Есірткісіз өмір ғажайып

1306

0

         Қоғамда есірткіге қатысты теріс пікір қалыптасқан. Бұл заңды. Өйткені өмірдегі теріс қылық, заңбұзушылықтар, қылмыстардың басым бөлігі осы есірткіқұмарлықтың салдарынан туындап жатады. Мен бұл тақырыппен ақпарат көздерінен таныспын. Күнделікті жаңалықтарда, ақпарат сайттарында ескіркі еккен адамдар, оны тұтынған адамдар ұсталып, құзырлы орындар оған қарсы әрекет көріп жатады. Тілшілер тіптен олардан сұқбат алады. Олардың теріс әрекетін өзге жастар қайталамасын деген ниеттен болар.

         Мен мектеп оқушысымын. Білім ордамызда да есірткіге қарсы шаралар, эссе байқаулары, сурет салу жарыстары өтеді. Мұндай іс-шаралардың өтуі дұрыс деп есептеймін. Себебі, біз сияқты жас ұрпақ есірткінің зияны адам ойлағаннан да қауіпті екенін мектеп кезінен біліп, ойға сіңіріп өсуі қажет.

         Жылдан-жылға есірткі қолданушылар қатары артып барады. Қоғамда оны сатушылар да, пайдаланушылар да бар. Тіптен, осы есірткі бизнесімен айналысатындардың көбі байлар деген мәлімет те көпшілік арасында тарап жүр. Есірткіге қарсы күрес жоқ емес. Оған қарсы арнайы мекемелер, мамандар да бар. Соның өзінде бұл кесел кең тарап, көп адамды құрығына іліп, өмірін улап жатыр. Меніңше, көп отбасылардың бұзылуына да осы есірткі тұтынудың зияны әсер етеді.

         Елімізде есірткі тұтынушылардың санын азайту үшін онымен айналысатын адамдарға қолданылатын жазаны да күшейту қажет деп есептеймін. Ұрлық үшін қытайлықтар қалай қатаң жаза қолданса, біздің елде есірткіге қатысы бар адамға да қатаң шара қолданып, жаза мерзімін көбейту керек секілді. Бұл жай ғана менің, яғни оқушының пікірі.

         Есірткісіз өмір ғажайып. Есірткінің орнына ұлттық сусынды тұтынып, ұлттық тағамдарымызды пайдаланса, ол адамдардың денсаулығы да, өмірі де жақсы болар еді. «Өз өмірің – өз қолыңда!» демекші, әрбір адам өз өмірінің суретшісі. Ол суретті қалай жарқын қылып саламын десең өз еркің емес пе?! Сондықтан, есірткіге тәуелділдікті жою да әр адамның қолынан келетін іс деп ойлаймын. Ғажап өмір, кемел келешекке қадам басу әрбір адамның қолынан келеді. Тек оған сенім, тәуелсіздік, жауапкершілік керек.

#есірткігеқарсыбайқауы

Жансая Оналова,

Қызылорда қаласы, №3 IT мектеп-лицей

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<