2021 жылы желіде танылып, жұлдыз болғандар

894

0

Фото: ашық дереккөз

«Қызық LIVE» жаңажылдық әзіл жобасында «Халықтан шыққан жұлдыз» номинациясының жеңімпазы анықталды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Видеосы әлеуметтік желілерде таралып, бүкіл Қазақстанға танылғандар аталымына қызылордалық сылақшы қыз Гүлмайдан Серікбай, «қазақстандық Энрике» Медет Өтегенов, қойшы бала Айдос Кәденұлы және есек үстінде әндеткен Мұхаммедияр Ембай ұсынылған.

Аталымға үміткердің бәрі Желіде танылған әнін шырқап, халықты Жаңа жылмен құттықтап, жүрекжарды тілегін айтты. Ал сыйлықты тапсыру рәсімі әнші Жігер Ауыпбаевқа бұйырған екен. Ол – Айдос Кәденұлының продюсері. «Халықтан шыққан жұлдыз» номинациясы бойынша барлық төрт үміткер де жеңімпаз атанды.

Сондай-ақ, танымал кәсіпкерлердің бірі қалған үш әншіге кәсіби музықалық студияда ән жазуға демеуші болатынын айтты.

Әзіл жобада «Жыл сериалы», «Жыл адамы», «Жыл спортшысы», «Хайп-2021» секілді қалжың номинациялар бойынша үздіктер аталды.

Айта кетейік, «Қызық Премия» жобасы үшінші жыл қатарынан өтіп жатыр. Оның авторлары әрі жүргізушілері Марат Оралғазин мен Еркебұлан Мырзабек жылдың ең көп талқыланған тұлғаларын, эстрада әншілерін, спортшыларды, танымал саясаткерлерді және әлеуметтік желілерде кездейсоқ танылған қазақстандықтарды қонаққа шақырады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<