Алғашқы алтын қоржында

324

0

Түркияның Изник қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік көшпенділер ойынында қазақ күресінен Марат Нығматуллаев чемпион атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Дүбірлі додада 60 келі салмақта сынға түскен қазақстандық балуан финалда моңғол балуанын жеңіп кетті.

Ол небәрі екі минутта қарсыласынан «таза жеңіс» әдісімен басым түсті.

Айта кетсек, қазақ күресінен алты салмақта жүлделер сарапқа салынады. Енді ерлерден Мақсат Исағабылов (80 келіден жоғары), Еламан Қойшыбаев (80 келі) бозкілемге шығады.

Ал әйелдерде Рауза Нұрмахаметова (55 келі), Зарина Сарипова (65 келі) және Мөлдір Азамат (65 келіден жоғары) ел намысын қорғайды.

Қазақ күресі бәсекесіне әлемнің 20-ға жуық елінен 60-тан астам балуан келген. Оның ішінде 19-ы әйелдер арасында бақ сынайды.

Сондай-ақ, бүгін қазақстандық спортшылар көкпар мен көкбөріден сайысқа түседі.

Көшпенділер ойындарына әлемнің 102 елінен 3 мыңнан астам спортшы келді. Қазақстанның атынан 50 спортшы көкпар, көкбөрү, қазақ күресі, дәстүрлі садақ ату, жамбы атудан сынға түсуде.

Еске салсақ, бұдан бұрын аталған додада Қанат Қасымхан дәстүрлі садақ атудан күміс алды.