Әлеуметтік жобалар жәрмеңкесі

824

0

Аймақта әлеуметтік жобаларға қолдау көрсетілуде. Үкіметтік емес ұйымдардың маңызды жобаларына жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржы соңғы 4 жылда 3 есеге артқан. Облыстық ішкі саясат басқармасының бастамасымен «Достық үйінде» осы бағыттағы жобалардың жәрмеңкесінде комиссия назарына 30 жоба ұсынылды.

– Жәрмеңкеге ұсынылған жобалар мемлекеттік бағдарламаларда айтылған негізгі басымдықтарды іске ас­ыруға, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды насихаттау, ішкі туризмді дамыту, отбасылық-демография­лық саясатты жүзеге асыру, жастарды, ауылдық ҮЕҰ-ны, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау­ға, волонтерлікті дамытуға бағытталған. Биылғы жобалар жәрмеңкесіне 201 миллион 159 мың теңгенің 30 жобасы ұсынылған, – деді облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет.

Қарлығаш Ілиясова көптен бері қолөнермен айналысып келеді. Атадан балаға мирас боп қалған төл өнерді жаңғыртуда ауқымды шаруа­лар атқарған ол бүгінде өз алдына орталық ашқан. Әлеуметтік жобалар жәрмеңкесіне «Атакәсіп – асыл тұлға» жобасымен келді. Ұмыт болып бара жатқан ұлттық құндылықтарымызды өскелең ұрпақтың санасында жаңғыртып, кейінгі толқынды ісмерлікке баулуды мақсат етіп отыр.

– Облыс бойынша қол­өнердің үлгісін сол қалпында ұсынып келе жатқан бар-жоғы 8 адам бар. Олардың жасы 70-80 шамасында. Зергерлікке келсек, мен білетін 3-ақ адам бар. Олардың ең жасы 40-50 шамасында. «Өнерді үйрен де жирен» деген. Осы дағдыны меңгеріп, кейінгі жастарды ұлттық өнерге баулуымыз керек. Кілем тоқудан Кеңес дәуірінде алда болған өңірміз,  қазір бұл өнер де кенжелеп қалған. Қойдың жүні ауылдардың сыртында төбе-төбе болып өртеніп жатыр. Оны қолға алып, шикізат ретінде пайдалануымыз керек. Наурыз мерекесінде тәуір киіз үй таппай қынжылатынымыз тағы бар. Бұл – үлкен мәселе. Мен осы олқылықтарды қалып­қа келтіргім келеді, – дейді ол.

Жобалар жәрмеңкесінде бұдан басқа «Сыр елінің дара есімдері», «Қоғамдағы отбасы мәртебесін арттыру», «Тарихты білу – ұрпаққа парыз», «Экспонаттарды насихаттау» тәрізді жобалар тыңдалды.

Айта кетейік, өңірде 996 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Оның 454-і ғана өңірдің рухани-мәдени, қоғамдық өмі­ріне араласып жүр. Ал жобалар жәрмеңкесінің мақсаты – үкіметтік емес ұйымдардың қоғамға, елдің дамуына септігін тигізетін идеяларын жүзеге асыру.

Дәулет ҚЫРДАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<