Майдангер мәртебесі мәңгілік

226

0

Фото: автордан

Ол өмір жолының қай қадамына да аға байлауынсыз аттамаған. Азамат соғысының партизаны, бар ғұмырын балық өндірісіне арнаған Шәріп Рановтың інісі бола тұрып, жеке бастың жайына аялдауы жөн бе еді?! «Адал еңбек – әрі әкең әрі шешең. Бауырың да, жарың да, балаң да осындай тазалыққа ұмтылсын. Сонда ғана айналаң аппақ атанар» дейтін аға сөзі жүрек түкпіріне берік ұялаған. Партизан-басқарманың пікірін кері қақпай, Жайық бойынан өнер нәрін татуына тура келді.

Жайшылықта әу деп ән айтпаған, домбыра да шертпейтін қарапайым балықшы сөйтіп Гурьевтің мәдени қызметкерлер дайындайтын жыл­дық курсын бітіріп шықты. Он бес жасынан су маржанын сүзуге ара­ласып, теңіз сырласы атанған Мұ­ңайтпас клуб меңгерушісі, дүкенші, байланыс бөлімшесінің бастығы бо­лып ел қажетіне араласқан шапшаң жылдар кенеттен үлкен үзіліске түсті де кетті.

Соғыс лаңы жағалау бойына жыл­дам жетті. Ауылдан асып, Арал­ға келе бермейтін теңіз түлектері ен­ді мыңдаған шақырымды артқа тас­тап, Отан үшін от кешуге аттанып жатты. «Бірлестік» колхозының бү­кіл азаматы бірер айдың ішінде ақ көйлегін солдат шинелімен ауыс­ты­рып та үлгерді. Мұңайтпас осынау өткір күндерде ел еңсесін түсірмей, тылдағы еңбек дүбіріне басшылық етті. Күн мен түннің арасын ажы­ратпай, теңіз төсіне де шықты, со­ғыстың суық хабары төте келген от­басыларына сүйеу болып, үміт отын сөндірмеу үшін қайсарлыққа ша­қырды. Әлі есінде, хат тасушы Еш Құлболатов деген жарымжан кісі қаралы қағазды қаза тапқан жа­уынгер үйіне табыс ете алмай, ең­кілдеп жылағанда Мұңайтпас жанын қоярға жер таппаған. 1940 жылдан коммунист, жар сүйіп үлгірген отыз­дағы жігіт торы атпен ауданға та­лай шапқылаған. «Менің орным май­данда. Аналар мен сәбилердің көз жасы күн сайын күйдіріп бара­ды. Дәл қазір жұбату сөзден гөрі ұрыс даласында жауды жайпау – аза­мат­тық міндетім» деп ақыры әскери ко­миссариаттың келісімін алды.

Айрықша құрамның күрделі дайындығына тез икемделіп кетті. 1943 жылдың алты айы ішінде жай­шылықта сыры беймәлім десанттық шынығудың шеберіне айналды. Жа­­ғалаудың жарқабағынан ғана се­кіріп көрген ұяң жас әуелі аэро­стат­қа отырып, көк жүзіне көз үй­ретті. Содан соң белгілі биік­тіктен па­рашютпен қарғуды меңгерді. Жау тылында жауынгерлік қимыл­дар­дың бар сатысынан өткен Мұңа­йт­пас алдымен Орлов бағытын­дағы ғаламат шайқастарға аралас­ты. Май­дан қажетіне орай 45 мили­метр­лік зеңбірек расчетінде оқтау­шы бол­ды. Қойын-қолтық айқас үстінде талай жау танкісі өртенді; талай атыс ұясының тас-талқаны шығып, жөңкіле қашқан фрицтердің жолы кесілді. 94-атқыштар полкінің ай­бын­ды артиллерисі 1943 жылдың 17 қара­шасы күні шайқаста ауыр жа­рақат алды. Жау снаряды расчет тү­біне дәл түсіп, алты бірдей боз­дақты боз топырақтың астына жа­сырды. Оң жақ жауырынды осып өткен жарықшақ Мұңайтпасты бес ай бойы госпиталь төсегіне таңды. Алайда теңіз толқынымен тебісіп өскен сайыпқыран жауынгер қатарға қайта қосылды. Тек бұрынғыдай зең­біректен емес, жау шебіне авто­маттан оқ жаудырған жаяу әскер соқ­пағына түсті.

Ол әсіресе, портты қала Нарва үшін қиян-кескі шайқас­тарды ешқа­шан ұмытпас. Ал 120-гвар­дия­лық дивизияның 538-атқыштар полкі Ле­нин есіміне адалдығын револю­ция­лық жігермен өтеп, Нарва қаласынан жауды селдірете қуып шыққан. Так­тикалық тапқырлық көрсетіп, 300-дей неміс солдатын қолға түсірген барлаушылар қатарында Мұңайтпас Ранов та өр кеудесіне II дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденін тақты.

Ерліктен соң ерлік туындап жат­қан қырық төртінші жылдың 29 шілдесінде жау оғы жеңімпаз жа­уынгерге тағы да қанжардай қа­далды. Таллинге 15 шақырым қал­ғанда оң аяғын үш жерден пулемёт оғы тілгілеп өтті. Енді қайтіп ша­буылға аттандап араласпасын сез­генде, жанарын жас жуып жү­ре берді. Оң қолдың өмірлік жұп­тасындай оң аяғына нық тіреп қарыштап қадам басудың, қу қайықтың теңіз төсінде құстай ұшыратын серпіннің елеске кеткені де жанын жегідей жейтін. Бар уайымды ысырған елге деген сүйіспеншілік пен жары Бақыштың мөлдір сағынышы болды. Өзін кен­же бала деп марқайтатын жеңге­лері Бәтима мен Айыштың қос қол­тығынан сүйемелдеген сәті май­дан даласында аналық шуақпен қор­ғаш­тай жүретінін сағынышпен еске алатын.

Партизан ағасы Шәріп іні ерлігі құрметіне қырық бесінші жылдың мамырында дүниеге келген сәбиіне Жеңіс деген есім еншіледі.

Жағалаудан аттанған үш жүздей теңіз перзентінен туған жерге оралғандар саны тым аз еді. Сонау мәңгі ерлік ескерт­кішіне айналған жерлес­тері үшін табандылықпен тер төгу міндеті Мұңайтпастың ендігі асыл арманына айналды.

Туған жерінде ел ағасы болып, «Мергенсай» ауылдық советін он сегіз жыл бойы басқарды. Әр үй­дің шілдеханасынан ұлан-асыр той­ларына дейін тәтті тілек айтты. Ке­йінгі кезең сауда қызме­тіне тез төселдірді. «Сары­басат» балық­шы­лар тұтыну қоға­мын басқарған кез­дері үнемі жол үстінде жүрді. «Ақеспе», «Тас­түбек», «Жалаңаш», «Үш­шо­қы», «Мергенсай», «Сары­шы­ғанақ» ауылдарының тұрмыс­тық қажетіне мүлтіксіз сауда қыз­метін көрсетті. Сенімді серігі жүр­гізуші Мырзағали Қаны­бет­ов­пен бірге бұйрат жолдың бойы­мен ел дастарқанын молай­туға айтар­лықтай үлес қосты. Сол аяғымен ав­токөлік кабина­сына рахаттана қон­жиған майдан­гердің балдаққа сү­йенген оң аяғы ғана соғыс зар­дабын еске салатын. Бес бірдей ме­кенді аралатқан сауда сапары ха­лыққа үлгілі қызмет жасағаны үшін «Советтік сауда үздігі» атағын иелен­дірді.

Ол көздің қос қарашығындай Досханасы мен Зұлпықарынан омы­­­рауын қыздырған немерелер­дің шат үнімен марқайды. Ке­лін­дері Рая мен Райханды үнемі қол­паш­­тап, ынтымақ отын аталық ме­­­йіріммен маздатушы еді. Құ­да-жег­­жат­тарын бауырындай кө­ретін. Ағайын-жегжат, көрші-қо­лаң­­ды әде­мі әзілімен жымдас­тырып жібе­ре­тін. Майдангер 1992 жылдың 31 қаң­тарында Жер-ана құшағында ты­ныстады.

Иә, айтары жоқ, Рановтар әу­леті бүкіл жағалау жұртшылы­ғы­­­ның жүрек лүпіліндей ыстық ықы­­­ла­сымен ерекшеленеді. Әмел ата­­­мыз Үргеніштен нар тұқымын асыл­­­дан­дырудың оңтайын кел­тіріп, бүтін­дей бір ауылды нарлы қылды. Ауыл орталығынан тас­құ­дық қазды­рып, мал мен жан­ның сусынын қан­­дырған баста­масына баршасы бә­рекелді дес­ті. Оның тетелес інісі Шәріп Ранов «Ауанда» болған оба зоба­лаңы кезінде мәскеулік про­фес­сор Жу­ковпен бірге ажал ара­нына тоқтам жасауда ұтқыр ұйым­дас­тырушылығымен елге пана бола білді. Осындай атақты ағала­рының абырой жолын жалғаған жеңіс жалаугері Мұңайтпас Ранов ағамыз ел жадында мәңгі сақта­лып қалды.

Реті келгенде ел үнін еске салу ар­тықтық етпес. «Жалаңаштағы» ор­та мектепке Шәріп Рановтың есімін ен­шілесе, жүдә, жарасар еді. Ал әке­лі-балалы Мұңайтпас, Досхана Ра­новтардың есімін жаңадан ірге теп­кен шағын аудан көшелерінің біріне берсек, артықтық етпес еді.

Жаңабай КЕМАЛ,

Қазақстанның құрметті журналисі, Арал ауданының құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<