2022 жылдан бастап не өзгереді?

1099

0

Фото: ашық дереккөз

Тағы бір жылдың парағын жауып, жаңа белеске қадам бастық. Жаңа жыл – әдетте, жаңалықтар мен игіліктер күтілетін кезең. Біз жылдың алғашқы нөміріне алда болатын жаңалықтар туралы топтама әзірлеген едік.

 АЕК мөлшері

Еңбек, әлеуметік қорғау және көші-қон комитетінің облыс бойынша департаменті басшысының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары А.Маханова ұсынған мәліметтерге сүйенсек, бүгіннен бастап:

– Айлық есептік көрсеткіштің мөлшері (АЕК) – 3063 теңге;

– Ең төменгі зейнетақы – 46302 теңге;

– Базалық зейнетақы төлемі – 19450 теңге;

– Ең төменгі күнкөріс деңгейі  – 36018 теңге;

– Ең төменгі жалақы – 60000 теңге мөлшерінде белгіленді.

Осыған орай осы жылдан бастап жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері алынатын мөлшердің 7%-не арттырылады. 2022 жылы  тағайындалатын зейнетақы төлемін есептеу үшін ескерілетін табыс ең жоғары 46 еселенген АЕК-тен (140898 теңге) аспауға тиіс.

Әйелдердің зейнет жасы

Бүгіннен бастап әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасы 60 жас 6 айды  құрайды. 1962 жылы қаңтар-маусым айлары аралығында туған әйелдер 2022 жылдың екінші жарты жылдығынан бастап  зейнетке шығуға құқылы. 

Жәрдемақы

Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері  ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының ұлғаюына байланысты көбейтіледі. Оның мөлшері «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабына сәйкес, күнкөріс деңгейінің жаңа мөлшеріне проценттік арақатынаста белгіленеді.

Мүгедектігіне, асыраушысынан айырылуына  байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қамқоршыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы, I топтағы мүгедекке күтім жасайтын адамдарға берілетін арнаулы мемлекеттік  жәрдемақы алушылардың төлемдері күнкөріс деңгейі мөлшерінің ұлғаюына байланысты арттырылады.

№1, №2 Тізім бойынша (ерекше ауыр және зиянды жұмыс істеген адамдар үшін) мемлекеттік арнайы жәрдемақылар,  арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар, сондай-ақ балалар жәрдемақыларының мөлшері   АЕК мөлшерінің ұлғаюына байланысты арттырылады.

Балалар жәрдемақысына қатысты,  бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшері  бірінші-үшінші бала туғанда  110846 теңге (2021 ж.) болса, 116394 теңге (2022 ж.) немесе 5548 теңгеге, ал төрт және одан да көп бала туғанда 183771 теңгеден  192969 теңгеге немесе 9198 теңгеге артады.  

Бала бір жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы мөлшері тууы кезектілігіне байланысты бірінші балаға 17643 теңге, екінші балаға  20859 теңге, үшінші балаға  24045 теңге, төртінші және одан да көп бала туғанда 27261 теңгені құрайды.

4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын балалары бар  көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақының мөлшері бала санына қарай сараланады.

Сегіз және одан көп баласы бар отбасыларға  әр балаға 4 АЕК мөлшерінде белгіленеді. Атап айтқанда, 4 баласы бар отбасыларға 49100 теңге, 5 балаға 61383 теңге, 6 балаға 73666 теңге, 7 балаға 85948 теңге, 8 балаға 98016 теңге, 9 балаға 110268 теңге, 10 балаға 122520 теңге және әрі қарай, бала санына орай есептелініп төленеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<