Егін алқабындағы еселі еңбек

5

0

Қармақшы ауданы Ақжар ауылындағы «Шакизада» шаруа қожалығы 2005 жылы құрылған. Қазіргі уақытта 50 гектар күріш, 77 гектар ескі жоңышқа, 0,5 гектар бақша және 70 гектар дән жүгері еккен. Мұнда 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев пен облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов Қармақшы ауданына жұмыс сапарында шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен танысты.

Биыл Қармақшы ауданында 25130 гектарға дақылдар егілді. Көк­темгі егіске 21 ауыл шаруашылығы құрылымына 1611,5 тонна арзан­датылған дизель отыны бөлінді.

Су үнемдеу технологияларын 600 гектар алқапқа, атап айтқанда, 19 гектарға тамшы­латып суару, 581 гектар малазықтық дақыл­дарына жаң­­бырлатып суару тәсілі қолда­нылады. Ұжымдық бақша жобасы аясындағы 420 гектарға 960 отбасын орналастыру жоспарланып, 260 гек­тар бақша, 63 гектар көкөніс және 97 гектар картоп егілді.

Айта кетейік, биыл өңірде 185,8 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды.

Мемлекет басшысының тапсыр­масына сәйкес, өткен жылмен салыстырғанда күріш егісінің көлемі 10,9 мың гектарға қысқартылған.

Ерте егілетін дақылдар, атап айтқанда, 7541 гектар мақсары, 415 гектар жаздық арпа, 4338 гектар жаздық бидай, 21394 гектар жаңа жоңышқа, 428 гектар қант құмайы, 873 гектар судан шөбі, 409 гектар сүрлемдік жүгері, 373 гектар соя, 120 гектар малазықтық асқабақ, 326 гектар тары, 1338 гектар картоп, 6 687 гектар көкөніс және 8501 гектар бақша егілді.