Мемлекет пен азаматтардың қаржылық мүддесін қорғау, сондай-ақ қылмыстың алдын алуда облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүйелі жұмыс жүргізуде. Жыл басынан департамент өндірісінде 29 қылмыстық іс тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда аз. Ал аяқталған 14 істің 13-і сотқа жолданып, мемлекет пен азаматтарға келтірілген залалдың басым бөлігі өндірілді. Сонымен қатар, қылмыстық процестерді цифрландыру жұмыстары жалғасып, істердің негізгі бөлігі электрондық форматта жүргізілген. Бұл туралы облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Руслан Сатыбалдиев айтты. Оның пікірінше, департамент қызметі тек заңбұзушылықтарды анықтаумен шектелмейді.
– Басты мақсатымыз – экономикалық және қаржылық құқықбұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру және қоғамда заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру. Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты – осы бағыттағы жұмысымыздың негізгі өзегі, – деді Руслан Сатыбалдиев.
Экономикалық қылмыстың қоғамға келтіретін залалы аз емес. Мемлекетке және азаматтарға келтірілген залал 879,9 млн теңге болған. Оның 732,1 млн теңгесі, яғни 83,2 пайызы өтелді. Соның ішінде 395,6 млн теңге кінәлі тұлғалардан нақты ақшалай өндіріліп алынған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда едәуір жоғары.
Қылмыстық процесті цифрландыру бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. Істердің 94,1 пайызы электрондық форматта тіркелсе, аяқталған істердің 85,7 пайызы электрондық форматта жүзеге асырылған. Бұл тергеу процесінің ашықтығын арттырып, іс жүргізу мерзімін оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Департамент қызметкерлері құқықтық сауаттылықты арттыруға арналған 22 профилактикалық іс-шара ұйымдастырып, оған 3 мыңнан астам тұрғын қатысты. Мектеп оқушыларымен, жоғары оқу орындарының студенттерімен өткен кездесулер барысында жасанды интеллектіні дұрыс пайдалану, ақпараттық гигиена, дропперлік, лудомания, буллинг және кибербуллинг секілді қазіргі қоғамның өзекті мәселелері талқыланды.
Профилактикалық жұмыстар мемлекеттік қызметшілер арасында да жүргізілген. Қаржы пирамидалары, дропперлік және лудоманияның алдын алу бағытында 8 іс-шара ұйымдастырылып, оған 700-ге жуық мемлекеттік қызметші қамтылған. Сонымен қатар халықпен тікелей байланыс орнатуға бағытталған көшпелі кездесулер де жалғасын тапты. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Жаңақорған, Шиелі, Жалағаш және Сырдария аудандарының тұрғындарымен кездесулер өткізілді. Аталған шараларға 500-ден астам тұрғын қатысты. Кездесуде тұрғындарға экономикалық құқықбұзушылықтардың алдын алу, қаржылық алаяқтықтан сақтану, заң талаптарын сақтау және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелері түсіндірілді. Алдағы уақытта бұл бағыттағы көшпелі кездесулерді облыстың өзге аудандарында да өткізу жоспарланып отыр.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»





