Облыстық полиция департаменті қылмысқа қарсы күрес жүргізуде талапты күшейткен. Қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттырып, заманауи технологияларды енгізу арқылы полиция жұмысының сапасын жақсартты. Нәтижесінде аймақта криминогендік ахуал тұрақталды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Серік Тоқтыбаев мәлім етті.
– Былтыр қылмыс саны 10 пайызға азайды. Оның ішінде ұрлық 28,2, мал ұрлығы 48,5, пәтер ұрлығы 14,6 пайызға, ауыр және аса ауыр қылмыстардың тіркелуі де төмендеді. Жалпы қылмысты ашу көрсеткіші жақсарды.
Қазіргі таңда киберкеңістікте өте өзекті болып отырған қылмыс түрі – ғаламтордағы алаяқтық. Интернет кеңістіктегі қызмет көрсету түрлері көбейген сайын, оның айла-тәсілі де түрленіп жатыр. Олардан тұрғындарды сақтандыру мақсатында қауіпсіздік шаралары туралы түсіндірме жұмыстары кеңінен жариялануда. Заманауи технологияның көмегімен атқарылған жұмыстың нәтижесінде аталған қылмыстың 88 дерегі ашылып, 76 интернет-алаяқ құрықталды, – деді Серік Әбдімәуленұлы.
Полиция полковнигінің айтуынша, «Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған ведомствоаралық кешенді жоспарын» іске асыру аясында облыста 310 есірткі құқықбұзушылықтары анықталған. Сондай-ақ, 70 есірткі өсіру, 27 есірткі өткізу, 19 есірткі жарнамалау, 5 есірткіні аса ірі мөлшерде сақтау қылмыстарының жолы кесілді. Заңсыз айналымға жіберілмей, тәркіленген есірткі затының салмағы 1 тонна 464 келі. Одан бөлек жыл басынан бері синтетикалық есірткіні жарнамалайтын 255 сайттың жұмысы тоқтатылып, 3 фито-зертхана анықталды.
Жол қауіпсіздігі бағытында да апатқа тікелей әсер ететін құқықбұзушылықтарды анықтау күшейтілген. Соның өзінде жол-көлік оқиғалары азаймай тұр.
– Профилактикалық шараларға қарамастан, жол-көлік оқиғалары, одан дене жарақатын алғандар саны артты. Десе де қаза тапқандардың саны азайды. Адам көп шоғырланатын орындар мен білім беру ұйымдарының жанындағы жаяу жүргіншілер өткелі бақылауға алынып, кептеліс уақытында наряд қойылады. Балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуде 15 мың жасөспірім және 4 мыңнан астам ата-ананың қатысуымен дәрістер өткізілді. Тұрақты және үздіксіз жедел-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, Қызылорда қаласындағы автоматты жылдамдық өлшегіш құрылғылар 65770 әкімшілік құқықбұзушылықты, оның ішінде «Қорғау» бағдарламасы 218 құқықбұзушыны анықтады. Жол қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмыстармен күресті күшейтуге қажетті шаралар қабылдануда, – дейді департамент бастығының орынбасары.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<