7 мамыр күні елордадағы «Қазақ Елі» алаңында Мемлекет басшысы — Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад өтті.
Тәуелсіз Қазақстанның әскери әлеуетін әйгілеп, Жеңіс рухын биікке көтерген мерекелік салтанатқа ел өңірлерінен соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері, қорғаныс саласының белгілі өкілдері мен ғарышкерлер қатысты. Елімізге мемлекеттік сапармен келген Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам да мерекелік шерудің куәсі болды.
«Қазақпарат» келтіргендей, қазір елімізде 105 соғыс ардагері бар. Ал әскери парадқа 6 соғыс ардагері арнайы келіп қатысты.
Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстан үшін ең басты мақсат – ұлт мүддесін қорғау. Соғыстың тарихи ақиқатын, Ұлы Жеңістің мән-мағынасын қасақана бұрмалауға жол беруге болмайды. Сыртқы саясатымыз осы мақсатты қамтамасыз ету үшін жүргізіліп жатыр. Қазақ халқы – бейбіт халық. «Жаным – арымның садағасы» деген өр намысты, айбарлы ел.
Қызылорда қаласының орталық алаңы мен барлық аудан орталықтарында орнатылған LED-экрандар арқылы тұрғындар бұл тарихи сәтті тамашалады. Облыс орталығы ғана емес, аудан тұрғындары да парадты зор қызығушылықпен қарап, Жеңіс күнінің салтанатын бірге бөлісті. Әскери техникалардың шеруі, сап түзеген жауынгерлер және көк жүзіндегі авиация көріністері көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Бұл, шән мәнінде, елдік пен ерлікті дәріптейтін, өткенге тағзым жасап, бейбіт өмірдің қадірін ұғындыратын айрықша мереке болды.