Айдос Олимпиадаға барады

1051

0

Сурет ашық дереккөзден

Қызылордалық балуан Айдос Сұлтанғали (60 келі) Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында өткен грек-рим күресінен Париж Олимпиадасына лицензиялық турнирде жолдамаға ие болды. Бозкілемде қарсыластарын қоғадай жапырған жерлесіміз енді төрт жылда бір келетін беделді бәсекеде ел намысын қорғайды.

Білікті мамандар лицензиялық турнирге үкілеп алып барған үздіктер арасынан Айдостың мүмкіндігі жоғары екенін айтқан еді. Талай жарыста қарсыласының жауырынын жерге тигізген жампоз бұл жолы да сыр алдыра қойған жоқ. Алдымен ол Ирак балуанын жеңіп, ширек финалға шықты. Жарыстың одан кейінгі сатысында тәжікстандық Асламжон Азизовпен кездесті. Қарсыласы да осал емес, бозкілемде талай белдесуді өткізген тәжірибелі балуан болатын. Жанкүйерлер қос мықтының арасындағы тартысты бәсекені тамашалады. Десе де Айдостың шеберлігі жоғары екені байқалып тұрды. Нәтижесінде ол қарсыласын 2:1 есебімен қапы қалдырып, жартылай финал жолдамасына қол жеткізді.

Шешуші кезеңде оған тайпейлік балуан жолыққан еді. Әбжіл қимылымен көзге түскен жерлесіміз белдесу барысында емін-еркін қимылдап, қарсыласының мысын баса түсті. Сол арқылы тайпейлік балуанды айқын басымдықпен жеңді. Осылайша жазда Франция астанасы Париж қаласында жалауын көтеретін айтулы аламанда еліміздің атынан бақ сынауға мүмкіндік алды.

Айдос Сұлтанғали 1996 жылы 7 ақпанда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Оған Виктор Юн және Ғабиден Райымбек сынды бапкерлер тәлім береді. Жастар және жасөспірімдер арасындағы түрлі бәсекелерде топ жарған жерлесіміз 2018 жылы Әлем чемпионатында қола медаль алған еді. Сол жетістігін 2022 жылы тағы бір мәрте қайталады. Сондай-ақ, оның еншісінде 2021 жылғы Азия чемпионатында алған алтын медаль бар.

– Ендігі басты бәсекеде қазақстандық жанкүйерлерді қуантатын жоғары нәтижеге қол жеткіземін деген ойдамын. Осындай жетістікке жетуіме қолдау білдірген бапкерлеріме, отбасыма, ата-анама, бауырларыма және басқа да азаматтарға үлкен алғысымды білдіремін, – деді қызылордалық балуан журналистерге берген сұхбатында.

Айта кетсек, қазірге дейін жерлестеріміз арасында бокстан Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары) алдағы Олимпиадаға жолдама алған еді. Енді олардың қатарын дзюдодан Мағжан Шамшаддин (60 келі), Абылайхан Жұбаназар (81 келі) және Нұрлыхан Шархан (100 келі) толықтыруы мүмкін.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<