Саналы ғұмырын өскелең ұрпақтың тәрбиесіне арнап, спорт саласының дамуына үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсету – кейінгі буынға үлгі болар игі дәстүр. Осыған орай бүгін аудан әкімі Жандос Еркінбек «Қазақстан Республикасының спортына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, спорт ардагері Қуаныш Қаражанұлын арнайы қабылдады.
Тағылымды кездесуде аудан басшысы Қуаныш Қаражанұлының спорт саласындағы ұзақ жылғы еңбегін атап өтіп, аудан спортының дамуына қосқан үлесі үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ бүгінгі 2012-2013 жылы туылған жасөспірімдер арасында өтетін республикалық бокс турнирінің жоғары деңгейде өтуіне тілек білдіріп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Кездесуде аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов та ізгі тілегін білдіріп, ардагер ұстаздың жемісті еңбегі әрдайым құрметке лайық екенін атап өтті.
Өз кезегінде Қуаныш Қаражанұлы спорт саласындағы еңбек жолы мен шәкірт тәрбиелеудегі естеліктерімен бөлісіп, өзіне көрсетілген құрмет пен қолдау үшін ризашылығын жеткізді.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі







