Әйеліне былапыт сөйлегені үшін жауапқа тартылды

648

0

Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік соты қызмет барысында «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексіне сәйкес әртүрлі құқық бұзушылық  істерді қарап, қаулылар шығаруда. Сот тәжірибесінде жиі кездесетіні – ұсақ бұзақылық.

«Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР 2019 жылғы 30 желтоқсандағы №300-VI  Заңы бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осы жаңа өзгерістерге сәйкес, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінің бірінші абзацы «Ұсақ бұзақылық, яғни қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға қорлап тиiсу, тұрғын үй-жайларды қорлау жəне айналасындағыларға сыйламаушылықты бiлдiретiн, қоғамдық тəртiптi жəне жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай əрекеттер», – деген редакциямен ауыстырылып, соттың құзырына қалдырылды.

Аталған бап 434-2-баппен толықтырылып, яғни «Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау» бұған дейін соттардың құзырында болып келген бұл істер сақшылардың қарауына берілді.

Жуырда Қызылорда мамандандырылған әкімшілік сотында осындай әрекетке байланысты әкімшілік іс қаралды. Бір айтарлығы, бұл істе жұбайы подъезде зайыбына былапыт сөйлеп, ар-намысына тиген.

 Істің мән-жайына тоқталсақ, құқық бұзушы А.Орманов подъезде, яғни қоғамдық орында өзінің бұрынғы зайыбы Л.Жарасоваға былапыт сөйлеп, айналасындағыларға сыйламаушылықты білдіріп, қоғамдық тәртіпті және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын  әрекеттерге барған.

Бұл әрекет жоғарыда айтып кеткеніміздей, ұсақ бұзақылыққа жатады. Сот ісі барысында құқық бұзушы өз әрекетін толық мойындап, бұзақылық жасағанына шын жүректен өкінетінін айтты.

Сот, іс құжаттарын зерттеп, іске қатысушылардың түсінігін басшылыққа ала отырып,  А.Ормановқа айыппұл салды.

Бұл айтылған мысал жастарды ойландырып, олардың ұсақ бұзақылық жасауға итермелейтін әрекеттерден аулақ болуына ықпал етіп, яғни әйелдерге қатысты бұзақылық істері үшін соттың қаулысымен жазаланатынын есте ұстауына себеп болары сөзсіз.

Гүлмира ИСКАКОВА,

Қызылорда қаласының мамандандырылған

 әкімшілік сотының судьясы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<