Сырбойылық зияткерлер республикалық байқауда топ жарды

288

0

Фото: автордан

Ақтау қаласында өткен X республикалық «Ақберен» өнер байқауында Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары екі жүлделі орындармен марапатталды.

«Шешендік, білгірлік сайысы» номинациясы бойынша 12-сынып оқушысы Нұрназар Түрікпен 1-орын иеленсе, «Ұлттық аспапта өнер көрсету» номинациясында 11-сынып оқушысы Сырсұңқар Базарбайұлы 2-орынды қанжығасына байлады және «Эссе жазу» сайысында 11-сынып оқушысы Айя Сердалы «Дарын» грамотасымен марапатталды.

«Ақберен» – жас ұрпақтың бойында отаншылдық рухты сіңіру, тілді, әдебиетті жете меңгеру, өлең жазу, ақындық, сөз өнерінің қадір-қасиетін түсіну, шығармашыл жастардың дарындылығын айқындау және қолдау мақсатында өткізілетін еліміздегі беделді додаларының бірі. Биыл аталмыш байқауда 8-11 сынып оқушылары арасынан 132 өнерлі өрен бәсекеге түсіп, бақтарын сынады.
«Қатысушылар «Ақбереннен» достар тауып, Каспий теңізімен сырласып, үлкен әсер алып, туған жерлеріне шабыттанып қайтты. Алдағы уақытта шәкірттерімізге шабыттары шалқып, шаттықтары молайып, шығармашылықтың шыңына жетсің деп тілеймін. Шабыты тасыған шығармашыл тұлғадан шиыршық атқан өміршең туындылардың жарық көретіні сөзсіз», – дейді жеңімпаз оқушының жетекшісі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Күлжақан Өксікбаева.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<