Әке тәрбиесі – тағылым мектебі

880

0

Биыл елімізде алғаш рет маусым айының үшінші жексенбісі – «Әкелер күні» болып мерекелік күнтізбеге енгізілді. Жалпы отбасының беріктігі ер-азаматқа тікелей байланысты. Халқымызда әкені ерекше құрметтеп, мәртебесін жоғары қою дәстүрі орныққан.

Осы атаулы күн қарсаңында өңірде «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы құрылған еді. Негізгі мақсаты – отбасы және ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Ер балаларға болашақта әке міндетін ұғындыру және әкелердің бала тәрбиесіне араласуына оқу орындарымен байланыста болып ықпал жасау.

«Достық үйінде» өңірімізде алғаш рет әкелер форумы өтті.

Форумның ашылу салтанатында сөз алған облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов тағылымы зор жиынның маңызын атап өтті.

– Қазақ ұғымында әкенің беделі аласармаған. «Отан  отбасыдан басталады» деген даналық сөздің маңызы жоғары. Ұлттық тәрбие де үйден бастау алады. Ер бала әкесіне сырын ашық айта алуы керек. Бүгінгі жас – ертеңгі елдің тірегі. Кемел келешегіміз үшін жас ұрпақты ұлттық тәрбиеге баулығанымыз жөн. Қазақ «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деп жайдан-жай айтпаса керек. Бала бойындағы жақсы қасиеттердің барлығы әкеден беріледі, – деді мәслихат төрағасы.

Сонымен қатар жиында «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Бекдайыр Күзембай сөз сөйлеп, мұндай кездесулер ауқымын кеңейту керектігін жеткізді.

Одан әрі отбасылық демалыс орнында әкелер мен балалар ұлттық ойындар ойнап, өзара сайысқа түсті. Жаңа форматтағы еркін кездесу ер балалардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов әрбір отбасында елін сүйетін, ұлтжанды азаматтың тәрбиеленіп шығуы әке тәрбиесімен тығыз байланысты екенін айтты.

Қорытындысында алдағы жоспар жайы талқыланып, белсенді азаматтардың ұсыныстары тыңдалды. Зергерлер қолөнер бұйымдарының жасалу жолдарын көрсетіп, ер балаларға кәсіптерінің қыр-сырын бөлісті.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<