Алматы тарихындағы зілзалалар

357

0

Фото: vernoye-almaty.kz

Дереккөз: «ҚазАқпарат»

Алматы жоғары сейсмикалық аймақта орналасқан. Жер сілкінісі қаупі қашаннан бар және табиғат апатының бұл түрі бірнеше мәрте болды да. Күні кеше Алматы уақытымен 00 сағат 09 минутта жер сілкінісі тіркелді. Жерасты дүмпуі Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 264 шақырым жерде, Қазақстен мен Қырғызстан шекарасы аумағында болды. Жер сілкінісі Алматыда 5 балл деңгейінде (MSK-64 шкаласы бойынша) сезілді

Әлихан Смайылов
Фото: primeminister.kz

Бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов мемлекеттік органдардың табиғат құбылысы кезіндегі іс-әрекетіне баға берді.

«Көргеніміздей, ТЖМ-нен бастап әкімдіктерге дейін мемлекеттік органдардың бүкіл қызметтері болған оқиғаға әрекет ете білді. Бақытымызға орай, қаза болғандар мен салмақты шығын жоқ. Бірақ зардап шеккендер бар», — деді Үкімет басшысы.

Алайда, Үкімет басшысы шұғыл жағдайда халықты құлақтандыру қызметі әлсіз болғанын сынады.

«Адамдар уақтылы ақпараттандыру мен айқын әрекет болмағандықтан байбаламға бой алдырды. Олар 2,3-қабаттан секіріп, ойсыз әрекеттерге барды. Бұл құлақтандыру жүйесі дер кезінде іске қосылмағанын, халыққа барынша ерте хабарландырулар таратып, хабарландыру керек болғанын көрсетеді», — деді Әлихан Смайылов.

жер сілкінісі
Фото: Freepik

Алматыда бірнеше рет жер сілкінісі болды

Алматыда осыған дейін жойқын жер сілкінісі 1887 жылы 9 маусымда тіркелді. «Верный сілкінісі» ретінде белгілі зілзаладан қаланың жермен-жексен болғаны туралы деректер бар. Таңғы сағат 04:35 кезінде қалада магнитудасы 7,3 балл болатын жер дүмпулері сезілген. 332 адам көз жұмды.

Верненское землетрясение
Фото: vernoye-almaty.kz

Алматы тарихындағы екінші жойқын жер сілкінісі 1911 жылдың 4 қаңтар күні болған. Сол кезде магнитудасы 8,2 балды құраған. «Кемин» жер сілкінісі деген атау берілген осы зілзала салдарынан қала ішіндегі көшелер қақ айрылып, үлкен жырықтар пайда болған.

кемин
Фото: vernoye-almaty.kz

1916 жылы 28 ақпанда шаһарда 6 баллға дейін жер сілкінісі сезілді.

1928 жылдан 1938 жылға дейінгі кезеңде Алматыда 11 жер сілкінісінің ошағы анықталды. Бұл жер сілкіністерінің кейбірі Алматыда 3-4 балға дейін болды.

1938 жылы 21 маусымда Алматыда 6 балдық екпіндегі жерасты дүмпуі тіркелді.

2011 жылы 1 мамырда осы қалада магнитудасы 4 балл болатын жерасты дүмпуі байқалды.

2014 жылы 16 тамызда таңғы сағат 3:43-те Алматы облысында 5,6 балдық жер сілкінісі болды. Еуропа-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығының мәліметіне сүйенсек (EMSC), жер сілкінісі 16 тамыз күні Алматы қаласынан 40 км шығысқа қарай, Талғар қаласынан 25 шақырым қашықтықта жергілікті уақыт бойынша 03:42:30-да тіркелген.

Бұған дейін дәл осындай қуатты жер асты дүмпуі 2011 жылы 1 мамырда болған еді. Ол жолы жер сілкінісінің қуаты 5,5 балға жеткен.

2017 жылы 9 тамызда таңғы уақытта Алматы мен Алматы облысының тұрғындары магнитудасы 4 балл болатын жер сілкінісін сезді. Мұндай жер сілкінісі соңғы рет 2013 жылы тіркелген екен.

2018 жылы 31 тамыз күні Алматыда 4 балдық дүмпу болды

Осыдан кейін Алматыда құрылыс нысандарының беріктігі тексерілді. Бұл ретте, «Алматыны паспорттау» жобасының аясында қаладағы 3 мыңнан аса ғимарат жағдайы қаралатыны хабарланды. 2017 жылы ҚазҚСҒЗИ сарапшылары 7027 нысанның жағдайын тексеріп, олардың әрқайсысына электронды паспорт берді. Құжатта көп пәтерлі үйлердің ішін қайта жоспарлау, қабырғаларды ауыстырудың нұсқаулығы жазылған.

Центр Алматы
Фото: Александр Павский/Kazinform

2023 жылы 2 сәуірде Алматыда жергілікті уақытпен сағат 16:56-да 2 балдық жер сілкінісі сезілді. Эпиорталығы Алматыдан 17 км қашықтықта, Қазақстан аумағында орналасқан. Энергетикалық санаты – 8.2. MPV магнитудасы – 3.6.

2023 жылы 1 қазанда алматылықтар жер сілкінісін сезінді. Атап айтқанда, түнгі сағат 03:30-да Алматы қаласында жер сілкінісі тіркелді. Зақым болған немесе қираған жағдай байқалған жоқ. Сейсмологиялық тәжірибе әдістемелік экспедициясы» ММ сейсмикалық станциялар желісінің дерегі бойынша, зілзала ошағы Алматы қаласынан оңтүстікке қарай 122 шақырым жерде Қырғызстан жерінде орналасқан.

2023 жылы 8 қарашада Алматыда 2 балдық жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпуінің ошағы Алматыдан оңтүстікке қарай 323 шақырым жерде, Қытай аумағында тіркелді.

Сонымен қатар 2024 жылы 23 қаңтардағы жерасты дүмпуі қалада қатты сезілгені айтылып жатыр. Ұзақ уақыт бойы шайқалған. Тұрғындар үрейленіп, үйінен көшеге, далаға шықты. 

В Алматы землетрясение. Люди вышли во дворы
Фото: Александр Павский/Kazinform
землетрясение в Алматы
Фото: кадр из видео

Алматы жоғары сейсмикалық аймақта орналасқан

Былтыр ақпан айының басында Түркия мен Сирия аумағындағы күшті жер сілкінісінің салдарынан жан түршігерлік апат болды. Осы екі елдегі мыңдаған адам құрбан болған жойқын дүмпуден кейін Қазақстанда да сейсмикалық қауіп мәселесі жиі талқыланып жатыр. Сол кезде зілзала салдарын жоюға қазақстандық құтқарушылар да жұмылдырылған еді.

Жалпы, Қазақстан да сейсмикалық тұрғыдан қауіпті мемлекеттер қатарына енген. Осыған дейін Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері Алматыда 9 балдық жер сілкінісі болса, тұрғын үйлердің 30% қирауы мүмкін екенін айтқан еді

автобусы Алматы
Фото: Александр Павский/Kazinform

Қала 27 қауіпті техногендік плитаның қосындысында орналасқан. Бұл – негізінен қаланың таулы аудандары. Өзгелеріне қарағанда барынша қауіпсіз аудан – Түрксіб ауданы. Қалғандары плиталардың қосындысында орналасқан. Бұл орындарда қауіп айтарлықтай жоғары.

Жыл сайын қаладан 80 км радиуста 200-ге дейін әлсіз жерасты дүмпулері болады. Бұл ретте магнитудасы 2-ден 4 балға дейінгі жер сілкінісі қала үшін фондық режим. Мегаполис арқылы 30-ға жуық тектоникалық жарық өтеді, оның 60 пайыздан астамы таулы аймақта орналасқан.

Алматыда 9 қабаттан биік үй салуға болмайды

Сейсмология профессоры Әлқуат Нұрмағамбетовтың айтуынша, осыдан 40 жыл бұрын 1983 жылы Сейсмология институты қаланың ең сейсмикалық қауіпті аймақтарын көрсететін Алматының бірінші ғылымға негізделген сейсмикалық микроаудандау картасын жасап шығарды. 

Алматы қаласы терең «шұңқырда» орналасқан, бұл ойық Үлкен және Кіші Алматы өзендерінен ағып жиналған шөгінді тау жыныстарынан тұрады. Бұл деген, қала аумағында құрылыс орналасқан грунт өте әлсіз, ал мұндай әлсіз грунт сілкініс күшін 1-1,5 балға дейін жоғарылатады дегенді білдіреді.

«Кейінгі кезде қаланың әр бөлігінде белсенді құрылыстар жүріп жатыр, 20 қабатты үйлер салынады, бұл деген әлсіз грунтқа салмақ түсіріп, әркелкі ауқымды деформациялар жүргізеді. Қалада салынған көпқабатты үйлер саны жылдан-жылға көбейіп жатыр, тіпті сол көпқабатты үйлер бір-бірімен иін тіресіп, былайша айтқанда «құшақтасып» тұрған орындар көп. Мұның келешекте егер апатты жер сілкінісі бола қалған жағдайда зардабы қалай болатыны айтпаса да белгілі. Жалпы алғанда, екі көпқабатты үй арасындағы қашықтық олар құлаған кезде бір-бірін басып қалмайтындай болуы керек. Құтқарушы ірі техникалар, жедел жәрдем және басқа де техника өтетіндей болуы қажет. Алматыда 9 қабаттан жоғары үй салуға болмайды. 1970 жылдан бастап салынған панельді үйлердің сапасы едәуір жоғары деп айтар едім. Міне, Алматының қысқаша сейсмикалық сипаты осындай», – дейді Әлқуат Нұрмағамбетов.

2022 жылы қала әкімі Ерболат Досаев Алматыда 9 қабаттан биік ғимарат салуға тыйым салынатынын айтқан еді. 

Былтыр ақпан айында Президентқаланың сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ұсынылған шаралар мен биылғы екінші жартыжылдықта сейсмоаудит жүргізу жоспарын мақұлдады. Бұл шаһардағы нысандардың құжаттарын жаңартуға мүмкіндік береді.

Түркиядағы жойқын зілзаладан кейін Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінде ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның кезектен тыс отырысы өтіп, онда елдегі сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Бұл тұрғыда сейсмикалық қауіпті өңірлерде құрылыс кезінде барлық нормалар мен ережелерді сақтауға қатысты жауапкершілік күшейтіледі.

ТЖМ
Фото: ҚР ТЖМ ресми сайты

Алматы әкімі Е. Досаевтың айтуынша, биыл қалада 13,2 мың нысан сейсмикалық қауіпсіздікке тексеріледі

«Осыдан кейін қажет шараларды қабылдай бастаймыз. Ең бастысы – барлық технологиялық ақауларда тұрғын үйсіз қоғамдық кеңістіктер жасауға тырысамыз. Алматының 2040 жылға дейінгі жаңа бас жоспарында бұл нормалар көзделген. Біз бұл бойынша қатаң шектеулер қойдық және ғимарат қабатын айтарлықтай төмендеттік. ҚазҚСҒЗИ талаптары бойынша 10 балдық аймақта арнайы техникалық шарттарды алып, 6 қабатқа дейін ғана салуға болады. Ақаулар аймағында да дәл солай. Сондықтан біз бұл нормаларды егжей-тегжейлі жоспарлауды түзету кезінде ескердік. Көптеген құрылыс салушылар, құрылыс компаниялары өз жобаларын өзгертіп, қабат санын айтарлықтай төмендетіп жатыр. Себебі бұл олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Біз Алматы үшін сейсмикалық қауіпсіздіктің қаншалықты маңызды екенін түсінеміз. Ерекше мәртебе және басқа да заңдар туралы заңда бұл норма Алматы үшін арнайы енгізіледі», – деп түсіндірді әкім.

Қазақстанда сейсмология тұрғысынан қауіпті өңірлер көбейді

Қазақстанның батыс өңірлері сейсмология тұрғысынан қауіпті аймаққа айналып бара жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин айтты

«Сейсмология тұрғысынан қауіпті жалғыз Алматы қаласы мен Алматы облысы ғана емес. Сонымен қатар, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарының аумағы да сейсмология жағынан қауіпті. Бұл өңірлерде қарқынды түрде мұнай өндіру жүзеге асырылған соң, жер қабатында бос орындар пайда болды. Кез келген табиғи жер сілкінісі техногендік дүмпуге ұласуы мүмкін», – деді Е. Жаңбыршин Мәжілістің Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің кеңейтілген отырысында.

 17 жылдан кейін еліміздің көп өңірі сусыз қалуы мүмкін – Еділ Жаңбыршин
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Осы орайда бұл мәселе аса маңызды екенін және мұнай-газ кен орындарын қарқынды игеру орындарында проблема болуы мүмкін екенін айтты.

«Сондықтан біздің өңірлердегі қазіргі шынайы геодинамикалық жағдайды көргіміз келеді. Себебі Түркияда болған апаттан кейін бұл тақырып өте өзекті. Мәселен, Ақтауда тұрғын үйлер салынған кезде құрылыс нормалары және ережелерінде 6 балл деңгейіндегі жүйе көрсетілген. Бұл тұрғыда арнаулы институттардағы барлық мәліметті қарастырып, тиісті деректерді жинақтауды сұраймыз. Еліміз аумағында жер қабатында болып жатқан өзгерістер қандай қауіп төндіріп тұрғанын тыңғылықты зерттеу керек», – деді депутат Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдеріне қарата айтқан сөзінде.

Зілзала кезінде не істеу керек?

Республикалық жедел-құтқару жасағының басшысы Владимир Цой алматылықтарға жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік шараларын түсіндірген болатын. 

республикалық жедел-құтқару
Фото: Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметі

Тұрғындарға мынаны ұсынар едім:

  • егер жер сілкінісі болса, негізгі ішкі қабырғаның жанына, негізгі қабырғаның бұрышына, есіктің жақтауына немесе негізгі тіреуіштің жанына тұру керек;
  • лифт пайдалануға тыйым салынады;
  • жуыну бөлмесіндегі ванна жақсы құтқарады, әсіресе шойын ванналары;
  • сейсмикалық ауданда тұратын адамдар сақтық шараларын білуі керек және «дабыл сөмкесін» дайындап қоюы қажет. Онда құжаттар, фонарь, жылы киім, ауыз су, тез бұзылмайтын азық-түлік, алғашқы медициналық көмек көрсету қобдишасы болуы керек. Владимир Цой чемоданға ысқырық салып қоюға кеңес берді.

«Адам үйінді астында қалғанда, ол бірнеше күн айғайлайды, көмекке шақырады. Бірақ бір-екі күннен кейін оның күші таусылады. Құтқарушылар оларды тез тауып алуы үшін ысқырық қажет. Түркияда адамдарды құтқарған кезде бізде арнайы құрылғылар болды. Итіміз қираған аумақта әлі тірі адамдар бар екенін көрсеткенде үйінділерді бұзып өте бастадық, құрылғымен іздеу жүргізілді. Осы құрылғылардың көмегімен адамдардың тыныс алуын, жүректері қалай соққанын естідік. Сондықтан ысқырықтың да маңызы зор», – деді ол.

Сонымен қатар, Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті жер сілкінісі кезіндегі іс-қимыл тәртібін еске салды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<