Әрбір жобаның тиімділігі ескеріледі

513

0

Кеше облыс әкімі жанындағы кеңесте Сырдария ауданында құрылыс саласы бойынша ұсынылған жобалар талқыланды. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов жүргізіп отырды.

– Облыс әкімі жанындағы кеңесте өңіріміздегі маңызды жобалар таразыланады. Негізгі міндет – әлеуметтік сала, жылу-энергетика, газдандыру, сумен жабдықтау объектілерін, автомобиль жолдарын салу, қайта жаңғырту мен жөндеудің орындылығы мен кезектілігі мәселелерін қарау. Сондай-ақ, кеңес отырысында жобаланған нысандардың қуаттылығы, бөлінетін жер учаскесі, техникалық шарттарды айқындау, жобаларды оңтайландыру және түзету назарға алынады, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Оның айтуынша, қазір облыс бойынша дайын 205 жоба бар. Оларды іске асыруға 132 млрд теңге қажет. Жалпы, жобаны іске асыру мерзімі жоба-сметалық құжаттама бекітілген сәттен бастап 3 жылдан аспауы тиіс. Сондықтан аталған жобаларды іске асыру мәселесі проблемалы бола бастайды.

Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев Сырдария ауданы бойынша кеңеске ұсынылған 57 жоба жөнінде баяндап берді. Олардың қатарында көппәтерлі тұрғын үй, мектеп құрылысы, жаяу жүргіншілерге арналған жол, бірқатар елді мекендерді электрмен жабдықтау және жарықтандыру, газ құбырын жеткізу, денсаулық сақтау саласы нысандарындағы күрделі жөндеу жобалары бар.

Отырыста аудан орталығы – Тереңөзек кентіндегі 250 балаға арналған мектеп құрылысының жобасы кеңінен талқыға түсті. Аталған жобаның сметалық құны 1,4 млрд теңгеден асады. Сондай-ақ, Сырдария аудандық спорт клубы ғимаратын күрделі жөндеу жобасы жөнінде көп ұсыныс-пікір айтылды. Облыс әкімінің орынбасары мектеп құрылысының жобасы қымбатқа түсіп тұрғанын айтып өтті. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізде салынған білім ордаларының құрылысы одан біршама арзанға түскен. Ал ұзақ жылдан бері пайдаланып келе жатқан спорт клубы ғимаратын күрделі жөндеуден гөрі, түрлі қаржы көзі арқылы жаңасын салу қолайлы екені көрініп тұр.

Өзге де жобалар бойынша ұсыныс-пікірлер айтылды. Басқарма басшылары, сәулетшілер, жобалаушы мамандар тарапынан нақты жауаптар берілді.

– Кеңес отырысында әрбір жоба бойынша кеңінен талқылап, ақылдасу арқылы олардың тиімділігін бағалауға көңіл бөлінеді. Рас, әрбір жобаның елдің тыныс-тіршілігінде маңызы зор. Оларды жүзеге асырудың қандай жолы бар? Мәселен, аталған ғимараттарды салу үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша жұмыс жүргізілуі тиіс шығар. Алдағы уақытта Қызылорда қаласы мен облыстың барлық ауданы бойынша жобаларды жан-жақты іріктеуден өткізетін боламыз, – деді Мархабат Жайымбетов кеңес отырысынан кейін журналистерге берген қысқаша сұхбатында.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<