Аймақтың мектеп басшыларына арналған облыстық әдістемелік семинар

164

0

Фото: ИПК

«Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалы мен Жаңақорған ауданы бойынша білім бөлімінің ұйымдастыруымен аудан орталығындағы №286 орта мектепте «Табысты білім беру ұйымының заманауи моделі» тақырыбында облыстық әдістемелік-тәжірибелік семинар өтті.

Семинар жұмысына «Өрлеу» Қызылорда филиалы директорының орынбасары Сәкен Серікбаев, филиал тренерлері Орынкүл Мыханова, Маржан Смағұлова, Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Басқарма төрағасы Самалбек Қосанов, Жаңақорған ауданы бойынша білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бекжан Есенбаев пен мектеп басшылары қатысты.

Білім беру сапасын тиімді басқарудағы басқарушылық және квалиметриялық құзыреттіліктерді дамытуға, курстан кейінгі қолдау және сүйемелдеуге бағытталған әдістемелік семинардың жұмысы «Білім беру ұйымының заманауи моделі» атты көрменің ашылу салтанатынан басталды.

Семинарға қатысушылар мектептің STEAM-лабораториясы, робототехника кабинеті, Арт-студио, онлайн және шеберлік сыныптарын өткізуге арналған телестудия мен шеберханалардың жұмысымен, ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту бағдарламасы аясында жабдықталған тірек мектебінің тыныс-тіршілігімен танысты. Семинар барысында «Жас маман мектебі» ашылып, «Тірек мектеп тынысы» журналының алғашқы нөмірі жарыққа шықты.

Білім ұйымдарының басшылары «Ашық сабақтар» алаңында география, биология, физика және ағылшын тілі пәндері бойынша ашық сабақтарға қатысты. Сонымен қатар ұрпақ тәрбиесінде ұлттық салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты, ұлттық құндылықтарды ұлықтау мақсатында ашылған бұрышта театрлық қойылым тамашаланды.

Семинардың бөлімі – фасилитациялық сессияны филиал тренері Орынкүл Мыханова жүргізді. Шара барысында пәндік нәтижелерге қол жеткізу, білім сапасын басқаруды жоспарлау, цифрлық сервистер мен цифрлық білім беру мүмкіндіктері, мектепті басқарудағы іс-әрекеттік зерттеуді қолдану бағыттарында тәжірибе алмасу болды. Сессия барысында педагогтерді аттестаттаудың жаңа ережесінің жобасы туралы ақпарат берілді. Семинар соңында үздік сабақ көрсеткен, тәжірибесімен бөліскен педагогтер «Өрлеу» Қызылорда филиалы директорының Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттарымен марапатталды.

Сыр өңірінің педагогтерін курстан кейінгі қолдау және сүйемелдеуге бағытталған шаралар алдағы уақытта жалғасын табатын болады.

«Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша
филиалының баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<