№1. Әлемдегі ең бай адам кім?

780

0

 

Бернар Арно. Әлемнің ең ауқатты адамы – әзірге осы. Үнемі байлардың қалтасына «үңіліп» жүретін Forbes журналы өткен жылды бір сүзіп шыққан екен. Француз бизнесмен сонда бірінші боп орналасыпты. Ол америкалық «Amazon» компаниясының басшысы Джефф Безосты ығыстырған. 

Сонымен, біз айтып отырған Бернар Арно кім?

«Dior» мен «Louis Vuitton»-ның қожайынын «жоқ» деген сөзді қабыл­дамайтын, ұтылуды ұнат­пайтын адам ретінде ай­тады білетіндер. Бұл қа­сиеттер оған француз сән-салтанатының сим­волы, 100 миллиард доллардан астам табыстың көзі сана­латын сән империясын құруға мүмкіндік берді. Ше­кесі шылқыған кәсіпкер мұнымен тоқтап қалмақ емес.

«Louis Vuitton» сөмке, киім, аксессуарларын еш­қашан көтер­мелеп және жеңілдетілген бағамен сат­пайды. Оның өнімінде клас­сика мен осы заман талабының үйлесім тапқан. «Capucines» сериясымен шыға­рылған көгілдір түс­ті былғарыдан тігілген сөм­кесінің өзі 8600 доллар тұрады. 29 жастағы Тша­балала Селф оны көп­қат­парлы бастырмамен көр­кемдеген. Был­тыр жыл басында аталған ком­па­ниялар тобының ер адамдар желісі бойынша директоры 39 жастағы Вирджил Абло қараң­ғыда жарқырайтын сөмкелер коллекциясын көпшілік назарына ұсынды. Сыртындағы қоса өрілген оптоталшықтың көмегімен «LV» логотипі қараңғы жерде кемпір­қосақтың жеті түрлі түсіне боялып шыға келеді.

«Louis Vuitton және «Christian Dior» бренд­те­рінің табысты болу құпиясы неде? Себебі бір-біріне қарама-қайшы небәрі екі аспектіге кеп тіреледі: бұлар уақыттан тыс өмір сүреді және қай кезде де өз заманының талабымен үндес. Тура от пен су сияқты», – дейді Арно.

«Fendi», ­«Bulgari», «Dom Pérignon», «Givenchy» және тағы бас­­қа жетпістен астам бренд­ті біріктіретін «LVMH» компаниялар тобы рекордтық сауда ай­на­лымын жасап, табыс түсірген. Бұл «LVMH» акциялары құнының соңғы төрт жылда екі есе өсуіне ықпал етті. Бернар Арно туған-туысымен бірге компания акциясының 47 процентіне ие.

Францияның сол­түс­­тігінде өмір сүрген Арно бірден байып кет­пеген еді. Музыкаға әуес­тігіне қарамастан атақ­ты пианиношы болуға та­ланты жетпеді. 1971 жылы таңдаулы француз ЖОО-да инженерлік ма­ман­­дық алып шыққан ол Руба қаласындағы ата­сы негізін қалаған құ­ры­лыс компаниясында әке­сімен бірге еңбек жо­лын бастады. 25 жа­сында Арно отбасылық биз­несті бас­қарды. 1981 жылы Францияның пре­зиденті социалист Фран­суа Миттеран болып ауыс­қаннан кейін АҚШ-қа қоныс аударып, сонда отбасылық ком­па­нияның бөлім­шесін құру­ға ты­рысты. Бірақ мансап­құмар­лығы оны құры­лыс­тың шеңберінен алып шықты. Арно өз елінде бастаған ісін халықаралық аренада көр­сетуге асықты.

1984 жылы «Christian Dior» брендінің саудаға қойылғанын біліп, оны сатып алуға бел буды. Тоқыма және бір реттік жаялық өндірісінде же­текші рольге ие «Dior»-ға еншілес «Boussac» ком­паниясы банкроттыққа ұшы­рап, француз үкіметі жаңа қо­жайын іздеп жат­қан тұс еді сол. Арно инвестициялық «Lazard Frères» компаниясына отба­сылық капиталдан 15 мил­лион доллар құйып, Boussac-ты құтқарып қалу­ға күш салды. Алайда, Арно «өндірісті өркендетіп, жұ­мыс орындарын сақтап қала­мын» деген уәдесінде тұрған жоқ. 9 мыңдай адамды жұмыстан босатып, компания активінің үлкен бөлігін 500 млн долларға жаппай сатып жіберді. Мұндай бассыздыққа бәрі таңғалды. Француздарша емес, америкалықтарша әре­кет етуіне қарап сол кездегі ақпарат құралдары Арноны «кашемир киген қасқыр» деп атады.

Миллиардерге сәттілік үнемі серік болды дей алмаймыз. 2001 жылы ол аты аңызға айналған «Gucci» итальян сән үйін бақылау жолындағы кү­ресте басты қар­сыласы Франсуа Пинодан жеңіліп қалды. Ақпарат құралдары қос алыптың айқасын «сөмкелер шай­қасы» деп атады.

Бай бизнесмен «LVMH» бренд­тік киімдерін ғана киеді. Аптасына төрт сағат теннис ойнап, салауатты өмір салтын ұстанады. «Толып кетпес үшін үнемі спортпен айна­лы­самын», – дейді француз. Теннис – ол үшін қарбалас жұмыс­тан бір сәт бой сергітуге мүм­кіндік беретін спорт түрі. Арноның жұмыс уақыты әдетте таңғы сағат 6 жарымда басталады. Ол қазір Париждегі Сена өзенінің сол жағалауында XVII ғасырда салынған үйде тұрып жатыр. Әр күні таңертең классикалық әуен тыңдайды, сән индустриясы төңірегіндегі жаңалықтарға қа­ны­ғады, жақындарымен және түрлі бренд жетекшілерімен хат алмасып, сөйлеседі. «Біздің өні­міміз арада қанша жыл өтсе де қазіргідей маңызды болса екен деп үнемі ойлап жүремін. Өйткені бұл – табыстың кілті», – дейді миллиардер. Оның таңғы сағат сегізде басталған жұмыс уақыты кешкі тоғызға дейін созылады. Кейде ми сергіту үшін офисінде орналасқан ро- ­я­льда ойнайтыны бар.

«Әкем тәулік бойы жұмыс істейді. Ұйықтап жатса да түсін­де жаңа идеялар көреді», – дейді алғашқы некесінен туған үлкен қызы Дельфина Арно. Әр сенбі сайын кәсіпкер «LVMH» брен­ді­нің дүкендерін аралап, сатушы-консультанттарға сауда орнын әсемдеу жөнінде кеңесімен бө­лі­седі. Одан бөлек, бәсе­ке­лестерінің де сауда нүктелеріне бас сұғуды әдетке айналдырған. «Оған «жоқ» деген сөз ұнамайды. Сөздік қорында мұндай сөз мүлдем жоқ», – дейді «Vogue» журналының бас редакторы Анна Винтур.

«Forbes» дерегі бо­йынша әлемдегі ең бай адам атанған бизнесмен – 70 жаста, табысы – 116,5 миллиард доллар.

Назерке ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<