Әлем: вакциналау қарқыны қандай?

411

0

Әлем елдері қазір қауіпті індеттен арылып, жыл бойы дағдарысқа ұшыраған экономиканы қалпына келтіру шараларына жаппай бет бұра бастады. Бірақ әлемдік ақпарат құралдарынан мәлім болып отырғанындай,  мәселе әлі де күрделі. Сарапшылар экономиканың қалпына келуін халықты жаппай егу шараларымен байланыстырады. Бұл – негізінен қазіргі тұралаған халыққа қызмет көрсету салаларының, орта және шағын бизнес, жол, әуе қатынас салаларының жұмысын өркендетуге бастайтын бірден-бір жол.  Сол мәлімет көздерінде айтылғанындай, әзірге егу шаралары Еуроодақта, Ресейде, Қытайда және АҚШ-та біршама қарқын ала бастаған сыңайлы.

Дегенмен, қауіпті дерт вакцинасы бірқатар елдерде теріс жағдайдың орын алуына әкеп соғуда. Бұл негі­зінен әр елде шығарылған вакци­на­ның әсері әртүрлі болуынан ту­ын­дауда. Кеше ғана Еуроодақ ел­де­ріне алдырылған американдық вак­цина­ның қолданған сәттен адам­дар­да қан ұю синдромы басталғанын алаң­даушылықпен хабарлаған де­рек­тер түсе бастады. Ә дегеннен Еуроодақ астанасы Брюссельде бұған тиісті ша­ра көру қажеттігі айтылып, пре­па­ратты егу шаралары тоқ­татылды.

Жалпы әлемде вакцинацияға қа­тысты пікірлер де біркелкі емес. Айталық Ресейдің «Спутник V» вак­цинасы туралы алдымен жағымсыз пікірлер көп айтылған болатын. Осындай теріс насихатқа қарамастан, Еуроодақтың бірқатар мемлекеттері ресейлік дәріге көптеп тапсырыс бере бастады. Тіпті 1,5 млрд халқы бар Үндістан вакцинаны өз елінде өндіруге лицензия алды. Қазір «Спут­ник V» вакцинасы тиімділігін көрсетті. Тіпті үлкен саясатта Ресейге «өкпесі қара қазандай» деген елдердің өзі оны алуға мүдделілік таныта бастады.

Ақпарат көздерінің соңғы мәлі­меттеріне қарағанда АҚШ пен Қытай егу жөнінен әлемде көш бастап келеді. Израиль мен Біріккен Араб Әмірлігі алғашқылардың қатарында егу шараларын бастап кетті. Әрбір 100 адамға шаққанда егілгендердің саны жөнінен АҚШ пен Қытай алда келе жатқанын атап өткіміз келеді. АҚШ-та қазірдің өзінде 45 млн адам егілді. Қытайдың көрсеткіші – 40 млн-нан астам. Мұнда алдағы  екі ай шешуші кезең болатын түрі бар. Осы аралықта халықтың үштен біріне жуығын егу шараларымен қамту – мемлекеттің басты міндеті. Бірақ сарапшылардың пікірінше, атал­ған міндеттің орындалуы оңайға соқ­пай­тын түрі бар. Себебі елде 1,5 млрд халық тұрады. Бұл орайда Еу­ро­одақ елдерінің амбициясы да жо­ғары. Одақ елдері қазірдің өзінде 20 млн адамды егу шараларымен қамтыды. Данияның, Литваның, Ис­па­нияның, Польшаның, Италияның алғашқы көрсеткіштері бөтен емес. Ұлыбритания мен Үндістан алдағы екі айда жақсы көрсеткіштерді игеруді межелеп отыр.

Алайда әлемде қауіпті дерттің таралу қаупі әлі жоғалатын сыңайы байқалмайды. Соңғы күндері Түркия­да қауырт жағдай қалыптасты. Осыған орай қоғамдық тамақтандыру, басқа да көпшілік орындарда болуға тыйым салынды. Түркиямен көп ел әуе қа­тынасын үзді. Осының барлығы өз кезегінде экономикаға қатты сал­қынын тигізуде. Түркияның негізгі бюд­жет табысы болып саналатын ту­ризм, осыған қатысты қызмет сала­лары тоқырауға ұшырады.

Көрші Ресейде вакциналау шара­лары біршама қарқынды басталды. Өңірлерде қабылдау орындары өсе түсуде. Өз кезегінде олардың өткізу сыйымдылығы артуда.

Әлем экономикасын талдап отыр­ған Бүкіләлемдік Банк, Халықаралық валюта қоры әзірге оптимистік көз­қарас білдіруге асықпайды. Себебі әлем халықтарын вакциналау шара­лары енді ғана басталды. Өткен жы­лы әлемдік ішкі жалпы өнімнің 6 про­центке төмендеуін қалпына кел­ті­ру үшін ұзақ уақыт керек. Осы тұр­ғыдан алғанда екпіні әзірге басыла қоймаған коронавирустың зала­лын жою кем дегенде екі жылға со­зылатын сыңайы байқалады. Сол се­бептен халықаралық қаржы ұйым­дары үзілді-кесілді болжам айтуға асықпайды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<