің қарауына ұсынылды. Депутаттар құрамындағы қазақтар арасында ұлтсыздық өрлеп, рухсыздық, намыссыздық өркен жайған кезең болатын. Жоғарғы Кеңес депутаты Әбіш Кекілбаевтың: «Түрлі ұлт өкілдері қазақ жеріне келіп қоныстанғанда төрімізден орын беріп, дәм-тұзымызбен бөлісіп қонақжайлық танытқан ел, кеңпейіл ұлт едік. Бірақ бүгінгі мәжілісте өз ана тілімізге мемлекеттік мәртебе беру мәселесі таразыға түскен сәтте сіздерге осыншалық жалынышты боламыз деп ойламаппыз» деген сыңайдағы аталы сөзіне де өзге ұлт өкілдері жіби қоймады. Нәтижесінде Жоғарғы Кеңес сессиясы орыс және қазақ тілдеріне мемлекеттік статус беріп бекітіп жіберді. Ертеңіне абыройы асқақтап тұрған Мұхтар Шаханов ҚР Жоғарғы Кеңесі депутаты еместігіне қарамай мінбеге шығып: «Орыс тілінің қазақ тілімен бірдей мемлекеттік тіл болып бекуі екінші Желтоқсан көтерілісіне алып келеді» деп биліктің зәресін ұшырды. Депутаттардың бетін бұрды. Бекіп кеткен шешімді қайта дауысқа салып: «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – халықаралық қатынас ресми тіл» деп өзгертілді. Кеңес Одағының құрамында болған Қазақстан үшін бұл заң қазақ тілін мемлекеттік деңгейге көтерудің тұңғыш қадамы болды. Жартылай шешім болғанымен қазақ тілін жақтаушылар қуанышқа кенеліп, бөріктерін аспанға атты.
Мұхтар «Рух пен тіл», «Мәңгүрттенбеу марсельезасы», «Қазақ тілі немесе ұлтымыздың космополиттерін баба сенімін, ана парқын ардақтауға шақыру», «Жігіттер» деген жыр топтамасын, әнін де өзі жазып ұлтының намысын қамшылады, жігерін жаныды. Өз тіліңді жерсінбеу өз анаңды менсінбеумен тең, ол – рухани мүгедектік һәм сатқындық деп айбаттанды. Түсінгендердің маңдайына шоқпармен ұрғандай әсер етті. Ана тілінен теріс айналу, ол – мәңгүрттік пен ұлтсыздыққа тура жол, қарныңның қамы үшін ұлттық намысыңды сөндірсең, жігіттігіңнің құны бір тиын деп шамырқанып қайраткерліктің үлгісін көрсетті.
Қазақтың қорғаны ана тілі екенін ұқтырып, ұлттық сананың жаңғыруына серпін берді. Ақынның «Рух пен тіл» жырын оқып, сіз де рухтаныңыз.
– Табиғаттың өзгермейтін заңына
бұр бетіңді,
Қай кезде де туған тілің туған анаң
секілді.
Бабалардың арманы бар мына қызыл
гүлдерде,
Олар елін, тілін қорғап жанын қиған
бұл жерде.
Қайырмасы:
Ұлтсыздану заманында,
Тілің нарық табанында,
Көнбістік бар қадамыңда,
Рухыңды басып кетті қарын.
Тіліңді жоғалтсаң,
Діліңді жоғалтсаң – 2 рет
Жоғалтасың бәрін.
Адам қанша болғанымен дарынды
әрі табанды,
Туған жерін сүймей тұрып сүймек
емес ғаламды.
Өзге ананың мазмұнына, мерейіне
тор құрар,
Алдыменен өз анасын сүйе алмаған
сорлылар.
Нарық-ғасыр бәрін сатып жібере ме
алтынға,
Кім қалады сол алтынға сатылмайтын
қалпында?
Жалғандық бар ұлтсыздардың беделі
мен даңқында,
Ана тілін сыйламаған сыйламайды
халқын да.
Ұлы Мұхтар күресін тоқтатпады. Аштық жариялауға дейін барды. Мұхтар Шаханов бастаған топ жеңіп шықты!
Мұха, «Ерлікті жасамаудан, бағаламау әлдеқайда қауіпті» деп өзің айтқандай сенің қаһармандық ерлігіңді бағалай алмадық. Сенің жүрегіңе салмақ түсірдік. Жүйкеңді жұқарттық…
Ұлы Мұхаңның рухы шат болғай. Артыңда қалған қалың елің, қазағыңды желеп-жебеп, қорғап-қоршап жатқайсың, қайран Мұхтар!
Сәпен АҢСАТ,
қоғам қайраткері





