«Алдаспан»: Заң мен заман тоғысы

3410

0

Жарық көрген қос кітаптың құрылымы бір-біріне ұқсамайды. Мысалы, «Алдаспан» – жазушы Алдажар Әбіловтің төл туындысы. Онда Сәдуақас Қарамановтың өмір жолы әдеби нұсқада көркем жеткізілген. Ал «Өнегелі өмір» кітабында ресми құжаттар топтастырылыпты. Мұнда тұлғаның адами және кәсіби қырын ашуға талпыныс жасалып, аймақтағы құқық қорғау саласының тарихи кезеңдері айшықталған.

– Көркем бейнені ашу үшін түрлі дереккөзді қарадым. Әсіресе, кейіпкер қызмет істеген прокуратура саласындағы мұрағатқа ерекше назар аударылды. Мұндағы қоғам мен адам арасындағы байланыс, мамандықтың мән-маңызын тұлға өмірімен сабақтастыра бейнелей білдік. Кітаптағы адами қасиет, адалдық жолы туралы ұғымдар болашақ заңгерлерге бағдар болары сөзсіз, – деді Алдажар Әбдіресүллеұлы.

Айта кетейік, Алдажар Әбіловтің «Алдаспан» атты деректі туындысы «Есею жылдары», «Майдан даласында», «Қармақшыда», «Соғыстан соң», «Сағынышты ғұмыр» атты бөлімнен тұрады. Мұнда Сәдуақас Қараманов пен жары Қатира Оспанқызының өмірі мен еңбек жолы көркем дәріптеліп, тәрбиелік мәні зор туындыға айналған.

– Сәдуақас ағам құқық қорғау саласында, кейін адвокат қызметінде жұмыс істеді. Ол кісі сот жүйесіндегі әділдікті орнату жолында еңбек еткені анық. Бұл еңбекте осы мәселе ашып көрсетіліп, қоғамға ой саларлық туындыға айналады деген сенім зор, – деді қоғам қайраткері Сайлаубай Әбішев.

Ал Алдажар Әбілов пен Минсара Сәдуақасқызы құрастырған «Өнегелі өмір» атты кітап төрт тарауды біріктірген. Еңбекке мұрағат құжаттар, фотосуреттер, естеліктер, БАҚ және кітаптарда жарияланған мақалалар топтастырылған. Бұл еңбектер әулет шежіресі ғана емес, ел тарихы мен аймаққа қатысты құнды деректерге толы.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<