«Айбын» шарболаттай шыңдайды

550

0

Жастардың мықты ерік-жігерін қалыптастыруда әскери-патриоттық ұйымдардың маңызы жоғары. Қару асынып, сап түзеуге даяр ұландар әскери шараларда шарболаттай шыңдала түседі. Биыл «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны 6 қазан мен 20 қараша аралығында өткізілмек. Соған байланысты өңірде облыстық іріктеу сайысы ұйымдастырылып, 5 команда бақ сынады.

Шараны ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында облыстық ішкі саясат басқармасы, білім басқармасы және облыстық қорғаныс департаменті ұйымдастырды. Жеткіншектерді әскери салаға баулитын жиынның ашылу салтанатында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің тәрбие идеологиялық және әскери патриоттық жұмыстар басқармасының бастығы, департамент бастығының орынбасары Алмат Жақыпов, облыстық «Ерлік» үйлестіру кеңесінің төрағасы, Ауған соғысының ардагері Қайраддин Баймаханов ауқымды шараның маңыздылығына тоқталып, отаншыл жастарды ел қорғаны болуға тәрбиелейтінін жеткізді.

Жалпы жиынға қала мектептерінен іріктелген 75 жас қатысты. Олар белтемірге тартылу, АК-74-ті шашу, жинау, жамылғы түріндегі жалпы әскери қорғаныс кешенді қию, тоғызқұмалақ секілді спорт түрлерінен бақ сынады. Алдағы уақытта сайыста үздік атанған жастар арасында 3 команда жасақталып, республикалық жиында облыс намысын қорғайтын болады. Айта кету керек, биыл жастар карантин талаптарына сәйкес республикалық әскери-патриоттық жиынға онлайн қатысады.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<