Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мектеп бітіру кештерін аста-төк етіп өткізуге қатысты өз пікірін ортаға салды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
«Бұл жерде тыйым және шектеу деп отырғанымыз тиісті министрліктердің шешімі. Негізі соңғы он жылды қарасаңыз, сол аралықта қандай министрлер жұмыс істеді, сол он жылда осындай шешімдер болды. Бірақ қаншалықты ол шешімдер тиімді болды бұл үлкен сұрақ. Өкінішке қарай, тыйым салумен көп мәселе шешілмейді. Тыйым салуын салады, бірақ кейбір уақыттарда біз көрдік, (оқушыларға) ата-аналардың қадағалауынсыз коттедждерді жалға алу мәселе емес қой. Өздері тыныш қана кетеді, сосын қадағалаусыз түрлі заттарға ұрынып жататын жағдайлар да бар. Сондықтан біз оның бір жағынан жақсы жақтарын да, екінші жағынан оның тәуекелдерін айтуымыз керек. Жаңағы тәуекелден басқа қымбат мейрамханаларды, лимузиндерді жалдап, жол апаттары болып жатыр», – деді Асхат Аймағамбетов Парламенттің бірлескен отырысынан кейінгі кулуарда.
Келесі бір мәселе – әлеуметтік жағдай.
«Мысалы, жақында бізге хат жазыпты. 300-500 мың теңгеден жинап жатқаны, кейбіреулер тіпті одан да көп соманы айтады. Бұл, әрине, әр отбасының қалтасы көтеретін қаражат емес. Мұны мектеп мәжбүрлеп отырған жоқ, ата-аналардың әйгілі чаттары бар ғой. Онда біреу бастайды, біреудің қалтасы көтереді, біреудің қалтасы көтермейді. Соңғы қоңыраудан кейін өмір тоқтап қалатын сияқты. Кейбір азаматтар бүгінде тіпті тойларын да жасамайды ғой. Мен жасама деп отырған жоқпын. Түлектер міндетті түрде мектеп қабырғасында соңғы қоңырауын өткізеді, вальс билейді. Оны ешкім жоққа шығарып отырған жоқ. Ол өту керек, себебі бұл өте маңызды. Бірақ министрліктердің меңзеп отырғаны кішкене басқа мәселе. Шектейміз дегенде тәуекелдерге назар аударса болмайды», – деп атап өтті депутат.
Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, бұл тек қана мектептің мәселе емес. Ата-аналардың, Ішкі істер министрлігінің жауапкершілігі болуы керек, дейді ол.






