Ағалы-інілі шахматшылар топ жарды

1492

0

Қыркүйектің 10-ында еліміздің солтүстік аймағынан шыққан «Шахмат керуені» Қызылордаға жетті. Республикалық жоба өңірлердегі осы ойынның дамуына өз үлесін қоспақ. Керуеннің келуіне орай орталық алаңға жиналған жұртшылық алдында облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет құттықтау сөз сөйлеп, ойшылдар ойынының бүгіні мен ертеңі туралы ойын білдірді.

– Алты Алашқа ана болған Сыр өңіріне «Шахмат керуені» келіп жатыр. Бұл – біз үшін маңызды оқиға. Өйткені облысымызда шахматтан жетістіктерге жетіп жүрген спортшыларымыз баршылық. Олардың қатарында 12 дүркін Қазақстан чемпионы, 3 дүркін Әлем, 7 дүркін Азия чемпионы, облыс тарихындағы тұңғыш ФИДЕ шебері Әсел Серікбай мен 9 дүркін Қазақстан чемпионы, оқушылар арасында Әлем, Азия чемпионы Назерке Нұрғали сияқты мақтаныштарымыз бар. Әлі де ортамыздан болашақ гроссмейстерлер шығатынына сенімдімін, – деді ол.

Әкім орынбасарының айтуынша, бүгінде облыста 14175 адам, оның ішінде 7189 ауыл тұрғыны шахматпен айналысса, жас зияткерлерге 365 жаттықтырушы сабақ береді.

Шара кезінде Шахмат федерациясының облыстық филиалы ашылып, оның төрағалығына кәсіпкер Асқар Махамбетов тағайындалды. Федерацияның вице-президенті Марат Есенов аймақтағы филиалдың ашылуы шахмат спортындағы жетістіктерді көбейтуге мүмкіндік беретіндігін жеткізді.

– Қазірдің өзінде жүзеге асып жатқан көптеген бастама бар. «Мектептегі шахмат» пилоттық жобасы аясында Қызылорда облысындағы 5 мектеп оқушылары интеллектуалды ойынмен кәсіби түрде шұғылданып жатыр, – деді ол.

Алаңда тігілген мобильді киіз үйде швейцарлық жүйе бойынша 11 кезеңнен тұратын блицтен турнир болып, 20 адамның ішінен үш жеңімпаз гранд-финалға жолдама алды. Атап айтсақ,  Ернұр Ержанұлы 10 ұпаймен І орынды иеленді. Әділет Ерсерік 9 ұпаймен ІІ орынға жайғасса, үздік үштікті 8 ұпаймен Нұрсәт Оспан қорытындылады. Ең қызығы, І және ІІІ орын жеңімпаздары бір үйдің балалары болса, екінші орын иеленген жүлдегер –  осы жеңімпаздардың жаттықтырушысы.

Енді гранд-финал 10 қараша күні Түркістан қаласында өтеді. Онда әр облыстан оза шапқан 60 ойыншы арасындағы бір жеңімпаз 5 миллион теңгені қанжығасына байлайды. Ал керуеннің жалпы жүлде қоры 16 миллион теңгені құрайды.

Қос финалистің жаттықтырушысы Әділет Ерсерік те шәкірттерімен бірге Түркістандағы бас турнирде бақ сынамақ. Бес жасынан бастап шахматты серік еткен Әділет 18 жасынан бері жаттықтырушылықпен шұғылданып келеді екен.

– Түрлі шахмат сайыстарында жүлдегер атанып, Алматыда өткен халықаралық турнирде ІІ орын иеленгем. «Ұстаздан шәкірт озар» дегендей, Ернұрым өзімді басып озып, қуанып жатырмын. Ол жақында ғана Азияда рапидтен үшінші орын алып келіп еді. Алғашқы кездері өзімді оларға әдейі ұтқызатын едім, қазір шындап ойнасам да ұтылып қалатын жағдайға жеттім. Бұл әрбір ұстаздың арманы деп ойлаймын, – деді ол.

Марапаттаудан кейін керуеннің құрметті қонағы, халықаралық деңгейдегі шахмат шебері Әсел Серікбай бір мезеттік ойын сеансын өткізді. Сеансқа алдын ала тіркелген 10 әуесқой шахматшы қатысты. Бұрыннан Қызылорда қаласындағы мектептерде бір мезеттік ойындарды ұйымдастырып жүрген Әсел «Шахмат керуені» аясындағы сеансқа туған жерінде алғаш рет атсалысып отыр.

Айтпақшы, Қазақстан шахмат федерациясының аймақтардағы интеллектуалды спорт түрін дамыту үшін қолға алған жобасына Freedom Broker компаниясы бас демеушілік жасап отыр.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<