20 миллионға жеттік!

506

0

*Сурет ашық дереккөзден алынды

14 қарашада Қазақстан Республикасының халық саны 20 миллион адамға жетті. Халықтың деректер базасының көрсеткіштеріне сәйкес, 2023 жылғы 14 қарашада таңғы сағат 8.10-да туған 5 бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды. Қазақстанның мерейлі азаматтары Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келді. Қазақстан халқының санын 20 миллионыншы болып толықтырған 3 ұл мен 2 қызға Президент атынан арнайы сыйлықпен қатар, «Отбасы банкінің» 2 млн теңгелік сертификаты табысталды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды халық санының 20 миллионға жетуімен құттықтады. «Халқымыздың саны 20 миллионға жетті! Баршаңызды ақжолтай жаңалықпен құттықтаймын! Бақытты отбасы  – бақуатты елдің негізі. Мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға баса мән береді», – деп жазды Президент Twitter-де.

Елімізде халық санының 20 миллионға жеткені ел көлемінде аталып өтуде. Мысалы, Астана жастары 20 саны түрінде сап түзеп, Мемлекеттік туды желбіретті. Іс-шараға барлығы 200 волонтер қатысты.

Жалпы, көптік елдің береке-бірлігінің кепілі екенін халқымыз бұрыннан жақсы білген. Бұл тұрғыда халық санының өсуі ең алдымен ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан маңызды. Демограф Аяулым Сағынбаеваның пікірінше, әсіресе шекара маңындағы аумақтарда халықтың орналасуы бірінші кезекте маңызды. Сарапшы пандемияға қарамастан, еліміздің 20 миллиондық межеге жете алғанын, мұндай өсім ел тарихында болмағанын айтады. Осы демографиялық өзгерістерге қарап, тұтас әлеуметтік және экономикалық саясатты жаңарту үшін жаңа бастама берілгенін түсінуіміз керек.

Тәуелсіздік алған 1991 жылы Қазақстанда халық саны 16 миллион болды және 90-жылдары жаппай эмиграция мен туу көрсеткішінің төмендеуі халық санын едәуір азайтты. Бұл 16 миллиондық межеге Қазақстан 2009-2010 жылдары ғана қайта жетті. Елімізде туу көрсеткіші бойынша Түркістан, Маңғыстау және Атырау облыстары көш бастап тұр.

20 миллион адам – жай ғана цифр емес. Оның жағымды жақтарымен қатар, салдары туралы да ойлану керек. Әрбір туған бала – біздің адами капиталымыз. Оның қай жерде оқитынын, алған білімінің сапасын, денсаулығын, оған қолжетімді жағдайлар мен игіліктерді, әр баланың әлеуетін қалай жүзеге асыруға болатынын ойлау қажет.

1991 жылы Қазақстан Республикасының халық саны 16,4 млн адамды құраған. Тәуелсіздік жылдарында ел халқы 22,3% өсті. Мәселен, 2022 жылы 1991 жылмен салыстырғанда туу саны 353,2 мыңнан 403,9 мың адамға дейін немесе 14,7% өсті. Бала туудың ең жоғары көрсеткіші 2021 жылы тіркеліп, 446 мың баланы құрады. Табиғи өсімнің артуы нәресте өлімінің азаюы нәтижесінде қамтамасыз етілді. Жалпы өлім-жітім 1991 жылғы 8,20-дан 2022 жылы 1000 тұрғынға шаққанда 6,8 адамға дейін төмендеді.

Халықтың 1000 адамға шаққандағы туу көрсеткішін көрсететін жалпы туу коэффициенті тәуелсіздік жылдарында 1991 жылғы 21,6-дан 2021 жылы 23,6-ға дейін өсті. 2022 жылы бұл көрсеткіш 20,7 болды. Ең маңызды демографиялық көрсеткіштердің бірі болып саналатын туудың жиынтық коэффициенті 1991 жылғы 2,7-ден 1999 жылы 1,8-ге дейін төмендеді. Кейіннен оның біртіндеп өсуі байқалды. 2022 жылы туудың жалпы коэффициенті 1 әйелге шаққанда 3,05-ке жетті.

Күтілетін өмір сүру ұзақтығы 1991 жылмен салыстырғанда 2022 жылы 6,8 жылға өсті, бұл ретте ерлер арасында 7,7 жылға, әйелдерде 6 жылға өсті. Осылайша, 2022 жылы Қазақстанда күтілетін өмір сүру ұзақтығы 74,4 жасты құрады.

Биболат Сәтжан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<