Әрбір мәселеге талдау жасалады

1063

0

Бейсенбі күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кезектілік тәртібімен жазылған азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Онда 15 тұрғынның мәселесі тыңдалды. Қабылдауға келген қала тұрғыны әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасыға берілетін азық-түліктің сапасына қатысты шағымын білдірді. Бұл ретте облыс әкімі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаевқа тиісті сыннан қорытынды шығаруды тапсырды. Сондай-ақ, қала тұрғындары Бақытжамал Қаржауова «Бәйтерек» ықшам ауданында орналасқан жер учаскесіне инфрақұрылым және жол жүргізу туралы өтінішін білдірсе, Болат Калмаханов Қара Бура әулие көшесіне аяқсу жүргізу, канализация тарту мәселелерін көтерді. Тұрғындар мәселесіне орай аймақ басшысы қала әкімі Асылбек Шәменовке тиісті жұмыстарды жүргізуді тапсырды.

Қазіргі таңда мердігер мекеме тарапынан «Бәйтеректің» 2-ші кіреберіс жолын асфальттау, сондай-ақ, 1-ші кіреберіс жолына дайындық жұмыстарын жүргізуде. Ал, «Бәйтерек-1» тұрғын ауданы, 29 тұйық көшесі бойында ауызсу құбыры, электр желісі тартылған.

Мұнан бөлек, жеке қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі әлеуметтік көмек беруді, жұмыспен қамту, денсаулық саласына қатысты, тұрғын үй алу сынды өтініштерін жеткізді.

Қала тұрғыны Абай Шайнұров облыста созылмалы бүйрек ауруымен ауыратын азаматтардың саны жылдан-жылға артуына байланысты науқастарға қажетті аппараттың алынуына ықпал етуді және салада нефролог мамандардың жетіспеушілігін алға тартты.

Аймақ басшысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасарына мәселеге толық талдау жүргізіп, тиісті жұмысты үйлестіруді тапсырды.

Қабылдауға келген тағы бір тұрғынның мәселесі де гемодиализ арқылы емделумен байланысты болды. Облыс әкімі әрбір науқастың еміне қарай тиісті шараларды зерделеп, мәселені оңтайлы шешудің жолын қарастыруды жеткізді.

Айта кету керек, осы уақытқа дейін облыс әкімі 15 жеке қабылдау өткізіп, 130-ға жуық азаматтың мәселесі қаралды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<