Айбек Серікбаев «Сыр барысы» атанды

907

0

Кеше «Евразия» спорт кешенінде қазақ күресінен «Алтын белбеу» облыстық жарысының ақтық сыны өтті.

Онда Қызылорда, Байқоңыр және 7 ауданнан 350 спортшы 10 салмақ дәрежесінде бақ сынады. Сайысқа ұлттық дәрежедегі төрешілер Ғалым Ержанов пен Ерсұлтан Мақсұтов қазылық етті.

Дүбірлі додаға облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов, облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Мира Қазбекова, облыстық мәслихат депутаты Садық Мұстафа мен спорт жанкүйерлері қатысты.

Атап айтарлығы, Сыр елінде «Алтын белбеу» жарысы биыл он төртінші рет өтуде. Ақтық сынға ауыл мен аудандардан іріктеуден өткен сайдың тасындай мықтылар жиылған.  Ал іріктеу 4 жас ерекшелігі бойынша өткен. Олардың қатарында кіші жасөспірімдер, жасөспірімдер, жастар және ересектер бар.

Сонымен бозкілемдегі белдесуде қармақшылық Айбек Серікбаев «Сыр барысы» атанды. Екінші орынды да қармақшылық Еламан Ерғалиев еншілеп, «Сыр арланы» атағын жеңіп алды. Нұрым Сәлімгереев үшінші орынды түйіндеп, «Сыр сұңқары» атанды.

Айта кетейік, І және ІІ орын иегері Астанада өтетін «Қазақстан барысына» қатысатын болады. Айтпақшы, ол додада чемпион Мақсат Исағабылов та бақ сынайды.

Палуандар арасында І орынға 1 млн теңге, ІІ орынға 700 мың теңге, ІІІ 400 мың теңге сыйақы берілді.

Көкен АҚТАН

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<