(Бұл әңгімені соғыс және еңбек майданының ардагері
Бөрібай Құлмановтың көзі тірісінде өз аузынан жазып алған едік)
Әкем Құлман – Қостанай табанындағы қырда қойын өргізіп, күз түсе Сырға құлап, жол шегіп, өріс кезіп жүрген малшы.
Мен 1920 жылы 7 қараша күні анам Зылиқа «Бөрібай» деген құдықтың басында түйенің қомында толғатып, дүниеге келгенмін. Бұл қойшылардың жолындағы ескі құдық екен. Мүмкін ол бір жақсы адамның аты шығар, әйтеуір суы сарқылмайтын құдық дейді. Сол белгісіз жақсы адамның құрметіне менің атымды қойған. …Біздің үйіміз Қызылорданың маңындағы «Зіңкетер» деген жерде тұрды. Сондай колхоз болған. Орны қазіргі әуежай аумағында. Еңселі төбе болатын, «е-еу» деп дыбыс шығарсаң темірді ұрғандай «зіңк» еткен дыбыс естіледі. Ол менің мазамды алмаңдар дейтін аруақтар ма, кім білсін. Сол төбе маңынан ашылып қалған адам сүйектерін көретінбіз. Қылыштың, қалқанның сынықтарын тауып алатынбыз.
Менің бала күнім тары қорумен өтті, ағам оқуда болды. Ол кісі Қызылордадағы агроиндустриялық техникумда оқыған. Бұл Мәскеу оқу орнының филиалы болса керек, өйткені ағам техникумның 4-курсын Мәскеуде оқып, сосын жолдамамен Өзбекстанға барып, кендір зауытында жұмыс істеген.
Әкем қауын-қарбыз егіп, қалаға апарып сатады, тарыны көбірек егеді. Таңғы сағат төртте тұрып шешемнің қолынан бір көсек нан мен бір кесе көже ішіп алам да, тары қоруға кетем. Сол кезде бармасаң торғай тарыңды ту-талақай қылады.
Басқа үйлерде екі-үш бала бар, тарыны кезектесіп қориды. Менің ызам келеді. Жалғыз өзім торғай жатқанша тоз-тозым шығып, далақтап жүрем. Інім Қыстаубайдың аяғын апыл-тапыл басатын кезі.
«Зіңкетерде» бастауыш мектеп болды. Мен сол мектептің үшінші класын бітіргенде біздің үй қалаға көшті, оқуды «1 Май» мектебінде жалғастырдым. Торғайдан құтылдым деп қуандым, бірақ алдымда тары қорығаныма зар қылатын ауыр тағдыр күтіп тұрғанын білгенім жоқ.
Отыз екінші жылы аштық келді. Жерге шөп шықпай қалды. Жұрт малының бәрін колхозға берген. Ешкімнің сойып жейтіні жоқ. Сол кезде әке-шешем Қыстаубай екеумізді ағайындарға табыстап, өздері Өзбекстанда жұмыс істеп жатқан Өтек ағама кетті. Шамасы, әуелі сол жақтың жағдайын көріп, бізді қайтып келіп алып кетпек болған сияқты. Бірақ екеуі де қайтпады, бара сала бірінен соң бірі қайтыс болады.
Ағайындар бізді балалар үйіне өткізді. Бұл жердің жағдайы да қиын екен. Тамаққа жарымадық. Інім аштықтан әлсіреп, тұмауды көтере алмай үзілді. Аңырап мен қалдым, көз жасымды сүртетін ешкім жоқ. Жейтініміз бір үзім нан, сол нанның үстіне қасықпен ботқа салып береді. Ботқа көбірек болсын деп соның көлеміндей тұз араластырып жейміз.
Жасымыз он төртке толғасын балалар үйі шығарып жіберді. Қайда барсаң, онда бар, жұмыс тауып аласың ба, оқу тауып аласың ба, маңдайдың жазуы біледі.
Қызылордада ауыл шаруашылығы техникумы деген бар екен. Соған барып едім, қабылдады. Балалар үйінде оқу болған жоқ, менің деңгейім үш-ақ кластық болатын. Оқу қиын соқты, бір жақсысы тамағы мен жатақханасы бар. Жазда жұмыс істеп ақша таптым.
1940 жылдың тамыз айында РСФСР Жоғарғы Советі атындағы Мәскеу жаяу әскер училищесіне түстім. Әскери тәртіпке де тез үйрендім. Таң атпай тұрып, тары қорып өскен баламын, қимылым да ширақ, спортқа икемдімін. Сабақты да тез меңгердім. Маған қиын соққаны шаңғы болды. Бүкіләскерлік шаңғы жарысына қатысуға тиіс екенбіз. Мен шаңғы дегеннің атын да естімегенмін. Әдепкіде өзі сырғанай беретін шығар дегенмін, сөйтсем, аяғың мен таяғыңды бірдей сермемесең жүрмейді екен.
1941 жылдың 1 мамырында «Қызыл алаңда» шеру өтетін болды. Оған дайындығы мықты әскери оқу орындары ғана қатыса алады. Біздің училище бірнеше сыннан өтіп, шеруге қатысуға дайын болып шықты.
Сап түзеп «Қызыл алаңға» беттедік. Мәскеу әскери округінің командашысы генерал Тюленов КСРО Қорғаныс Халық комиссары Тимошенкоға әскери рапорт берді. Бір кезде шеру маршы ойнады. «Саламатсыздар ма, жауынгерлер?!» «Саулығыңызды тілейміз, Қорғаныс Халық комиссары!» деп құлақ тұнған дауыстар, денеміз темірдей қатып қалған. Мойнымызды Ленин мавзолейіне қарай бұрып, сіресіп келеміз. Менің көзім Сталинге түсті. Қабағы қатулы, бірақ ерекше бір сенімділік пен өрлік байқалады.
Сол кезде Кеңес Одағының басшылары соғыс болатынын білген болу керек, бірақ халыққа айтпаған. Жаз айында Сенаж көлі маңында әскери жаттығулар өткізіп жатқанымызда соғыс басталды.
Соғыс басталған соң училищенің үш жылдық оқуы үш айға қысқарды да, мен лейтенант шенін алып шықтым. Орал әскер округіне жіберді. Челябинскіге жақын маңдағы Шубарколь деген жерге келдік. Қазақтар көп екен. Қайдан келдіңдер десем, осы біздің туған жеріміз ғой дейді. Әдепкіде таңғалдым, сөйтсем, бұл баяғы біздің жерлерміз екен. Осында Орал жұмысшыларынан құралған 1256-полкті жасақтадық. Көп ұзамай Калинин майданына аттанып, Ржев түбінде соғысқа кірдік. Мен минометшілер ротасының командирі болдым. Бұл қалаға немістер мықтап бекінген. Олар Ржевтен айырылсақ, Мәскеуге барар жол жабылады деп санаған. Одан айырылғысы келмеді. Сөйтіп, Ржев үшін болған соғыс он жеті айға созылды. Біз алдымен Сосновка селосын босату үшін екі күн алыстық. Мұнан әрі Петровка дейтін деревняны босату керек болды. Мұның бәрі Ржевті алуға жол ашу еді. Миномет мылтық емес, ататыныңды көздеп тұрып басып қалғанға не жетсін. Миномет ату үшін математикалық есептеу мен геометриялық өлшемді білу қажет. Оғың сонда ғана көрінбейтін нысанаға дәл тиеді. Минометшілер жаяу әскердің алдын тазалап отырады, бір минометті үш адам көтеріп жүгіреді. Жау оғы баяғы тарыға өш жауторғай сияқты жан-жағымнан зуылдап ұшады. Снаряд ысқырып келе жатқаннан қолымызбен басымызды қорғалап жата қаламыз. Бірақ қол оққа қалқан бола ма? Жаңа ғана қасымда келе жатқан адамның бір қарағанда бассыз, қол-аяқсыз денесін көремін. Жап-жас жігіттер еді, солар…
Бұл адам өзін-өзі әлі зерттеп бітпеген сияқты ма деймін. Небір таңғалатын жағдайлар бастан өтеді. Сол Петровка үшін болған соғыста жүгіріп келе жатыр едім, снаряд жарылды. Мына біреудің дәл жанымнан жарылғанын қарашы деп кідіріп қалдым. Саумын, еш жерім ауырмайды. Маған тимеген екен дедім. Соны ойлап бола бере көзім қарауытып құлап бара жаттым…
Алты ай госпитальда емделдім. Алдымен дала госпиталінде, сосын Уфада операция жасады. Сол снаряд мені төрт қабырғам мен өкпемнің жартысынан айырып тынды.
Емделіп шығып, екінші рет майданға аттандым. Пойызбен келе жатырмыз. Солдаттар әңгіме айтысып даурығады. «Советтер немістерді шекарадан қуып шығыпты, қазір Польшада дейді. Біз барғанша соғыс аяқталып қалмаса екен». Осыны айтып, күліседі. Бұлар соғысқа енді келе жатқандар, мен соғыс көргенмін. Салмақтымын.
Шынымен Польша жеріне жеттік. Жау самолеттері пойызды бомбалады. «Соғыс бітіп қалмаса екен» деп келе жатқандар пойыздан жерге аяғымен түсе алмады, неткен өкініш!
Польшада Ченстохова, Бреслау қалаларын азат етіп, Германияның Штеттин қаласына жеткенде жеңіс хабарланды. Енді елге қайтам деп қуандым. Бірақ бізге, оның ішінде офицерлерге Шығысқа барасыңдар деді. Неге, білмейміз, бұйрық солай.
Пойыз неше күн жүріп, Қазақстанға келді. Қызылордадан тоқтамады. Вагоннан басымды шығарып, «Мен ораламын!» деп айқайладым, паровоз «өз тілінде» менімен қосыла бақырды. Сөйтіп, Қызылордадан өте шықтық.
Алдымен, Алматыға түстік. Сол жерде белгілі болды. Қытайдың Шыңжаң өлкесінде тұратын мұсылмандар бірігіп, Шығыс Түркістан республикасын құру үшін тәуелсіздік күресін жүргізіп жатыр екен. Біз соларға, олардың қолбасшысы Оспан батырға көмек көрсетуге келіппіз. Бір байқағаным, бұл жаққа келгендер бірыңғай қазақ, қырғыз, өзбек секілді ұлт өкілдерінің офицерлері еді. Оның мәнісін сонда түсіндік. Шекарада киімдерімізді ауыстырып, маңдайдағы жұлдызшамыздың орнына айдың белгісін тақтық. Ұлттық азаттық армиясының солдаттары болып шықтық.
Бұл жасырын соғыс екен.
Ішкі қытай әскерімен бетпе-бет келдік. Олар бізді әр жерден келген ерікті мұсылмандар деп қабылдаса керек, немісті жеңіп келген жаужүректер екенімізді қайдан білсін. Тас-талқан қылдық. Көп ұзамай үндері өшті. Сөйтсек, КСРО Жапонияны тізе бүктіріпті де, содан сескенген Қытай дереу Сталиннің талабына көне кетіпті. Бұл жерде біз білмейтін саясат көп екен.
Сол жақтан қайтарда Жылқыбай деген қазақ офицері екеуміз Шығыс Түркістан уақытша үкіметінің басшысы Әлихан төреге бардық. Ол бізге ризашылық білдіріп, мың доллардан ақша берді. Ондай ақша ұстап көрмегенбіз, қуанып қалдық. Ауылға бірдеңе ала кетейік деп базарға соқтық. Бір әйел қымыз сатып отыр екен, Жылқыбай екеуміз екі кесесін сімірдік. Сол екі кесе қымыз 600 доллар болды. Ол жақтағыларға американ ақшасының құны көк тиын екен.
Алматыға келгесін, бізбен әскери басшылар тағы да бір-бірлеп сөйлесе бастады. Фашисті көмдік, жапонды жеңдік, Шығыс Түркістанды орнаттық, енді не дейді? «Туған жерімізді көреміз бе, жоқ па, Құдай-ай» деп білген дұғамызды айтып жатырмыз. Сөйтсек, олар бұл соғыс туралы отыз жыл бойы ешкімге жария қылмайсыңдар деп қол қойдырып алып жатыр екен.
О, жарықтық, жайшылықта туған жердің қадірін білмейміз ғой. Азапты алты жылды өткізіп, ауылға келгендегі менің қуаныш сезімім қандай болды десеңізші! Оны жеткізіп айта алмаймын.
***
Осы кезде жүз жасты толтырған Бөрібай ата маған өте қызықты әңгімелер айтты.
1953 жылы Қармақшы аудандық партия комитетінің 2-хатшысы, 1958 жылы Қазалы ауданының 2-хатшысы болып қызмет етіпті. 1959 жылы Қазалы аудандық партия комитетінің 1-хатшысы болыпты.
«1955 жылы Қазақстан компартиясының 1-хатшысы Пантелеймон Пономаренко, обкомның 1-хатшысы Жанбаев деген кісі еді» дейді Бөрібай ата бір әңгімесінде. Сол жылы құлдырап кеткен облыс жағдайын өзі көрмек болған Пономаренко Қызылордаға келеді. Жанбаев оны қалаға жақын «Коммунизм» колхозына апармақ болады. Сөйтсе бұл колхозға өзі де бір мәрте бармаған екен. Бұлар қамыс арасындағы лайсаң соқпақтан теміржолға қарай өтетін жер іздеп жүріп адаса бастайды. Жолай бір есек арбамен кетіп бара жатқан шалды тоқтатып, машинадан Пономаренконың өзі түседі де: «Коммунизмге қалай барамыз?» деп сұрайды орысшалап. Сонда әлгі шал оған: «У нас все дороги ведут к коммунизму» депті.
Бөрібай ата айтқан осындай қызық әңгімелер көп. Бәрінен әсерлісі Өзбекстанға барып, Өтек ағасын тауып алып, Шиназ деген жердегі әке-шешесінің бейітіне алып барып, Құран оқыған сәті. «Біздің жарық дүниеміз үшін жан құрбан еткен жарықтықтарым-ай…» деп сонда Бөрібай ата көзіне жас алды. Сол кезде жүзге келген ақсақалдың бала қалпы көз алдыма елестеді…
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<