Аламанда бақ пен бап қатар шабады

1193

0

Сурет ашық дереккөзден

Қызылорда ипподромында 20 сәуірде бәйге мен көкпардан Қазақстан біріншілігінің іріктеу кезеңі өтеді. Жеңімпаздар күзде өтетін финалдық кезеңге жолдама алады. Қатысушылар құнан, тоқ және аламан бәйгеде сынға түседі.

– Ұлттық спортты ұлықтаған маңызды жобаға барлық дайындық жұмыстары жасалды. Қауіпсіздік шараларына баса назар аударылып отыр. Оған Сыр өңірінен қатысатын атсейістер өз жүйрігін баптап, үздіктер қатарынан көрінуге күш салады деген ойдамын. Әзірге жарыста бақ сынауға ниет білдірген жүйріктер тізімін нақтылап жатырмыз. Сондай-ақ көкпардан да облыс құрамасы тартысқа түсіп, аймақ намысын абыроймен қорғауға күш салады. Айта кетсек, спорттың бұл түрлерінен өңір жастары үздіктер қатарынан көрініп жүргені белгілі. Қай кезде де жанкүйер қолдауы ерекше. Жерлестерімізді ұлттық ат спорты жарысын тамашалауға шақырамыз, – деді облыстық денешынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Жігер Айекешов.

Облыстық ұлттық бәйге федерациясының президенті Талғат Киікбаевтың айтуынша, жарысқа қатысушыларды тіркеу 19 сәуірге дейін жүргізіледі. Десе де онда еліміздегі білікті атсейістер баптайтын танымал жүйріктер сынға түседі деп болжанып отыр.

– Жарыс ережесіне сәйкес, құнан 8, тоб 13, аламан 19 шақырымға созылады. Ал жүлде қорына келетін болсақ, құнан бәйгеге 2,5 млн теңге тігілсе, топ бәйгеге 4, аламанға 5 млн теңге беріледі. Жалпы жүлде қоры – 20,8 млн теңге, – деді ол.

Сыр өңірінен ұлттық ат спорты түрлерінен жарыс тұрақты түрде өткізіліп келеді. Олардың ұйымдастырылуын сала мамандары мен федерация жоғары бағалады.

– Негізінен көкпар еліміздің оңтүстік өңірлерінде кеңінен дамығанын жақсы білеміз. Қызылорда сол үздік аймақтардың қатарында екенін айта кеткеніміз абзал. Тоқсаныншы жылдарға дейін де көкпардан жарыстар ұйымдастырылды. Қазір өзге өңірлерге үлгі көрсетіп жүр. Былтыр ел біріншілігінде қызылордалық көкпаршы жастардың үздік үштіктен көрінуі – сол сөзіміздің айқын дәлелі. Биыл да жарыс тартысты өтеді деген ойдамыз. Бүгінге дейін 16 команда ұсынысын жіберді. Олардың қатарына биыл алғаш рет еліміздің Орталық әскери спорт клубының командасы қосылып отыр. Командалар алдымен топтық кезеңде шеберлік байқасады. Үздік шыққаны жарысты жалғастырып, жеңімпаздарды анықтайды. Елімізде көкпар спортынан Түркістан және Жамбыл облыстары алда келе жатқанын айта кетейік, – деді ұлттық ат спорты түрлерінің мемлекеттік жаттықтырушысы Нүркен Байбөриев.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<