Тоғызқұмалаққа Еуропа халқының қызығушылығы мол

389

0

Сурет: wikipedia

Төл ойынымыз тоғызқұмалаққа төрткүл дүние тәнті. Қыркүйекте өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынына латвиялық тоғызқұмалақ шеберлері де қатысуға ниетті.

Карина мен Дмитрийс – 2022 жылы Түркияда өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойынының қола жүлдегерлері. Бірі болашақ сәулетші болса, екіншісі – авиациялық механиктің оқуын оқып жүрген студент. Тоғызқұмалаққа деген қызығушылық бірнеше жыл бұрын оянған. Әу баста логиканы дамыту мақсатында қолға алған ойынмен бүгінде кәсіби түрде айналысады, деп жазады qazaqstan.tv.

«2016 жылдан бастап ойнап келемін. Тоғызқұмалақтың арқасында әрбір қадамды алдын ала ойластыру, іс-әрекетті жоспарлау дағдысы қалыптасты. Қазір Дмитрийс екеуіміз 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынына дайындалып жүрміз», – деді IV дүниежүзілік көшпенділер ойынының тоғызқұмалақтан қола жүлдегері Карина Алексейева.

Төрт мың жылдық тарихы бар зияткерлік ойын сондай-ақ қарсыласты құрметтеуге және ұқыптылыққа баулиды, – дейді Латвиядағы Тоғызқұмалақ федерациясының басшысы Любовь Азимова.

«Тоғызқұмалақ еуропалықтар ойнап үйреніп қалған үстел ойындарымен салыстырғанда мүлде өзгеше. Өйткені мұнда домалақ ұсақ тасты қолға алып, моторикамен жұмыс істейсіз. Соның арқасында саусақ ұшындағы сезімталдық артады. Тасты мұқият есептеп, орын-орнына ұқыптап қоясыз. Шахмат не дойбыда ондай жоқ», – Латвиядағы тоғызқұмалақ федерациясының басшысы Любовь Азимова.

Любовь Азимова тоғызқұмалақпен 2018 жылы интернет арқылы танысқан. Көшпенділердің ежелгі ойынына тәнті болғаны соншалық, дереу зияткерлік үстел ойындары клубының балаларға арналған бағдарламасына енгізеді. Еуропа жұртшылығына кеңінен насихаттау мақсатында ойын туралы оқу құралын басып шығаруды ұйғарады. Кітапты құрастыруға тоғызқұмалақтан әлемнің екі дүркін чемпионы Лина Каримова көмектеседі. Екі жыл бұрын жарыққа шыққан «Тоғызқұмалақ негіздері» атты кітап тапсырмалармен қоса, қазақ мәдениетімен таныстыратын материалдармен қамтылған.

«Латвиядағы тоғызқұмалақтың қарыштап дамуына ықпал етіп жатқан жайттың бірі осы кітап деп білеміз. Себебі тоғызқұмалақ туралы орысша мәлімет жоқтың қасы. Сапалы оқулық шығу үшін барымызды салдық. Үш жыл уақытымызды жұмсадық. Алдағы уақытта ағылшын тіліне аударуды жоспарлап отырмыз», – тоғызқұмалақтан әлемнің екі дүркін чемпионы Лина Каримова.

Себебі Еуропада ағылшын тілінің аясы кең. Өскелең ұрпақ та өз тілімен қатар ағылшынды жетік меңгерген. Ал баланың дамуына үлкен үлес қосар зияткерлік ойынды насихаттау маңызды деп біледі Балтық еліндегі тоғызқұмалақ федерациясының басшысы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<