97 жігіт аттанып, 19-ы ғана оралды

204

0

Фото: автордан

Жеңіс күні… Осы бір ауыз сөзде қуа­нышпен қатар қайғы-қасірет те бар. Олай дейтін себебім: қаншама адамның қаны тө­гіліп, қыршын өмірі қиылды. Кешегі сұ­рапыл жылдарда Отан үшін от кешкен соғыс ардагерлерінің қатары тым сирегені жанға батады.

Шиелі ауданынан 1942 жылы 97 адам бір күнде соғысқа аттанып, содан 19-ы ғана елге аман-есен оралған екен. Сол 19 жауынгердің бірі – менің ардақты әкем Дин Тұрсынов. Көзі тірісінде «сол елге оралған 19-ымыздың біразы қазір ара­мызда жоқ, жылдан-жылға азайып бара жатырмыз» деп отыратын. Көрген-білгенін өз балаларына, немерелеріне жалықпай ай­тып беруші еді.

Әкем 1942 жылы Қызыл Армия қата­рына ша­қырылып, 7-атқыштар пол­кінде взвод ко­ман­дирінің көмекшісі, ал 1943 жылдан I Украин май­данының 333-ат­қыш­тар полкінде взвод командирі болды. 1945 жылы сәуір айының аяғында сұрапыл соғыста ауыр жараланып, III топтағы мү­гедек болып, маусым айының аяғында елге оралған.

II дәрежелі «Отан соғысы», соғыс кезінде ерекше тапсырманы орындағаны үшін ІІ дәрежелі «Даңқ», 2004-2005 жылдары ІІІ және І дәрежелі «Даңқ» ордендерімен, «Гер­манияны алудағы Же­ңіс үшін» Кеңес Одағының маршалы Г.Жуков және мерей­тойлық медальдармен, басқа да төсбелгі, Алғыс хаттармен марапатталған. I, II, III дәрежелі «Даңқ» орденімен наград­талған жауынгер Батыр атағын алғанмен бірдей дейді. Әкем марқұм: «Сен бидің ұрпағысың. Тұрсын деген атаң ел дауы, жер дауы, жесір дауын әділ шешіп отыратын би болған. Қолыңнан келсе, сен де әділ болуға тырыс» дейтін. Сондықтан әділ бо­луға, әр уақытта дұрыс шешім шығаруға тырысып келемін.

Әкем бейбіт өмірде де қайнаған қызу еңбектің орта­сында жүрді. Еңбек жолын мектепте алғаш­қы әскери дайындық пәнінің мұ­ғалімі болып бастады, кейін колхозда бух­галтер, экономист болып қызмет атқарды. Зейнетке шыққанша есеп-қисабы көп құ­рылыс саласында да жұмыс істеді, жал­пы «Төңкеріс» ауылына еңбегі сіңді. Жа­сы келіп ұлғайса да, ауыл тұрғындары: «көке, мынаны есептеп берсеңіз» деп не­месе ойында жүрген тір­ліктерін айтып, кеңес сұрап келіп жататын еді. Мұндайда әкем бар ынта-жігерін салып түсін­діріп, ақылын айтудан әсте жалыққан емес. Есеп жағы­нан ауылымызда әкемнен артық білетін маман жоқ-ау деп ойлайтынмын. Өзіне біткен дара тұлғасымен үлкен-кі­ші­ге қамқор, қолынан келсе барлық адам­ға жақсылық жасағысы келіп тұра­тын, ешкімнің көңілін қалдырмайтын кіші­пейіл жан еді. Сондықтан да ауыл тұр­ғын­дарына сыйлы, ардақты, қадірлі болды. Өйткені, ол үшін мансап пен атақтан гөрі, ел алғысы, халықтың ыстық ықыласы жеткілікті бола­тын. Өзінің 42 жыл ғұмырын ұстаз­дыққа арнаған аяулы анам Рахима Дүй­сенбекова екеуі өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде жалықпай еңбек етті.

Міне, биыл еліміз Жеңіс мерекесінің 80 жыл­­дығын атап өтпек. Адамзаттың ба­қыты үшін, жарқын келешек үшін сұм соғыста жау­мен шайқасқан абзал, ержүрек азамат Дин Тұр­сы­н­ов­тың қызы екенімді мақтанышпен айтамын!

Жеңіс мерекесі қарсаңында әкеме де­ген құрметім болсын деп, кеудесіне ке­меңгерлік қасиет қонған, жүрегінен жы­лылық сезім тара­ған, ниетінде адалдықтың ар-намысы жатқан, пейілі дарқандыққа то­лы соғыс және еңбек ардагері, әкем жайлы бір үзік сыр шерткім келді.

Қалжан ТҰРСЫНОВА,

№158 орта мектептің мұғалімі.

Шиелі ауданы,

Қодаманов ауылы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<