Әжелер салған ән қандай?

737

0

Облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен әжелер ансамбльдерінің облыстық байқауы өтті.

Асыл әжелердің, әйел-аналардың мәртебесін арттырып, отбасылық құндылықтарды насихаттауды мақсат еткен «Ақ жаулығым – тұмарым» атты шарада облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев ұлттық тәрбиедегі қазақ аналарының рөліне ерекше тоқталып, облыстың түпкір-түкпірінен келген өнер ұжымдарына ризашылығын білдірді.

– Әлімсақтан әжелеріміз – тәлім мен тәрбиенің тұма бастауы бола білген. Олар қай кезде де ағайын-туманың бірлігін сақтап, әулеттегі абысын-ажындардың ақылшысы атанған. Сондықтан бұл шараның келіндеріміз бен бойжеткен қыздарымыз үшін өнегесі мол, – деді Серік Әбішұлы.

Байқауға облыс орталығы мен аудандардан 10 ансамбль қатысып, «Қызым, саған айтамын, келінім, сен тыңда», «Қолөнер – зор өнер», «Ән –халық мұрасы» бөлімдері бойынша өзара бақ сынады.

Республикалық, облыстық деңгейде өткізілген байқауларда жүлдегерлер қатарынан көрініп жүрген әжелер сайысы тартымды да тартысты өтті.

Жарыс қорытындысы бойынша Жалағаш ауданынан қатысқан «Асыл әжелер» ансамблі жеңімпаз атанды. Екінші орын Шиелі ауданынан келген «Ақ әжем – алтын қазынам» ансамбліне бұйырды. Үздік үшінші орынды Сырдария ауданынан «Ару ана» ансамблі иеленді.

Барлық қатысушылар мен жеңімпаздарға арнайы алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.

Иә, «Алып анадан туады, арғымақ биеден туады» деп тегін айтылмаса керек-ті. Әже көкейіндегі иба ұрпақ жадында жаңғырып жатса, ертеңгі ел мерейі емес пе?! Байқау барысында айтылған өнегелі өсиет, орындалған іс осыған саяды.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<