Онлайн-аукцион арқылы жер телімі сатылды

15

0

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Ауылшаруашылығы және Әділет министрліктерімен, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен  және облыстық әкімдіктермен бірлесіп, Бірыңғай мемлекеттік жер кадастрын жасау және енгізу аясында электрондық сауда-саттық арқылы мемлекеттік жер телімдерін сату бойынша жобаны жүзеге асырды.

Онлайн-аукцион арқылы Қызылордада үш жер телімі сатылды. Біреуі бастапқы бағасы 1,5 млн теңгені құрап, соңында 2,8 млн теңгеге, қалғандары бірі – 246 мың, екіншісі – 396 мың теңгеге сатылды.

Онлайн-аукцион қалай өткізіледі?

Саудаға әрбір қазақстандық қатыса алады. Онлайн-аукционның қатысушысы болу үшін eGov порталына тіркеліп, «Жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалдау құқығын сату жөніндегі сауда-саттықты (аукциондарды) ұйымдастыру және өткізу арқылы жер учаскесін мемлекеттік меншіктен беру» мемлекеттік қызметін таңдап, қатысушының өтінімін толтыру керек.

ЭСҚ көмегімен өтінім толтырылғаннан кейін қатысушы https://e-auction.gosreestr.kz/ сілтемесімен «Электрондық сауда алаңына» бағытталады. Бұл жерде де тіркеуден өтіп, кепілдік төлемақысын төлеуі қажет.

– Сауда бағаның жоғарылауы, яғни ағылшын әдісімен жүргізіледі. Бастапқы құны жердің кадастрлық құнымен анықталады.

– Сауда аяқталған соң жеңімпаз жер телімінің құқық белгілеуші құжаттарын алады. Бұл қызмет мемлекеттік корпорация арқылыкөрсетіледі.

Жобаның мақсаты қандай?

Онлайн сауданың барлық процесі ашық, нәтижесіне әсер ету мүмкін емес – бұл жер қатынастары саласындағы сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған алғашқы қадам. Жоба бүкіл республика көлемінде жүргізілетін болады. Келесі онлайн-аукцион 8 шілдеде Ақтөбеде өтеді. Мұнда да бірнеше жер телімі сатылымға шығарылады. Айта кетейік, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жер теліміне қатысты жерге орналастыру жобасынан бастап жер теліміне мемлекеттік акт даярлап, оны тіркеуге дейінгі барлық құжаттардың рәсімделу процесін жүргізеді.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»