Әуе толқынында – Қазақ радиосы

650

0

Бір ғасырлық мерейтойы тойланып жатқан Қазақ радиосының тарихы Сыр өңірімен тығыз байланысты. Себебі 1921 жылы жұмысын бастап, араға бес жыл салып, қалыптасу кезеңінен өткен радио 1926 жылдың қазанынан хабарларын Қызылордадан тұрақты беріп отырған. Осылайша, ұлттың үнжариясы еліміздің сол кездегі астанасы Ақмешіттен әуе толқынын таратты.

Өткен сенбіде Қызылорда қаласында Қазақ радиосының 100 жылдық мерейтойы аясында және 1 қазан «Радио қызметкерлері күні» мерекесіне орай Қазақ радиосының құрметіне көше берілді.

Салтанатты іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет, «Қазақ радиолары» ЖШС бас редакторы – «Қазақ радиосының» директоры Дулат Абибуллаев, «Қазақ радиолары» ЖШС стратегиялық дамыту қызметінің жетекшісі Мұхамедияр Рашай, облыстық мәслихаттың депутаты, «Қоғам ТВ» телеарнасының құрылтайшысы Шәкизада Әбдікәрімов,  «Qyzylorda» телеарнасының директоры Жағыппар Қарабала және Сыр елінің зиялы қауымы қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Қазақ радиосының тарихынан деректер кел­тіріп, ғасырлық мерейтойға орай құттықтауын жеткізді.

– Өткен ғасырдың басында астана Орынбордан Қызылордаға көшкенде, Қазақ радиосы Қызылорда қаласына қоныс аударып, ұлтымыздың рухани дамуына сүбелі үлес қосты. Ұлт руханиятын көздің қарашығындай сақтап, радио тарихының алтын шежіресін жасаған барша қызметкерлердің еңбегі орасан зор деп білемін. Облыс орталығында Қазақ радиосына көше берілуі – Сыр елінің төл радиоға деген үлкен құрметі, – деді Серік Ахмет.

Сонымен қатар, Дулат Абибуллаев Сыр елімен Қазақ радиосының тағдыры тарих парақтарында тоғысқанын айтып, құрметіне көше беру үлкен сый екенін жеткізді.

– Бір кездері радио Қызылорда қаласынан 5-6 жылдай әуе толқынына шығып, кейін көш Алматы қаласына қарай бой түзеді. Қазақ радиосының ғасырлық тойы қарсаңында ұжымның ниетін қолдап, радионың атын айшықтауға жан-жақты қолдау көрсеткен облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықоваға және барша жанашыр жандарға алғыс айтамыз, – деді ол.

Ал, Шәкизада Әбдікәрімов Тәуелсіздіктің таңы атып, егемендікті еншілеп, еңселі ел атанған Қазақстанның Қазақ радиосы халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тілі, діні, әдебиеті мен мәдениеті жайында тәулік бойы хабар тарата алатын нағыз ұлтжанды ақпарат көзі екенін айтып, құттықтау лебізін арнады.

Айта кету керек, салтанатты шарадан кейін атаулы мерекелерге орай елордадан келген қонақтар Қызылорда қаласының тарихи музейіне «Қазақ радиосының шежіресін», «Қазақ радиосының антологиясын» табыстады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<