79 адам қамауда отыр

709

0

Облыс орталығында 5 қаңтарда орын алған тәртіпсіздіктер кезінде 18 ғимаратқа залал келген. Атап айтқанда, облыстық, қалалық әкімдік, «Nur Otan» партиясының облыстық және қалалық филиалдары, облыстық және қалалық сот, облыстық полиция департаменті, қалалық және жергілікті полиция басқармалары, 6 стационарлық полиция пункті зардап шеккен. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Байжан Байгелді мәлімдеді.

– Сондай-ақ, 147 автокөлік, оның ішінде 119 мемлекеттік автокөлік зақымданып, қала орталығындағы ломбардтан жалпы құны 300 млн теңге болатын алтын бұйымдар және «Ақмерген» аңшы дүкенінен 6 млн 212 мың теңгенің заттары ұрланған. Аталған ұрлық қылмыстары бойынша күдікті 5 тұрғын ұсталып, қамауға алынды, – деді ол.

Сонымен қатар, департамент бастығының орынбасары тәртіпсіздік кезінде ішкі істер органында сақтауда тұрған қару-жарақтарды иемдену мақсатында полицияның 3 ғимаратына қарулы шабуыл жасалғанын айтты. Жалпы саны 210 адам, оның ішінде 58 полиция қызметкері түрлі дене жарақаттарымен ауруханаларға көрінген.

Аталған деректер бойынша Қылмыстық кодекстің бірнеше баптарымен, атап айтқанда кісі өлтіру, террористік акт, жаппай тәртіпсіздік, қарақшылық, билік өкіліне қатысты күш қолдану, басқа да баптар бойынша 59 қылмыстық іс тіркелген. Тәртіпсіздік пен қарулы шабуылға қатысы бар деген күдікпен 99 адам ұсталған. Қазіргі таңда 79 адам қамауда отыр.

– Оларға дер кезінде адвокаттар қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, полиция қызметкерлері тарапынан заңсыз іс-әрекеттердің алдын алу үшін барлық ұсталғандар сот-медициналық сараптамадан өткізіліп, содан кейін ғана қамау шаралары қабылданған. Қазіргі уақытта сотпен 22 адам қамаудан босатылды. Оның ішінде әлеуметтік жағдайы мен денсаулығына байланысты тергеу органының өтініш хатымен екі әйел және бір ер азаматтың шарасы жеңілдетіліп, үйқамаққа өзгертілді, – деді Байжан Байгелді.

Қазіргі таңда бірнеше органдардан құрылған ведомствоаралық жедел тергеу тобы қылмыстық істің мән-жайын жан-жақты тергеп-тексеруде. Тергеушілер қабылдаған негізгі шешімдер қылмыстық процестің үш буынды моделіне сәйкес прокуратурамен келісілген және мәжбүрлеу шараларын тергеу соты санкциялаған.

Айта кетейік, азаматтардан өзіндік қауіпсіздік басқармасына полиция органдары қызметкерлерінің әрекетіне қатысты 25 арыз-шағым түскен. Б.Байгелді аталған шағымдар бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын айтты.

– Облыс тұрғындарын сабыр сақтауға, тергеу органының әрекетіне түсіністікпен қарауға шақырамын. Барлық тергеу әрекеттері заң шеңберінде жүргізіледі, – деді ол.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<