2023 жылы қылмыстық атқару жүйесінің медициналық қызметі Денсаулық сақтау министрлігіне беріледі

376

0

Келесі жылы кәмелетке толмағандар мен әйелдерді ұстауға арналған тергеу изоляторларындағы медициналық функциялар Денсаулық сақтау министрлігіне беріледі. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Сотталғандарды медициналық қамтамасыз ету функцияларын Денсаулық сақтау министрлігіне беру бағытына тоқталған министр, бұл бойынша ұсыныс дайын екенін, осы жылы тиісті заңнама әзірленетінін айтты.

«Келесі жылы кәмелетке толмағандар мен әйелдерді ұстауға арналған тергеу изоляторларындағы медициналық функцияларды Денсаулық сақтау министрлігіне беру жоспарланып отыр.

2023 жылы Қылмыстық атқару жүйесінің барлық медициналық қызметі Денсаулық сақтау министрлігіне беріледі», – деді Е. Тұрғымбаев Сенаттағы полиция қызметіне қатысты Үкімет сағатында. Сонымен қатар ол пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек алуға көмектесу функцияларын жергілікті атқарушы органдарға беру қадамдарына да тоқталды.

Олардың қатарында: медициналық, психологиялық көмек беру, жұмыспен қамтамасыз ету орталықтары арқылы жұмысқа орналастыру, білім алуға көмектесу, құжаттарды алу және қалпына келтіру функциялары бар. Бұдан бұрын хабарланғандай, Ерлан Тұрғымбаев ішкі істер органдарын қажет емес функциялардан босату жұмыстарын баяндады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<