Бүгінгі күні бүкіл әлем су тапшылығын сезінуде. Сондықтан Мемлекет басшысы су саласына айрықша көңіл бөліп келеді. Оның үстіне Қазақстандағы су көздерінің 70 пайызы трансшекаралық өзендер арқылы келетіні мәлім.
«Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының негізгі қызметі – су шаруашылығы нысандарының қалыпты және қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету, жауапты кезеңде суармалы егіс алқабына арналар арқылы су жеткізіп беру. Өңірдің аграрлық саласы толығымен суармалы егіншілікке негізделген. Негізгі суару көзі – Сырдария өзенінің 1274 шақырымы біздің облыс аумағында жатыр. Суармалы егіншіліктің ерекшелігі – суару жүйесі мен ашық коллекторлық-дренаждық желіні бірлесе пайдалану қажеттілігі.
Қазір облыс бойынша 264,1 мың гектар суармалы жер бар. Оның 178,6 мың гектары инженерлік жүйеге келтірілген. Негізінен 5 ірі суармалы алқапқа шоғырланған. Атап айтқанда, Түгіскен массиві 35873 гектар, Жаңақорған-Шиелі массиві 38857, Қызылорда сол жағалауы массиві 91280, Қызылорда оң жағалау массиві 26580, Қазалы сол және оң жағалауы 29580 гектар.
Филиал меншігінде 1368 су шаруашылығы нысаны бар. Оның 2-уі су қоймасы, 1-уі бөгет, 4-уі су торабы. Сондай-ақ 6825,37 шақырым 1090 канал, 162 тік дренажды ұңғыма, 995 шақырым 21 қашыртқы, 625 шақырым 86 қорғаныс бөгеті, 1 насос станциясы, 1 су тастау құрылысы есепке алынған. Су нысандарына жылдар бойы жөндеу және қалпына келтіру жүргізілген жоқ. Салдарынан техникалық жағдайы төмендеп, каналдарда су шығыны өсіп кетті, бұл суармалы маусымда су тапшылығына әкеп соқтырады.
Айта кетерлігі, өңірге 80 пайыз су көршілес Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстаннан келеді. Осыған байланысты жыл сайын Сырдария трансшекаралық өзенінде су тапшылығы болып отыр. Бұл проблеманы шешу үшін еліміздің Су ресурстары және ирригация министрлігі үлкен жұмыс атқаруда. Айта кететін болсақ, 2024 жылдан бері каналдар жаңғыртылып келеді. Кешенді жоспарға сәйкес 26 магистральдық және шаруашылықаралық каналда қайта жаңғырту қолға алынған.
Дүниежүзілік Даму банкі қаражаты есебінен 2019 жылдан бері «Суару және дренаж жүйелерін жетілдіру» жобасының екінші кезеңі (ПУИД-1) бойынша жұмыс толық аяқталды. Мұндай ауқымды іс-шаралар республикалық меншіктегі суару және дренаж жүйелерінің техникалық жағдайын қалпына келтіруге, жақсартуға жол ашып, оларды әрі қарай пайдалану мүмкіндігін арттырды. Суармалы жердің мелиоративтік жағдайын жақсарту, өнімділігін және сапасын арттыруда оң өзгерістер бар.
Биыл егіс алқаптары аяқсумен толық қамтамасыз етілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Кіші Арал теңізін сақтап қалу және су көлемін 34 млрд текше метрге жеткізу бойынша министрлік ауқымды жұмыс жүргізуде. Бұрынғы жылдары жаз айларында Кіші Арал теңізіне секундына 5-10 текше метр су тасталатын еді. Қазір 50-60 текше метрге жетті. Ендігі кезекте көктем, күз, қыс айларында дариядағы судың басым бөлігі Арал теңізіне жіберіледі.
Жоғарыда айтып кеткендей, Дүниежүзілік банк арқылы министрлік Қызылорда қаласындағы «Қызылжарма» каналын бетондау үшін 4,1 млрд қаржы бөлді. Сол сияқты Қазалы ауданындағы қашыртқыны тазалау, насос қондырғысын қайта жаңғырту үшін 2,589 млрд теңге қаралған.
Биыл өңірге 3,2 млрд текше метр су пайдалану лимиті бөлінді. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бекітілген индикативтік жоспарына сәйкес 185,8 мың гектар егіс алқабы жоспарланған, күріш – 70 мың гектар. Жоспар бойынша «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы «Биллинг» электронды жүйесі арқылы 122,6 мың гектар егіс алқабын пайдаланатын 1027 су тұтынушымен келісімшартқа отырды. Келісімшарт талабына сәйкес Қызылорда филиалы су жеткізіп беру қызметін жүргізіп келеді.
Облыс аумағында су пайдаланушылардың егіс алқабын сумен қамтамасыз ету штаттық режимде жүргізіліп, кестеге сәйкес берілуде. Судың жылма-жыл тапшылығына байланысты филиал көптеген жұмыс атқарды, 15 магистральды және шаруашылықаралық канал механикалық тазалаудан өткізілді.
Суару науқаны аяқталғаннан кейін 2 каналға механикалық тазарту, 27 гидротехникалық құрылымды жөндеу, 17 су өлшеу бекетін қалпына келтіруді аяқтау межеленіп отыр. Бұл егіншілердің мол өнім алуына, аймақтың азық-түлік қауіпсіздігін сақтауға өз үлесін қосады.
Жорабек НҰРЫМБЕТОВ,
«Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы «Қызылордасушар»
өндірістік учаскесінің басшысы





