Әлемдік рейтингте көтерілді

460

0

Фото: ашық дереккөз

Аустралия ашық чемпионатының финалисі Елена Рыбакина осы жарыс қорытындысы бойынша 1 300 рейтингілік ұпайға ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, соның нәтижесінде Е. Рыбакина дүйсенбіде жаңартылатын әлемдік рейтингіде ел тарихында алғаш рет 10-орынға көтеріледі.

Қазақстандық теннисші сондай-ақ, жекелей және жұптық сынды қоса есептегенде, осы «Үлкен дулыға» турнирінде 1 млн 143,5 мың АҚШ доллары көлемінде табыс тапты.

Аустралия чемпионы Арина Соболенкоға 2,05 млн доллар тиеді. Ол әлемдік рейтингіде екінші орынға шығады. Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов Е. Рыбакинаның осынау табысына орай өз пікірін білдірді.

«Мен Еленаға жоғары деңгейде өнер көрсеткені үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Бұл – елімізде теннистің табысты дамып келе жатқанының көрінісі. Australian Open финалына дейін жету – шеберлік пен тұрақтылықтың белгісі. Дода барысында Елена әлемдік рейтингінің көшбасшысы Ига Швентекті, басқа да мықтыларды тізе бүктірді. Олардың үшеуі – «Үлкен дулыға» турнирінің жеңімпазы. Еленаның түрлі төсеніштегі корттарда өзін еркін сезініп, қарсыласына байланысты тактикасын сауатты құратыны, өз ойынын үнемі жетілдіріп келе жатқаны айқын көрініп тұр. Жылдың сәтті басталуы алдағы жеңістерге жол ашады деп үміттенемін», – деді Б. Өтемұратов.

Елена Рыбакина енді Дубайда өтетін жарысқа қатысады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<