«Көзге кіреді, шашта, кофеде жүреді»: Алматыда шіркейлер қаптады

23

0

Фото: ЖИ

Алматылықтар әлеуметтік желіде қалада шіркей қаптап кеткенін айтып, шағымданып жатыр. Себебін анықтау үшін ғалымдар аумақта кешенді тексеру жүргізеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматы тұрғындары кейінгі кездері қалада шіркей қаптап, алаңсыз жүруден қалғанын айтты. Жергілікті халық мұның себебін біле алмай дал болды.

“Далада жүру мүмкін емес. Ағаштарға дәрі шашуды ұмытып кеткен бе?”, “Қалада шіркей қаптап кетті. Көзге кіреді, шашта, кофеде, ауада, барлық жерде шіркей. Себебі неде?”, “Биыл шіркейлер тым көп болып кетті ме? Неге бұлай болды?”, “Самокатпен жүруден қалдық”, “Аузыңа, көзіңе, мұрныңа да кіреді. Жазды шіркей қуумен өткіземіз бе”, – деп жарыса жазды тұрғындар.

Алматы әкімдігінің хабарлауынша, Экология және қоршаған орта басқармасы қалыптасқан энтомологиялық жағдайдың себебін анықтау үшін тиісті ғылыми-зерттеу ұйымдарына сұраныс жолдаған. Олардың қатарында Жиембаев атындағы Өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты да бар.

Мамандар қала аумағына кешенді зерттеу жүргізуге тиіс. Зертханалық және далалық жұмыстардан кейін шіркейлермен күресу және олардың алдын алу бойынша ғылыми негізделген қорытындылар мен ұсыныстар әзірлейді.

«Алынған деректер негізінде тиісті шаралар қабылданады. Жағдай тұрақты бақылауда», – деп жауап берді Алматы әкімдігі.

"Көзге кіреді, шашта, кофеде жүреді": Алматыда шіркейлер қаптады
Фото: Әлеуметтік желіден скрин