Тасбақаның құдіреті

586

1

Шіліңгір шілденің ып-ыстық кезі болатын. Дорбасындағы суы таусылып, ашығып, шөлдеп бір салт атты жолда келеді. Әбден қалжырап, сілесі қатқан тұлпары да жасыл желек шөптер мен тікенектерді қорек етуде. Кенет аталық тасбақа мен аналық тасбақаның ара қатынасқа түсіп жатқанын көзі шалып қалды.  Оны байқап қойған аталық тасбақа салт аттының артынан қуады. Қашуға әрекеттенген ол жайылымда жүрген атын ерттеп, тұра шабады. Бір күн қашады, екі күн қашады. Бұдан әрі қашуға шамасы келмей, қажыр-қайраты таусылып, үңгір мен төбешіктерге тығылуды ойлайды. Әлгі тасбақа ол жерге де жетіп үлгереді.  Онысынан да түк шықпаған соң, сол ауылдың әулие-ақсақалдарынан жөн сұрайды.

–Ата, маған көмегіңіз керек боп тұр. Мені жасыруыңызды өтінем! , – деп жолда болған жайттың барлығын айтып түсіндіреді. Сонда әулие:

–Еее, балам, өзіңе-өзің обалдық жасаған екенсің! Жалпы, мына өмірде басқа жануардың, аң-құстың төлдеуін адам баласы көруіне болады. Ал оның ішінде тасбақаның сондай әрекетін ешбір пенде көрмеуі тиіс.  Алыстан ат терлетіп кеп, көмек сұрап отыр екенсің. Алдымен, мына нәрсені есіңді сақта! Мен сені аман алып қалам деп айта алмаймын. Басқасы басқа тасбақаның құдіретіне ешнәрсе жетпейді. Дегенмен, қолдан келгенше, көмегімді берейін, –  деп жауап береді. Сонан соң, қол астындағы көмекшілеріне ауыл шетіндегі терең ордың үстіне қараша үй тұрғызуын бұйырады. Ішіне әлгі салт аттыны жасырып қояды. Шабармандарын тасбақаның қай жерде келе жатқанын бақылауға жібереді. Жай жүрісімен қоса, тасбақаның тапқырлығы да өте ерекше еді. Тапқырлығы сонша әлгі қараша үйді тауып келді. Қараша үйдің сыртын үш рет айналып шықты да, қайта айналып, кетіп қалды. Әулие шабармандарын алыстағанын білу мақсатында қайтадан жолға жібереді. Сол кезден бері  үш күн  уақыт өтті. Ұзап кетті-ау дегенде барып, қараша үйді төңкеріп, ордың ішін ашса, салт аттының өлі денесін көрген екен. Ал оның аштықтан ба, әлде шынымен де тасбақаның құдіретілігінен көз жұмғанынан ба деген сауал  әлі күнге дейін жауапсыз күйде қала берді.

                                                                                Гүлжанат ҚАДЫРБЕКОВА,

Қорқыт ата атындағы ҚУ-нің 4-курс студенті

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<