Намыс пен жігер додасы

5

0

Қызылордада төрт жылда бір келетін дүбірлі дода – VIII Халық ойындарына іріктеу жарыстары мәресіне жетті. Қала мен аудандардан жиналған кіл мықтылар екі күн бойы өзара бақ сынап, білектің күші мен жүректің жігерін таразыға салды. «Локомотив» стадионында өткен байрақты бәсеке ел ішінде бұқаралық спорттың қанат жайып келе жатқанын тағы бір мәрте айқын аңғартты.

Бұл жолғы жарыстың жөні бөлек болды. Се­бебі мұнда тек жүлде сарапқа салынған жоқ. Әр спортшы облыс намысын қорғау жолындағы жа­уапкершілікті терең сезінді. Аудандардан кел­ген қатысушылар ұлттық спорт пен дәстүрлі ойын­дардағы шеберлігін паш етті. Қазақ күресі, тоғыз­құмалақ, асық ату, қол күресі, гір тасын көтеруден тартысты кездесулер өтті. Сонымен қатар во­лей­бол, баскетбол, кіші футбол, шахмат сынды спорт түрлерінде де бәсекенің қызуы жоғары болды.

Жарыс қорытындысында үздік атанған спорт­шылар марапатталып, VIII Халық ойындарының республикалық кезеңіне жолдама алды. Енді олардың алдында үлкен сын, маусым айында Түр­кістан қаласында өтетін республикалық до­дада Сыр өңірінің абыройын асқақтату міндеті тұр.

Іріктеуден сүрінбей өткен спортшылар тың­­ғылықты дайындыққа кірісті. Әрқайсысы өз спорт түрі бойынша шеберлігін шыңдап, физикалық және психологиялық дайындықты күшейтуге ден қойған. Өйткені республикалық кезеңде еліміздің түкпір-түкпірінен жиналатын мықтылармен сынға түсу оңай емес. Сондықтан Сыр спортшылары дайындықтың әр күніне үлкен жауапкершілікпен қарайды.

Халық ойындарының басты ерекшелігі – бұл тек спорттық бәсеке емес, ел ішіндегі ынтымақ пен бірліктің, салауатты өмір салтының айқын көрінісі. Мұнда ауыл мен қала спортшылары бір алаңда бас қосып, достық пен татулықтың туын биік ұстайды. Әсіресе, ұлттық спорт түрлерінің кеңінен насихатталуы жас ұрпақтың рухын кө­теріп, ата дәстүрге деген құрметін арттыра түседі.

Сыр спортшылары қай кезде де намысты қолдан бермеген. Бұған дейінгі Халық ойын­да­рында да өңір құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, облыс мерейін үстем еткен болатын. Биыл да спорт жанашырлары мен жанкүйерлердің үміті зор. Түркістан төрінде өтетін байрақты бәсекеде қызылордалықтар жоғары деңгейде өнер көрсе­тіп, жеңіс тұғырынан көрінеді деген сенім мол.

Бағлан АМАНЖОЛ,

«Сыр бойы»